Жаңалықтар

Ел интернеттің игілігін көре алмай отыр – мәслихат депутаты

ашық дереккөзі

Ел интернеттің игілігін көре алмай отыр – мәслихат депутаты

Қостанай облысындағы Шилі мен Милісай ауылдарында интернет жоқ. Орталықтан 600 шақырым қашықтықта орналасқан елдімекендерде мыңға жуық халық тұрады. Олар бүкіл ел аумағында жүргізілген цифрландыру бағдарламасынан тыс қалған. Бұл туралы «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумында Қостанай облысынан келген депутат Манат Карбозов министр Бағдат Мусинге айтты.

«Жалпы алғанда, елді мекендерді 100% интернетпен қамту 2027 жылға дейін қолға алынады. Ұлттық жобаны Президент мақұлдады. Енді Үкімет қаулысына қол қойғаннан кейін жұмысты бастаймыз. 2024 жылдан бастап қаражат бөлінсе, біз барлық ауылдық елді мекендегі интернетке қолжетімділік мәселесін шешеміз», - деді Бағдат Мусин.

«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумына 3 мыңға жуық адам қатысса, олардың 2,5 мыңы – жергілікті өкілді органдардың аманаттық депутаттары.

Жиында «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда ұсынған «Әділетті Қазақстан мен Адал азамат» концепциясына ерекше назар аударды. Сондай-ақ, Форумда ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов, ҚР Мемлекеттік кеңесшісі Ерлан Қарин және өңірлерден келген мәслихат депутаттары сөз сөйледі.