Жаңалықтар

Қайырымдылық – қайырлы іс

ашық дереккөзі

Қайырымдылық – қайырлы іс

«Мейірімділік жүректен, мейірімсіздік бі­лектен», – дейді қазақ. Жабыққанға сүйеу, жоқ-жітікке демеу болу – халқы­мыз­­дың бойына біткен қасиет. Таби­ғаты­нан қайырымды қазақ халқы қысқа жіп күрмеуге келмейтін қысылтаяң шақта да бір-біріне көмектесіп қолдау көрсетіп отыр­ған. Бүгінде мемлекет пен қоғам өмірінде ерік­ті­лер­дің рөлі ерекше маңызды. Ерікті болу – адам­гер­шіліктің, отансүйгіштіктің айқын көрінісі. Мем­лекет басшысы Қ.Тоқаев жақында өткен во­лонтерлердің халықаралық форумында ерік­ті­лерді барынша қолдайтынын жеткізді.  – Еріктілер өнегелі істері арқы­лы қоғамды дамытуға зор үлес қо­са­ды. Жанашырлық – қазақтың қанында бар қасиет. Халқымыз қиын­дыққа тап болған адамдардан кө­мегін аямаған. Ел басына күн ту­ған қиын-қыстау сәтте «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білген. Қазақстанға жер аударылған талай эт­нос өкілдерін бауырына басып, ба­рын бөліскен, – деп атап өтті Пре­­­­зидент. 2020 жыл Қазақстанда еріктілер жылы аталып, біраз жұмыс ат­қа­рыл­ды. Қазір еліміз бойынша 680 ұйым ресми тіркелген. Еріктілер са­ны үш есеге өсіп, 200 мыңға жет­кен. Аймақтардағы фронт-офис­тер­де мыңдаған волонтер дайындықтан өткен. Бүгінде олар қоғамдағы пай­­­­далы істерге өз үлесін қосып жүр. Сондай еріктілердің бірі – Qam­qor қоғамдық қорының тө­райы­­мы әрі құрылтайшысы – Бағ­дат Анар­баева. – Менің волонтерлік жұмыспен ай­налысып келе жатқаныма 10 жыл­дан асты. Алғаш 2013 жылы әл-Фара­би атындағы ҚазҰУ-дың та­рих фа­культетіне оқуға түскеннен бастап ерік­ті болып қоғамдық жұмыстарға араласып, айналама қол ұшын беріп көмектесе бастадым. Ол кезде өзім бұл ісіме хобби ретінде қарайтын­мын. Уақыт өте келе Qamqor қоғам­дық қорын құрып ресми түрде тір­­­­кедік. Ұйымның бағыты – ата-ана қам­қорлығынан айырылған ба­ла­ларды қолдау, жалғызбасты зей­нет­керлерге көңіл бөлу, мұқтаж от­ба­сы­ларға, қиын жағдайда түскен жас­­тарға, жалпы еліміздің тұрғын­да­ры­на әлеуметтік көмек көрсету, – деді кейіпкеріміз. Еліміздегі еріктілер жылы COVID-19 вирусының әлемге кең таралуымен тұспа-тұс келді. Қа­таң карантиндік режимде жұ­мыс­сыз, аз қамтылған отбасыларға жәрдемдесу өзекті мәселеге айнал­ды. Оларға азық-түлік, гигиеналық заттар жеткізу, науқастарға дәрі-дәр­мек тасымалдау, бұқара халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізу, те­лефон қоңырауларына жауап беру, госпитальдарға келген құрал-жаб­дық­тар мен жүктерді түсіру сияқты жұмыстардың басым көпшілігін ерік­тілер атқарды. Осыдан кейін қо­ғамдағы еріктілерге деген көзқа­рас өзгеріп, қолдау көбейді. Бұрын еріктілерді еріккендер деп сырттай сөгетіндер ендігі жерде олардың қо­ғамға қажет екенін түсінді. Ерікті болу адамның тұлғасы­на, бол­мысына, мінез-құл­қы­на қалай әсер етеді деген сауалы­мызға: «Ерікті болу адамның қалып­тасуы­на оң әсерін тигізеді. Волон­тер­лік іспен айналысу – үлкен тә­жірибе. Өйткені біздің жұмысымыз әр­түрлі, жан-жақты, көпқырлы. Олар бір күні атақты жұлдыздармен өтетін концерттерде жүрсе, ертесіне Пре­зидент, министрлер қатысатын фо­румда жүреді. Келесі күні хос­пис­тарды тазалап, қарттар үйін жи­нас­тырып, сенбілік жұмыстарға шығуы мүмкін. Ерікті болу адамға әртүрлі са­лада өзін шыңдауды, өзіне керек тәжірибені алуды үйретеді. Ең бас­тысы –коммуникация. Әртүрлі са­нат­тағы адамдармен, оның ішінде жа­сы үлкен қарттармен, жастармен, ерек­шелігі бар адамдармен сөйле­суді, өзін қалай ұстауды, қалай дұ­рыс көмек көрсетуді үйренеді. Ко­ман­дада, ұжыммен жұмыс істеуді мең­гереді. Адамның психо­ло­гия­сы­ның қыр-сырларымен танысады, – деп жауап берді Бағдат. Қор биыл Түркиядағы зілзала ке­зінде еріктілердің көмегімен 52 тонна гуманитарлық көмек жіберді. Си­риядағы жер сілкінісі кезінде ерік­тілер өз басын өлімге тігіп, гу­ма­нитарлық көмегімен бірге ат­тан­ды. Сондай-ақ Екібастұз қаласы жылу­сыз қалғанда, Абай облысын­дағы өрт кезінде де гуманитарлық кө­мек жіберді. Ел басына күн туып, сын сағаты келгенде еріктілер білек сыбана іске кірісіп, аянып қал­май­ды. Бұл туралы Мемлекет басшы­сы Әділетті Қазақстанды адал азаматтар құратынын және барлық еріктілерді адал азамат деп атап өткен болатын. – Маған еріктілер мен қайы­рым­ды жандардың «кең ауқымда ой­ла, соған сай әрекет ет» деген қа­ғи­даға сүйеніп жұмыс істейтіні ұнай­ды. Шын мәнінде, ертеңгі жарқын болашаққа жету үшін біз бү­гін батыл қадамдар жасауымыз ке­рек. Бұл ұстаным экологиялық мә­дениет пен саналы тұтыну дәс­түрін қалыптастыру үшін өте өзекті. Ол үшін адамдардың сана-сезімі мен дүниетанымын өзгерту керек. Тек сонда ғана реформалардың нә­ти­жесі тұрақты әрі мәңгілік сипатқа ие болады. Тұлғаның жеке үлгі көр­се­туі және «тең – теңімен» қағида­тын ұстануы волонтерліктің негізгі қоз­ғаушы күші деп санаймын. Идея­ларды белсенді түрде тарату және қайырымдылықты насихаттау қо­ғам дамуының жауапты азамат және патриотизм ұғымдарына не­гізделген жаңа парадигмаларын қалыптастыруға ықпал етеді. Осы себепті елімізде волонтерлік қоз­ғалыстың дамуын ілгерілету үшін барынша жағдай жасалады, – деді Президент Қ.Тоқаев. Алдағы уақытта елімізде волон­терлік бағыттарды нақты көрсете­тін жаңа Жол картасы әзірленеді. Бұл – волонтерлік қозғалысқа тың сер­пін беріп, болашақ дамуын ай­қындайды. Сондай-ақ еріктілік пен қайырымдылық ісін есепке алатын жүйе енгізілмек. Волонтерлік қоз­ғалысты ұзақмерзімді грант беру арқылы ынталандыру мәселесі де өзекті болып отыр. Президент ұлт­тық және аймақтық деңгейдегі фронт-офистердің ұйымдастыру­шы­лық, техникалық және кадрлық әлеуетін күшейтуді қолға алу қажет­тігін қадап айтты. Бұл ретте еліміз­дегі еріктілер де халықаралық ын­ты­мақтастықты одан ары нығайту­ға және ілгерулетуге күш салуы маңыз­ды.