Думан Рамазан: «Жошы ханның» жолы болды!
Думан Рамазан: «Жошы ханның» жолы болды!
Маусымның 22-24 күндері аралығында қатарынан үш күн Астанадағы Қалибек Қуанышбаев атындағы қазақ мемлекеттік академиялық музыкалық драма театрында «Жошы хан» спектаклінің тұсаукесері өтті. Алғашқы күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі барып көріп, оң бағасын берді. Біз осы орайда «Жошы хан» тарихи драмасының авторы, талантты жазушы-драматург, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Думан Рамазанға жолығып, пьесаның жазылуы мен сахналануы жайында аз-кем әңгімелескен едік.
– Думан Әмірғалиұлы, «Жошы хан» тарихи драмасын жазуыңызға не түрткі болды? Бұл өз қалауыңыз ба, жоқ әлде, тапсырыспен жазылды ма?
– Мен тапсырыспен көркем шығарма жазбаймын. Өздеріңіз білесіздер, бұдан бұрын «Кенесары – Күнімжан», «Абылай ханның арманы», «Керей – Жәнібек» тарихи драмаларын жаздым. Олардың барлығы театр сахналарында қойылды. Енді осы хандар тақырыбын Жошы ханмен түйіндегіміз келді. Себебі Жошы хан жалпы қазақ хандарының түп атасы, ұлы бабасы.
– Жалпы, хандар тақырыбына қалай келдіңіз? Ең алдымен, осы жайында аз-кем айтып өтсеңіз?
– Алдымен қазақ халқының тәуелсіздігі үшін алып империямен жан аямай алысып, сол қасиетті жолда ғазиз басын құрбан еткен ұлы Кенесары бабам туралы жаздым. Ұлы ханның асыл сүйегін іздедім. Рухын жоқтадым. Сол асқақ рухтың қайта оралуын аңсадым. Қазақ ұлтының асқақ рухы Кенесарымен бірге құрдымға кеткендей, жоғалғандай, өшкендей көрінетін. Үш ғасыр талмай жырлаған өтірік «достықты» быт-шыт қылғым келді. Қазақтың Ресейге өз еркімен қосылмағанын дәлелдегім келді. «Ұлы» халықтың қазаққа жасаған жауыздығын, озбырлығын, зұлымдығын, қиянат-қысастығын барынша ашып көрсеткім келді. Олардың қазаққа жаны ашыған жоқ, кең-байтақ жерін тартып алып, ұлт ретінде жойып жібергісі келді. Отарлауды шоқындырудан бастады. Кенесары көтерілісінен кейін отаршылдар қазақпен байқап сөйлесу керегін түсініп, бұндай ашық зорлық-зомбылықтан еріксіз бас тартты. Жымысқылық, аярлық әрекетке көшті. Бәрібір ойындағыларын толық жүзеге асыра алмады. Кенесары бабам тірі кезінде де, тіпті о дүниеге аттанып кеткеннен кейін де «ұлы» халыққа ойындағысын толық жүзеге асыруға жол бермеді. Дегенмен сол бір асқақ рух әлсіреп, білте шамдай сығырайып, сөнуге шақ қалды. Қазақтың Құдайы бар... Қолдады... Тәуелсіздік алдық... Құдайға тәуба! Істі неден бастау керек еді?.. Абдырап қалдық. Өйткені рухымыз әбден жаншылған, жанышталған, езілген. Кенесары бабамды іздеу, жоқтау, жазу сол үшін керек болды. Қазаққа ұлы ханның асқақ рухын оралтқымыз келді. Қайсарлықты, ерлікті, батырлықты дәріптегіміз келді. Сол себептен де Абылай хан, Керей мен Жәнібек хандар туралы жаздым. Енді міне соларды осы Жошы хан туралы шығармамен түйіндеп отырмыз. Жалпы алғанда хандар тақырыбын қазақ халқының тарихы туралы баян деп түсінген абзал.
– Сөзіңіз аузыңызда, сіз жақында «қазақ хандығының тарихын Жошы ұлысынан бастау керек» деп, Президентке ашық хат жаздыңыз. Бұған қандай жауап алдыңыз?
– Әзірше ресми жауап келген жоқ. Дегенмен өткенде Президент әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева ханыммен Қаллеки театрында кездесіп, азырақ тілдесіп қалдым. «Тарихи драмаңыз жақсы шығыпты. Айтар ойы, сөздері қандай тамаша?! Біз келесі жылы Алтынорданың 800 жылдығын атап өтпекпіз. Бұл мәселені өзіңіз де көтеріп жүрсіз. Бәрін көріп-біліп, қадағалап отырмыз», – деді Аида Ғалымқызы қолымды қысып тұрып. Шынында да, келесі жылы Жошы ханның таққа отырғанына 800 жыл толады. Бұны қазақ хандығының 800 жылдығы ретінде атап өткен жөн. Сонда әділеттілік орнайды. Себебі Жошы ұлысы – протоқазақ мемлекеті, бүгінгі Қазақстан. Оны құрған қазіргі қазақ құрамындағы ру-тайпалар. Біз солардың тікелей мұрагеріміз.
– Артистердің ойынына көңіліңіз толды ма? Өздері кейіптеген тарихи тұлғалардың көркем бейнелерін өз деңгейінде шығара алды ма? Сахнадағы Шыңғыс хан (Асылбек Қапаев пен Жанқалдыбек Төленбаев) мен Жошы ханға (Қайыржан Садықов) қандай баға бересіз?
– Асылбек Қапаевтың Шыңғыс ханынан бәлендей олқылық байқамадым. Өте сәтті ойнап шықты. Жанқалдыбек Төленбаев та жақсы ойнады. Бөліп-жара алмаймын. Қайыржан Садықов Жошы ханның көркем бейнесін сәтті сомдады. Жас дарынның таудай талабы мен шеберлігіне риза болдым. Жошы сынды тарихи тұлғаның рөлін ойнау оңай емес. Әрине, әлі де ысылу, ширау, ширығу керек. Қайыржаннан болашақта мықты сахна саңлағы шығарына бек сенімдімін. Болашағы зор екен. Құлан қатынның, Бектомыштың, Шағатайдың, Үгедейдің, Төленің, Көкеш бақсының көркем бейнелері де сәтті шықты. Артистердің бәріне ризамын, алғысым шексіз. Жеке өзімнің ғана емес, қалың көрерменнің көңілінен шықты ғой деп ойлаймын. Жалпы, халық жылы қабылдады. Ең басты қуаныш та осы.
– Әрине, Жошы хан туралы тарихи шығарма жазу оңай емес. Қандай тарихи еңбектерге сүйендіңіз?
– Шыңғыс хан мен Жошы туралы жазбалардың бәрін сүзіп шықтым. Ғылыми еңбектер мен көркем шығармалардың барлығын оқыдым. Кинофильмдердің бәрін көрдім. Әрине, Шыңғыс хан туралы жазбалар өте көп, ал Жошы туралы дерек-дәйектер тым тапшы. Міне, осы жағынан сәл-пәл қиындықтар туды. Оның үстіне бұрынғыларға еш ұқсамайтын өз Шыңғыс ханым мен Жошы ханымды жасағым келді. Сондықтан да бұл шығармада айғай-сүреңге, атыс-шабысқа, соғысқа мүлде жоламадым. Негізінен, Шыңғыс хан мен Жошының адами қадір-қасиеттерін, болмыс-бітімдерін, пенделік құпия-сырларын, көзқарас қайшылықтарын көбірек көрсетуге тырыстым. Кез келген туындыда кейіпкеріңнің жан дүниесін қойма қопарғандай аша алсаң, ол міндетті түрде халықтың жанын тербеп, жүрегіне жол табады.
– «Жошы хан» тарихи драмаңызды қанша уақытта жазып біттіңіз? Басқаны қойыңызшы, өз шығармаңызға өзіңіздің көңіліңіз тола ма?
– Әрине, жазу аса қиынға соққан жоқ. Екі айда жазып шықтым. Бірақ, қалай және нені жазу керегін көп ойландым. Оқып-ізденуге де біршама уақыт кетті. Өздеріңіз де көріп-біліп отырған шығарсыздар, көпшіліктің ықылас-пейілі ғажап болды. Соған қарап жаман шығарма жазбаған шығармын деп ойладым. Әрине, ешуақытта тоқмейілсуге болмайды. Болдым-толдым дей алмаймын.
– Астана театрына ұлттық мәртебе берілді. Бұны қалай қабылдадыңыз?
– Қаллеки театрына ұлттық мәртебе берілуі «Жошы хан» тарихи драмамыздың тұсаукесерімен тұспа-тұс келуі қуантты. Бұл – тарихи оқиға. Үлкен қуаныш! Өте орынды. Қалибек Қуанышбаев театры бұл мәртебеге әбден лайық. Себебі өз басым Астана театрын еліміздің бас театры деп есептеймін. Мұнда аса дарынды, талантты сахна шеберлері көп. Жеткен жетістіктері де ауыз толтырып айтарлықтай. Қаллеки театрының ұжымына, басшы-қосшыларына, артистерге, қоюшы режиссер Болат Ұзақов мырзаға айтар алғысым шексіз! Алдағы уақыттағы еңбектеріне табыс пен жеңіс тілеймін! Еңбектері еленіп, әрдайым жұлдыздары жана берсін! Мәртебелері биіктеп, абыройлары асқақтай берсін!
– Сіз осының алдында драматургиямен қоштасатыныңыз туралы мәлімдеме жасадыңыз. Мынандай кезекті табыстан кейін, бәлкім, ойланған шығарсыз?
– Еш ойланған жоқпын. Айтылған сөз – атылған оқ. Ер-азамат емеспін бе, сөзімді қайтып алмаймын. Кеше Болат Ұзақов та: «Олай кесіп-пішіп айтпасаңшы. Тағы бір дүниеге кірісейік» деп ұсыныс жасады. Рахмет айттым. Драматургиядан неге кеткім келетінін айттым, жаздым. Оны қайталап жатпай-ақ қояйын. Жаным еркіндікті қалайды. Алла ешкімге күнімді түсірмесін деп тілеймін. Енді прозалық шығармалар жазамын. Ал проза адамға еркіндік сыйлайды. Жазасың. Жариялайсың. Жұртқа іркіліссіз, кедергісіз, бірден жетеді. Ешкімге телмеңдеп-жалтақтамайсың! Рахат! Драматургиядан кеткеніммен, бәрібір қолымнан қаламымды тастамаймын ғой.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Бауыржан БАБАЖАНҰЛЫ