«AMANAT» партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында диалог орнатты
«AMANAT» партиясы мәслихат депутаттары мен Үкімет мүшелері арасында диалог орнатты
«AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы аясында делегаттар үшін панельдік оқыту сессиялары өтті. Іс-шараның спикерлері Үкімет мүшелері – министрлер мен вице-министрлер, модераторлары Мәжіліс депутаттары болды.
Қазақстан тарихында тұңғыш рет барлық деңгейдегі мәслихаттың 2,5 мыңнан астам депутаты бас қосып, жалпы міндеттер мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылап қана қоймай, бейінді министрге, орталық мемлекеттік органның басшысына өздерін қызықтыратын кез келген сұрақты тікелей қоюға мүмкіндік алды.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев атап өткендей, әдетте мәслихат депутаттары Премьер-министрмен немесе басқа да жоғары лауазымды тұлғалармен кездесе алмайтындығын жиі айтатын. Алайда нақ осы форумдағыларға сондай мүмкіндік жасалды.
«Өздеріңіз білетіндей, өткен жылдардан бері көптеген қиын жағдай орын алды. Бұл пандемиядан басталып, логистикалық тізбектер бұзылды, сондықтан біз қазір мүлдем жаңа жағдайда жұмыс істеп жатырмыз. Әрине, біздің экономикамыздың да және көрші елдердің экономикаларының да үйренері көп. Үйреніп те жатырмыз. Енді инфляция төмендейді. Біздің мақсатымыз – оны екі есе азайту», - деді ол.
Сондай-ақ министр әкімшілік реформа және бюджеттік қатынастар мәселелеріне жеке тоқталды.
«2022 жылы жергілікті бюджеттердің кіріс базасы бірқатар төлемді жергілікті деңгейге беру есебінен 81 млрд теңгеге ұлғайтылды. Бюджеттің IV деңгейіне мынадай салықтар: заңды тұлғалар мен жеке кәсіпкерлердің мүлкіне салынатын салықтардың 50%, жекелеген қызмет түрлерімен айналысу құқығы үшін лицензиялық алым, жер үсті көздерінің су ресурстарын пайдаланғаны үшін төлем жоспарланады. Соның нәтижесінде ауыл бюджеті 3 есеге ұлғайады деп күтіліп отыр», - деді Әлібек Қуантыров.
Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсеновамен кездесуде форум делегаттары ерекше қажеттіліктері бар адамдарды шипажайларда оңалту мәселесін көтерді.
«Бюджет қаражатын шипажайлық емге жұмсаудың дұрыстығын қайта қарау керек. Мүгедектігі бар адамдар, әсіресе арбаға таңылған жандар шипажайларға кіре алмайды. Биыл мемлекет мүмкіндігі шектеулі адамдарға осы мақсатта 200 мың теңгеден астам қаражат бөліп отыр. Алайда біз шипажайға бармаймыз. Бұл қаражатты ерекше қажеттіліктері бар адамдардың өздеріне беруді ұсынамыз, өйткені қызмет ұсынушылар тиісті деңгейде қызмет көрсетпейді», – деді Атырау облыстық мәслихатының депутаты Гүлназ Қосмұрзиева.
Бұл сұраққа жауап берген Тамара Дүйсенова мәселе біртіндеп шешілетінін жеткізді.