Жаңалықтар

Былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған

ашық дереккөзі

Былтыр балаларға қатысты 2 005 қылмыс жасалған

«AMANAT» партиясы жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінің отырысы өтті. Жиында балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау, суицидтің алдын алу, олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз ету жөніндегі «Бала қорғау» кешенді жоспары талқыланды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда оқушылардың бір-біріне қысым, зорлық-зомбылық, әлімжеттік көрсетуі жиілеп кеткенін және бала тәрбиесіне қоғам болып мән беру қажет екенін айтқан еді.

Бұл ретте, Мәжіліс депутаттары, сарапшылар, құзырлы органдардың және үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері бас қосқан жиында аталған мәселеге баса мән беріліп, ондай оқиғалардың алдын алу жолдарын қарастырды.

«Жобаны жүзеге асыру кезінде шетелдік бастамаларды үлгі ете бермей, өзіміздің отандық тәжірибеге сүйенуіміз керек. Балаларды оңалту орталықтарының ғылыми, спорттық бағыттағы жоспарларын жеке-жеке саралаған жөн. Өскелең ұрпақты тәрбиелеу ісінде төл тарихымыз бен әдебиетімізді ұмыт қалдыруға болмайды», –деді халық қалаулысы.

«Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев бала психологиясы мен дамуына кері әсер тигізетін контенттер интернет кеңістігінде және әлеуметтік желілерде белең алып бара жатқанын айтты.