Ішкі туризмде ілгерілеу бар
Ішкі туризмде ілгерілеу бар
Пандемиядан кейін ішкі туризмде серпіліс байқалғандай болды. Ел азаматтары өз елімізде саяхаттауды, отандық демалыс орындарында демалуды жиілетті. Мұны ресми деректер де растап отыр. Бірақ британдық The Economist басылымы 2023 жылы туризмдегі көрсеткіштер пандемияға дейінгі кезеңдегі көрсеткішке жете алмайды деп болжаған болатын.
Қазір еліміздегі ішкі туризмнің ахуалы қандай? Бұл саланың біз қалағандай, біз күткендей дәрежеге жетуіне қандай факторлар кедергі болып отыр?
Есе қайтару кезеңі
Туризм – табысы мол сала. Әлем елдері арасында табысының 90 пайыздан астамын осы саладан түскен қаражат қалыптастыратын мемлекеттер жетерлік. Экономикасы туризмге тәуелді мемлекеттердің қатарында Грекия, Португалия, Испания, Италия сияқты елдер де бар. Дүниежүзілік саяхат және туризм кеңесі мәліметінше (the World Travel & Tourism Council, WTTC), коронавирус пандемиясы басталмай тұрып 2019 жылы сала әлем бойынша 334 миллионнан астам адамды жұмыспен қамтыған. Жабық шекаралар мен басқа шектеулерге байланысты 2020 жылы туризмде 70 миллионнан астам жұмыс орны қысқарып, 264 миллион адам қалған. Дегенмен секторда жұмыспен қамту процесі қалпына келіп жатыр: 2022 жылы сала бүкіл әлем бойынша 295 млн-нан астам адамды жұмыспен қамтамасыз еткен. Осылайша, өткен жылы әлемдегі әрбір 11-жұмыс орны туризм және саяхат секторында болған. Салалық ұйым болжамынша, тағы да шектеулер мен жаһандық қақтығыстар болмаса, алдағы 10 жыл ішінде туризм индустриясы қарқынды өсуін жалғастырады. 2033 жылға қарай туристік сектордың әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 15,5 триллион долларға дейін артатыны, бұл әлемдік экономиканың 11,6 пайызы екені де болжаныпты. Дегенмен британдық The Economist басылымы 2023 жылы туризм пандемияға дейінгі кезеңдегі көрсеткішке жете алмайды деген болжам жасаған еді. Басылым биылғы саладағы ахуалға «есе қайтару туризмі» деген сипаттама да берген. Яғни, саяхатшылар пандемия уақытында кеткен есесін қайтарады. Әйтсе де, туризм саласының түсімі пандемияға дейінгі деңгейге жете қоймайды. Сарапшылардың айтуынша, туристердің шығындары 2019 жылғы көрсеткішке 1,4 триллион долларға тек инфляция бағаны шарықтатып жібергендіктен ғана жетеді. Ал қонақүйлер мен мейрамханаларға жұмсалатын әлемдік шығын 2023 жылы 82,7 триллион болады деген болжам бар, бұл пандемияға дейінгі, 2019 жылғы деңгейден 16 пайызға төмен. Яғни, жаһандық туризмнің ахуалы қалыпты жағдайға әлі түсе қоймайды. Соның ішінде іскерлік сапарлар төмен деңгейде қалады, өйткені онлайн кездесулер жалғасады. Осы орайда әлем туристерді қайта ынталандыру мақсатында түрлі шаралар қабылдауы мүмкін. Мәселен, Қытайдың қайта ашылуы биыл Азия бойынша туристер санын екі есеге арттыруға көмектеседі. Пандемияға дейін әлемдегі әрбір оныншы турист қытай болған. The Economist жазуынша, Франция регби бойынша әлем чемпионаты туристерді тартады деп үміттеніп отыр. Ал Сауд Арабиясында қажылық лотерея жүйесінен квотаға ауысады, бұл қажылыққа адамдарды көбірек қабылдауға мүмкіндік береді. Франция, тіпті, жаңа Сompagnie française de croisières круиздік желісін іске қосып отыр. Дүниежүзілік туристік ұйымның болжамы да The Economist сарапшыларының пікірімен үндеседі. Ұйым 2023 жылы халықаралық туристік сапарлар пандемияға дейінгі деңгейдің 80-95 пайызы ғана болуы мүмкін екенін айтады. Бұл болжамды әзірлеген кезде әлемдегі экономикалық өсімнің баяулауы, Азия-Тынық мұхиты аймағындағы жалпы жағдай және Украина мен Ресейдегі геосаяси ахуал ескеріліпті. Ал Мәдениет және спорт министрлігі өткен жылдың қорытындысына сәйкес Қазақстандағы туризм қалпына келгенін, яғни көрсеткіш пандемияға дейінгі деңгейге жеткенін мәлімдеді. Тіпті, асып та кеткен. Министрлік мәліметінше, ішкі туристер саны 25 пайызға өсіп, 8,6 миллион адамға жеткен, бұл пандемияға дейінгі деңгейден шамамен 2 миллион адамға көп. Сондай-ақ өткен жылы Қазақстанға 1 млн-ға жуық шетелдік турист келсе, биыл бұл көрсеткіш 1,4 миллион адамға дейін артады деген болжам бар. Дүниежүзілік экономикалық форумның екі жыл сайын шығаратын туризмнің жаһандық рейтингісі мемлекеттердегі туризм саласының деңгейін анықтайтын негізгі дереккөздің бірі саналады. Осы 2021 жылғы рейтингі бойынша еліміз әлемнің 117 мемлекетінің ішінде 66-орында тұр. Салыстыру үшін айтар болсақ, еліміз 2019 жылы 80-орында болған еді. Демек, ілгерілеу бар деп тұжырымдауға болады. Жақында Премьер-Министр Әлихан Смайылов Мәдениет және спорт министрлігіне 2029 жылға қарай осы рейтингінде елімізді кемінде 50-орынға шығаруды тапсырған болатын. Сонымен қатар былтыр қабылданған туризмді дамытудың тұжырымдамасына сәйкес, саланың ЖІӨ-дегі үлесі 2026 жылға қарай 8,2 пайызға жетуі керек. 2019 жылы бұл көрсеткіш 5,6 пайыз болған, ал 2014 жылы туризмнен түсетін түсім ЖІӨ-нің 0,3 пайызынан да аспайтын. Яғни, әлем елдері туризмнің тынысын ашып, пайданы еселеуге тырысып бағып жатыр. Сарапшылардың болжамы қаншалықты дәл келетінін уақыт көрсетеді. Дегенмен бізде ахуал басқаша. Пандемия, керісінше ішкі туризмді жандандыра түскендей.Ішкі туризмде ілгерілеу бар
Ұлттық статистика бюросының деректерінде 2023 жылдың I тоқсанында ішкі туристік ағын 1,3 миллион адамға жеткені көрсетілген. Бұл өткен жылғы деңгейден 19,1 пайызға жоғары (0,2 миллион адам). Қаңтар-наурыз аралығында мұндай көрсеткіш тіркелмегеніне кем дегенде 10 жыл болған. Осыған ұқсас өсім 2020 жылғы қаңтар-наурызбен салыстырғанда да байқалып отыр. Жалпы алғанда, үшжылдық кезеңнің көрсеткіші өте жоғары –1,1 миллион адам. 2021 жылы 0,9 миллион адамға дейін айтарлықтай құлдырау болған. Бұл – пандемияға байланысты шектеулер қойылған кезең. Ал 2022 жылы жағдай 1,1 миллион адамға қайтадан жеткен. Шетелге қыдыру көрсеткіші бұрынғыдай жақсы емес екені байқалады. 2023 жылдың басында 1,4 миллион адам шетел курорттарына барған, бұл 10 жыл ішіндегі I тоқсандағы ең төменгі көрсеткіштердің бірі. Елімізде қонақүйлер саны да артқан. Олардан түскен салық мөлшері де көбейіпті. 2022 жылы туристерді орналастыратын орындардың жалпы табысы 183 миллиард теңгеге жеткен, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 68 пайызға жоғары. Нәтижесінде, туристік қызметтен түсетін салық түсімдерінің рекордтық деңгейі тіркелді. Өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі еліміздегі туризм саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын әзірледі. Сонымен қатар республикалық және өңірлік деңгейдегі Туристификация карталары дайындалған. Бұған дейін саланы дамытудың 2023 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданған болатын. Одан бөлек, туризмді дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы да жұмыс істеген болатын. Үкіметтің ресми мәліметіне сүйенсек, туризм саласының инвестициялық әлеуетін дамытуға көңіл бөлініп жатыр. Мәселен, 2019 жылдан бері жалпы құны 420 млрд теңгеден асатын 360-тан астам инвестициялық жоба іске қосылыпты. Биыл 288 миллиард теңгенің 115 жобасы жүзеге асырылып отыр екен. Кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру және бизнесті қолдау мақсатында өткен жылдан бастап елімізде мемлекеттік қолдаудың жаңа 7 шарасы қолданысқа енгізіліпті. Туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша жұмыс та жалғасып жатқаны айтылған. Ішкі туризм дегенде, бірінші сыналатын осы инфрақұрылым мәселесі екені белгілі. Жыл сайын жағажайлар мен туристік зоналардың ластануына қатысты сын айтылады. Тұрғындар мен бизнес тарапынан қарапайым жағдайдың жоқтығына, жолдардың нашарлығына, туристік объектілердегі антисанитарияға шағымдар көп. Туристік маусым енді басталды, соның өзінде қызметтердің сапасы бойынша мемлекеттік органдарға 500-ден астам ресми шағымдар мен өтініштер келіп түскен. – Қазақстандық такси жүргізушісі шетелдік қонақтарды әуежайдан қонақүйге дейін 800 долларға жеткізіп салған жағдай бәрінің есінде. Қонақүйлер мен жалпы турлардың, сондай-ақ ішкі билеттердің жоғары бағаларына, туристерге қызмет көрсету уақытына қатысты шағымдар бар, – деп мәлімдепті Әлихан Смайылов. Премьер-Министрдің айтуынша, мұндай келеңсіз жайттар елдің имиджіне нұқсан келтіреді, сондықтан мемлекеттік органдар да, бизнес те осы проблемалардың бәрін шұғыл шешуі керек. Осыған байланысты Үкімет басшысы негізгі туристік орындарға баратын жолдарды жөндеу және салу жөніндегі жұмысты жеделдетуді, туристік объектілерді инженерлік инфрақұрылыммен уақытылы қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ курорттық аймақтар мен туристік объектілердің санитарлық жай-күйі мен абаттандырылуын қамтамасыз етуді тапсырған. Өткен жылы инфрақұрылымға байланысты құны 27 миллиард теңге болатын 28 жоба аяқталыпты. Оның ішінде Балқаш курорттық аймағында инженерлік коммуникациялар және Ақтау қаласының жылы жағажайына дейін автожол салынуы, сондай-ақ әуе тасымалы мүмкіндіктерін едәуір кеңейткен Үшарал және Үржар әуежайларының іске қосылуы аталған. Сонымен қатар шетелдік туристерге салықты қайтарудың әлемдік Tax free тәжірибесі енгізілгенін айтып өту керек. Туристер Қазақстанға визасыз келе алатын мемлекеттер санын кеңейту бойынша да жұмыстар жүргізіліп жатыр. – Елдердің арасындағы осындай кедергілерді алып тастау Қазақстанда туризмнің дамуына елеулі серпін береді. Мұны салық түсімдерінен көруге болады. Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласынан түскен салықтардың көлемі 390 млрд теңгені құрады. Бұл 2021 жылмен салыстырғанда 1,5 есе көп. Жалпы, Қазақстанның туристік нысандарына қызығушылық артып келеді, – деген еді Әлихан Смайылов. Дегенмен әуелде айтқан инфрақұрылым, жол сияқты негізгі мәселелер толыққанды реттелмесе, визасыз келу сияқты шаралар біз күткендей нәтиже бермесі анық. Жалпы, ресми мәліметтерде мемлекеттік бағдарламалар, қыруар қаржы, жүзеге асқан жобалар туралы мәлімет көп. Олардан нәтиже болған жоқ деуге келмейді, дегенмен, қазір ішкі туризмнің дамуына азаматтардың өз энтузиазмы мен әлеуметтік желідегі жанама жарнаманың әсері зор болып отырғанын да айтып өткен жөн. Мәселен, әлеуметтік желілердегі саяхатшы блогерлер мен қолданушылардың, фотографтар мен мобилографтардың еліміздегі көрікті жерлерін таспалап, әлеуметтік желіге жүктеуі – өз азаматтарымыздың өз еліміздегі тұмса табиғат пен ерекше құбылыстарға назар аударуына, қызығуына айтарлықтай ықпал етіп отыр. Оған қоса, қонақүй, шипажайларға қарағанда, глэмпинг, кемпинг секілді белсенді, біз үшін жаңа туризм түрлері сұранысқа ие болып, дамып келе жатқанын аңғаруға болады. Саяхатшы Базарбек Қамысбаевтың сөзінше, сала жақсы дамып келе жатыр, дегенмен әлі де атқарылуы керек шара көп.