Жаңалықтар

«Алтын алқа», «Күміс алқа» орденін тағайындауда құжат талап етілмейді

ашық дереккөзі

«Алтын алқа», «Күміс алқа» орденін тағайындауда құжат талап етілмейді

Ақтөбе облысы Темір аудандық мәслихатының депутаты, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕ АҚ маманы Хурлиман Нұртуғанова «Алтын алқа» және «Күміс алқа» ордендерін тағайындау кезінде жиналатын құжаттарды цифрландыру қажет деп санайды.

Халық қалаулысы осы ойын «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумында ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусинге жеткізді.

Өз кезегінде министр қазір «Алтын алқа» статусын алған аналарға жәрдемақы автоматты түрде тағайындалатынын айтты.

«Құжат тапсырудан бас тарттық. Балаларыңыздың куәлігі АХАЖ-да тұратын болса, сол жерден алынады. Қыркүйекте біз заңнамаға өзгеріс енгіземіз, содан кейін құжаттар талап етілмейді», - деді ведомство басшысы.

Еске салсақ, осы аптада Астанада 2,5 мың мәслихат депутатының басын қосқан «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өтті.