Жаңалықтар

«AMANAT» жанындағы кеңес: Вейп – ұлт саулығына төнген қауіп

ашық дереккөзі

«AMANAT» жанындағы кеңес: Вейп – ұлт саулығына төнген қауіп

Вейп пен электронды темекінің ұлт саулығына келтіретін залалы кәдімгі темекіден асып түспесе, кем емес. Сондықтан оған болашақ ұрпақтың денсаулығы үшін заңнамалық шаралармен қарсы тұратын уақыт жетті. «AMANAT» партиясы жанындағы Білім және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің кезекті отырысына қатысушылар осындай қорытындыға келді деп хабарлады turkystan.kz. Вейп пен электронды темекінің адам денсаулығына төндіретін қаупі туралы елімізде бірнеше жылдан бері айтылып келеді. Кеңес төрағасы Жұлдыз Сүлейменова атап өткендей, партиялықтар бұған дейін де жаңа жаман әдетке қарсы күресу үшін бірқатар жүйелі іс-шара ұсынған болатын. «Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев вейп және түрлі электронды темекілерді ұлт саулығына қауіп төндіретін кесел деп атап өтті. Ол электронды темекінің бәріне қолжетімді және оның зиянсыздығы туралы түрлі жарнаманың көбейіп кеткеніне алаңдаушылық білдірді. Мемлекет басшысы осы қауіпті үрдіспен күресу үшін жүйелі және шұғыл шаралар қабылдау қажет екенін айтты. Осыған байланысты біз Денсаулық сақтау, Оқу-ағарту министрліктерінің, прокуратураның, «Атамекен» ҰКП және басқа да мекемелердің өкілдерін жинап отырмыз», - деді жиынды ашқан Ж.Сүлейменова. ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Вячеслав Дудник вейптің зияны туралы ғылыми зерттеулерге тоқталды. Сонымен қатар ол темекі индустриясының нарығы үздіксіз дамып, жаңа өнім түрлері пайда болып жатқанын, оған денсаулық сақтау жүйесі дер кезінде шаралар қабылдауы тиіс екенін атап өтті. «Жаңа тренд пайда болды. 4-ші буын вейптері тыныс алу жолдарына зақым келтіреді. Зерттеулер бұл өнімнің жоғары уыттылығын көрсетті. Мұндай тұтыну деңгейі никотинге тәуелді азаматтардың жаңа буынының пайда болуына әкелуі мүмкін», - деп атап өтті В.Дудник.