Жаңалықтар

Мағынасыз әндер ұлт болшағына қауіпті - зерттеу

ашық дереккөзі

Мағынасыз әндер ұлт болшағына қауіпті - зерттеу

«Әннің де естісі бар, есері бар». Кейінгі кездері қазақ эстрадасындағы әндердің мәтіні мәнсіз, мағынасыз және шұбалаңқы тілде жазылып жүр.  Ондай әндер балалардың психологиясына, ұлттық менталитетке, халықтың көзқарасына қалай әсер етеді? Сондай-ақ тіл тазалығына қаншалықты қауіпті? Бұл туралы Turkystan.kz тілшісі арнайы мамандардан сұрап, зерттеу жүргізді. Бала психологы Балжан Абдықайым шетелдік немесе мән-мағынасы жоқ жат әуендер бала психикасына, мінез-құлқына, сөйлеу тіліне айтарлықтай  зиянын тигізетінін айтты. «Көп әндер адамдардың есінде тез сақталып қалуы үшін, ішіндегі бір сөз көп қайталанады. Сәйкесінше, балалар да оңай жаттап алатындықтан, бейсаналы түрде мағынасына үңілмей әндетеді. Ал мәтіндеріндегі жағымсыз, боқауыз сөздер бала үшін қалыпты сөздерге айналуда. Мәселен, бала психикасына зиянды жағын айтайын. Ритмі жоғары әуен жүйке жүйесі енді қалыптасып жатқан балалардың ми бөліктеріне кері әсерін береді. Үнемі жоғары ритмді, дөрекі сөздерді естіп жүрген бала тез шаршағыш, зейіні тұрақсыз, бір нәрсеге елеңдеп, ересектердің айтқан сөздеріне мән бермейтін болады. Ал зейіні шашыраңқы болса, белгілі бір іс-әрекеттерді істеуде қиналады. Мәселен, мектепте мұғалімнің айтқан сөздерін түсінбей, оқу үлгерімі нашарлайды. Ми бөліктері шаршаған балалар әр түрлі іс-әрекеттерге қатысқысы келмей, бас тартуы мүмкін. Әуенді мүлдем тыңдамау керек деген қағида жоқ. Жас ерекшелігін, болмысын, өлеңдегі сөздерді ескеріп және күн сайын арнайы ойындарды ойнату арқылы тыңдатуға болады», - дейді ол. Психолог мінез-құлқына да тигізетін зардаптарын атап өтті. «Әлеуметтік желіде жағымсыз сөздер айтылған видеолар жүктеліп, оған небір пікірлер жазылады. Мұны көрген баланың ата-анасында шамамен «балам бұл сөздерді қайдан біледі? Неге дөрекі болып кеткен?» деген сұрақ туындайды. Сол сияқты әннің мәтініндегі дөрекі, негативті сөздердің көп болуы тез ашуланғыш, ренжігіш, өз эмоциясын басқара алмайтын жағдайға жеткізеді. Ал тұрпайы әуендер эмоциялық интелектіге кері ықпалы болмақ», - дейді Б. Абдықайым. Ол үнемі мән-мағынасы жоқ сөздерді тыңдап жүрген балалардың сөйлеуі кеш жүретінін ескертті. «Әндерде сөздерді тез, түсініксіз және екі үш тілді қосып айтып жатады. Бұл дыбыстарды анық айтпауына және бір емес түрлі тілдерді қосып сөйлейтін жағдайға дейін апарады. Ата-бабаларымыз ертеден балаларға бесік жырын, эпос дастандарды әндетіп айтып берді. Осы арқылы танымдық процесстерін дамытқан. Өлең тыңдаудың бала үшін пайдасы зор. Ересектер, ата-ана, педагог мамандар балаларымыздың тыңдап, айтып жүрген өлеңдеріне мән берсе саналы ұрпақ тәрбиелеп шығамыз», - деп қосты психолог. Осы маңызды мәселеге байланысты біз тағы бір психолог маманның пікірін білуді жөн көрдік. Бала психологы, логопед Айдана Арманқызы ересек те, бала да әннің айтылған сөздеріне сай әрекет жасағысы келетінін және мазмұны мотивация беруі мүмкін дейді. «Мәтіндегі бейәдеп, жағымсыз сөз немесе сөйлемдер балада агрессия тудырады. Тіпті бейнебаяндағы көріністерге де аса назар аудару керек. «Пышақтаған, жол апаты» секілді бейнелерден ыза, ашу, мазасыздық пайда болады. Ойына бірден «бұлай істеуге болады ғой», «неге мен де істеп көрмеймін» деген сигнал кетеді. Бала патриот болып өсуіне мән берген дұрыс. Сондықтан тыңдап жатқан әнінің сөзі маңызды. Тыңдап жатқанның өзінде де оның астарындағы мағынасын, я болмаса тек ересектер тыңдайтынын түсіндіру керек. Бала губка сияқты бәрін тез сіңіреді. Музыканың сөйлеуге, шығармашылық дамуға, тәрбиеге, өз-өзін ұстауға айтарлықтай ықпалы бар. Тым баяу, лирикалық және қатты шулы, рок, стиліндегі цензурасыз әндерді тыңдауға кеңес бермеймін. Керісінше, көбірек көңілді, жеңіл түрлерін ұсынар едім», - дейді ол. Бала көргенін істейді дегенге өмірден мысал келтіруге болады. Естеріңізде болса, екі ай бұрын Текелі қаласында 8 жасар бала бесінші қабаттан полиэтилен пакетін парашют қылып секірген еді. Желіде бала мультфильмнен көріп, қайталаған деп болжам айтты. Мәдениеттанушы-философ Абылайхан Қалназаров мән-мағынасыз, ессіз әндер шоғыры 2010 жылдары басталған дейді. «Бірақ ол кезде бір тілде, я қазақша, я орысша болып, өнер деп атауға болатын ұғымға сыйдырылатын. Тіпті, уақытында қатты сыналған Кенталдың «Аман бол, халқым» деп қайталанып отыратын абракадабра әні де бүгінгілермен салыстырғанда зор талғамға жауап береді. Бірақ амал жоқ. Батыс бұл шырғалаңнан әлдеқашан өтіп, өзіндік көрнекі жолын тауып кетті. Енді бұл этаптан біз секілді дамушы елдер де өтуі керек. Әрі қазіргі қазақ қоғамының да сұранысы сол болып тұрса, не істеуге болады?! Бұрынғы ән тудыратын композиторлар мен ақындар арнайы білімі бар, деңгейлі адамдар еді және өз биік деңгейіне қарай халықты сүйрейтін. Ал қазіргілер тобырдың деңгейіне түсіп, жазады. Тіптен, көшеден келген кім көрінген жазады. Өйткені еркіндік пен бәсекелестік заманы», - деді мәдениеттанушы. Оның айтуынша, қазір баршаға тең мүмкіндік берген ақпараттық технологиялар заманы. Сондықтан кеңістікте қызылды-жасылды әлем мен тик-токтық жеңіл дүниелер өтімді келеді. «Ауыр да ойлы, жоғары пафосты дүниелер зиялы аз ғана ортаны қамтиды. Бүгінгі әнші мен оған ән-күй жазушыларға аз шығын жұмсап, көп ақша табу керек және тез танылу керек. Аз санды зиялы ортадан оларға пайда жоқ. Сол себепті олар талғамды дүние тудыра алса да өз аудиториясының қалыбына сай әуендерді боратады. Әнеубіреулердің «Кірмей қала ма деп қорқамын» деп жүргені тектен-текке дейсіз бе?! Одан қалса, ақшаға өлең жазғызып немесе ән тудырғаннан гөрі өзінің ыңқыл-сыңқылын заманауи музыка ырғағына кіргізіп, айналымға қосқан тиімді», - дейді А. Қалназаров. Мәдениеттанушы бұл мәселе кино-өнер саласында да жайлап бара жатақанын атап өтті. «Бұдан қалай шығуға болады? Қазір шыға алмаймыз. Тіптен мемлекет деңгейінде айналыссақ та бұл түйткіл әзірге тарқатуға келмейді. Халық, жастар бұдан да жалығады. Сусылдаған құр әуен ол да қалады. Мәңгілік дүние болып қала алмайды. Ел бәрібір классикаға, Шәмшінің әндеріне, ескірмес құндылықтарға орала береді. Өйткені оларда адам баласын ешқашан жеріндірмейтін, қайта айналып соққан сайын жаңа сыр беріп тұратын транцеденттілік пен мән-мәйегі бар. Аман болсақ, жеңіл ән-күйдің, әнші-сәншінің әлі-ақ мыңы келіп, мыңы кететініне куә боламыз. Ең бастысы, сол арзан дүрмектің ішінде өзіміздің де арзан адамдарға айналып кетпеуіміз. Қалғанының бәрі қалпына келетін нәрсе. Мынау күннен-күнге ән әлемін ғана емес, кино-өнер әлемін кернеп бара жатқан шалақазақтық та сол қатардан. Сәл сабыр етейік!» - деп түйіндеді ол. А. Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының «Тіл тарихы және түркология» бөлімінің меңгерушісі, ф.ғ. к. Айнұр Сейітбекова тіл тазалығы тілтанушылардың міндеті болғанымен, заңдастырылмаған дүние болса тілді тұтынушы жүйесіз қолдана бермек дейді. «Тілтанушылар өлеңдердің мазмұнында өрескел, ұйқаспайтын сөйлемдерді, дыбысталуындағы қателерді көп байқайды. Орындаушының айтып жатқан әніндегі мағынасына емес, тек сыртқы формасына және әннің ритміне, темпіне ғана мән беретін жастар саны артып келеді. Осы жағдайды назарға алу керек. Айтуға, жазуға қатыстының бәрі тіл мәдениетіне байланысты. Қателер тек өлең мазмұнында емес, жарнамаларда да көп. Тіл білімі институтында осымен жұмыс істейтін бірқатар маман және арнайы бөлім бар. Бұл мәселені қанша айтып, жазғанымен нәтижесіз. Себебі елімізде ана тілімізбен қатар ресми түрде орыс тілі де қолданылып келеді. Бұл өз кезегінде тіл мәдениетіне кедергі. Ол үшін тіл мәдениетіне қатысты заң жүйесін қалыптастырған жөн. Мәтінді шамамен 60% орыс тілінен аударамыз. Өзіміз қазақша ойлап құрамаймыз. Яғни, калькаға айналып кетуде. Ол жарнама, оқулық мәтіндерінде ғана емес, өлеңдерде де осындай көрініс табуда. Қазір әндердің айтылымында ұлттық, дәстүрлі ритм жоқ. Батыс елдеріне еліктеудің зардабы бар. Тіл заңы арқылы күресуіміз керек», - дейді тіл маманы. Ол теледидардағы бағдарлама атаулары гибридті сөздерден құралып жатқанын да сынады. «Гибрид деген – бір сөзі орысша, бір сөзі ағылшынша. Я болмаса бір түбірі қазақша, бір түбірі ағылшынша немесе екеуі де ағылшынша. Оның бәрі тіл мәдениетіне кері әсерін береді. Әзірлеушілер неғұрлым ондай сөздерді көп қолданса, соғұрлым ол креативті, сәнді болып көрінетін жағдайға жеткізеді», - дейді А. Сейітбекова. Тіл маманы бізге Әзербайжан елінің тәжірибесін алу керегін айтты. «Әзербайжанда Қазақстандағыдай ана тілінің дамуына қызмет ететін және оны зерттейтін Насими атындағы Тіл білімі институты бар. Онда 1991 жылы латын әліпбиіне көшкеннен кейін, тіл тазалығы мәселесімен қызу айналысатын – мониторинг бөлімі ашылды. Бұл бөлім әзербайжан тілінің қолданыс аясын кеңейту, мемлекеттік тіл тазалығын сақтау және БАҚ, көрнекі ақпарат мәтіндерінің, ел алдында жүретін адамдардың (әртіс, әнші, қоғам қайраткерлері, журналистер, ғалымдар) әзербайжан тілі нормасына сәйкес қолданылуын, фонетикалық және грамматикалық қателердің болмауын қамтамасыз ету мақсатында құрылған. Қазіргі кезде бөлім ел президенті Гейдар Әлиевтің «Әзербайжан тілінің тазалығын сақтауды қамтамасыз ету туралы» жарлығы негізінде өз алдына дербес «Мониторинг орталығы» ретінде құрылды. Осы орталыққа ел президентінің өзі тікелей төрағалық етеді. Тіл тазалығын сақтау туралы жарлықты бұзған жеке және заңды тұлғаларға заң бойынша айыппұл салынып, тиісті әкімшілік шаралар қолданылатын болады. Біздің тарапымыздан ұсыныс: осы мәселені заңдастыру. Екінші ұсынысым, халықтың алдына шығарылатын мәтіндерді тіл зерттейтін мекемеге беріп, сараптамадан өткеннен соң жариялау керек. Сонда ғана елімізде мұндай мәселе түбімен жойылмаса да, азаяды», - деп түйіндеді.