Жаңалықтар

Мәслихат депутаты Түркістанда пантеон салуды ұсынды

ашық дереккөзі

Мәслихат депутаты Түркістанда пантеон салуды ұсынды

Түркістан облыстық мәслихатының депутаты әрі облыстың Құрметті азаматы  Қалыйма Жантөреева Түркістанда ұлт зиялылары мен түркі елдерінің қоғам қайраткерлерін жерлейтін пантеон салуды ұсынды.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2022 жылдың қыркүйек айында киелі шаһарға жасаған сапарында: «Қазақ жылнамасына алтын әріппен жазылған көптеген тұлғаларымыз осында жерленген. Былтыр қалаға Түркі әлемінің рухани астанасы деген мәртебе берілді. Бұл Түркістанды тұтас түркі жұрты ерекше қадірлейді деген сөз. Ал, біз киелі шаһарды рухани және тарихи елордамыз десек, дұрыс пайым болатынына күмәнім жоқ», -  деп қалаға ерекше баға беріп, оны қай бағытта дамыту керектігін айтқан болатын.

Біраз жылдардан бері Түркістан облысының зиялы қауым өкілдері қалаға еңбегі сіңген ұлт зиялылары мен түркі елдерінің қоғам қайраткерлерін жерлейтін пантеон салу мәселесін халықпен кездесулерде тағы да ұсыныс жасады.

Мен 29 маусым күні  Астанада өткен «AMANAT» партиясы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының республикалық бірінші форумының пленарлық отырысында Ұлттық экономика министрі Қуантыров Әлібек Сәкенұлына Түркістан қаласында пантеон салу бойынша ел аманатын  ауызша жеткізіп, депутаттық сауалымды ұсындым.

Бұл ұсыныс «AMANAT» партиясының Түркістан облыстық филиалы жанындағы мәдениет пен өнерді қолдау жөніндегі «Мирас» кеңесінде талқыланған болатын», - деді Қ. Жантөреева.

Ол мұндай «Ұлттық пантеондар» Франция, Австрия, Германия және өзге де дамыған елдерде бар екенін жеткізді.

«Жоба бойынша Түркістан - Шәуілдір тас жолы бойында пантеон салуға 50 гектар жер қарастыру қажеттігі туындауда.

Жоба жүзеге асырылған жағдайда пантеон рухани астанамыздың және түркі әлемінің үлкен символдық капиталы әрі қаржы көздерінің бірі болатыны, облысымыздың ішкі туризмінің ең тартымды орындарының біріне айналып, руханиятымыздың мызғымас діңгегіне айналатыны сөзсіз.

Егер де киелі Түркістанда пантеон салынып, оған алғашқы болып Алаш арыстарының топырағы, арманда кеткен Мұстафа Шоқайдың қабірлерінің топырағы қойылса, тарих қойнауында жатқан тәуелсіздіктің жалауын көтеруді арман еткен ұлы бабаларымыздың рухы шалқып, ұлт көсемдерінің  әлемге танымалдығы арта түсер еді», - дейді халық қалаулысы.