Жаңалықтар

Ерлан Қошанов: «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді

ашық дереккөзі

Ерлан Қошанов: «AMANAT» зор абырой мен орасан жауапкершілік дегенді білдіреді

Кеше «AMANAT» партиясынан сайланған барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының алғашқы республикалық форумы болып өтті. Форум жұмысына еліміздің барлық өңірінен келген 2 500-ден астам барлық деңгейдегі мәслихат де­пу­таттарымен қатар, Парламент депутаттары, Үкімет мүшелері, сарапшылық қоғамдастық өкілдері қатысты. Форум барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың реформаларын жүзеге асыру аясында өңірлерді дамыту, сондай-ақ мәслихаттардың өкілеттіктерін кеңейту мәселелері талқыланды. Жиын басында сөз алған Парламент Мәжілісінің Төрағасы, партия Төрағасы Ерлан Қошанов аталған форумның басты мақсаты халықты толғандырып жүрген өзекті мәселелерді ашық талқылау екенін баса айтты. «Елімізде үш жарым мыңға жуық мәс­ли­хат депутаты болса, соның екі жарым мыңы, яғни 75 пайызы бүгін осы залда отыр. Сондықтан мұндай басқосулар билік тар­мақтарының өзара байланысын нығай­тып, ортақ конструктивті шешімдер қабыл­дау­ға жол ашады деп сенемін. Бүгінгі Фо­рум­ның басты мақсаты – мемлекет пен қо­ғам алдында тұрған, халықты толған­ды­рып отырған өзекті де өткір мәселелерді бір­лесіп, ашық талқылау, олардың шешу жол­дарын іздеу. Бұл – уақыт талабы», – деді ол өз сөзінде. Ерлан Жақанұлы «AMANAT» дегенде ал­ды­мен ойға не оралатынын, партия атауы­ның астарында не жатқанына ерекше тоқ­талып өтті. «AMANAT» – бұл еліміздегі ең ірі, ық­пал­ды саяси күш. «AMANAT» дегеніміз – 800 мың партиялас. «AMANAT» дегеніміз – 2,5 мың мәслихат депутаттары. Бүгінгі таңда әр облыста, әр қала мен ауданда партия бө­лімшелеріміз бар. Әр елді мекенде бас­тауыш ұйым жұмыс істейді. Біз әрдайым елм­ен біргеміз. Елдің қалың ортасында жүрміз. Халықтың сенімі бізге күш береді. Сол сенімнің арқасында, өткен сайлауда Мә­жілісте де, мәслихаттарда да басым дауыс­қа ие болдық. Премьер-Министрдің кан­дидатурасын ұсындық. Министрлерді та­ғайындадық. Мәслихаттағы фракция­ларымыз облыстар мен мегаполистердің әкімдерін тағайындады. Бір сөзбен айтқан­да, «AMANAT» зор абырой мен орасан жауап­кершілік дегенді білдіреді», – деп атап өтті. Сондай-ақ ол алдағы уақытта Мәжіліс пен мәслихаттардың пәрменді жұмыс іс­теуіне септігін тигізетін үш қағидатты ай­рық­ша атап өтті. «Біріншіден, Мәжіліс фракциясындағы заң жобалары міндетті түрде өңірлік фрак­цияларда талқылануы қажет. Екіншіден, өңірдегі депутаттар өзекті мә­се­лелерді жиі көтереді. Сондықтан, біз мәслихат депутаттарын Мәжілістегі жұмыс топтарына, партиялық алаңдар мен жобаларға белсенді түрде тар­тып жатырмыз. Бұл тәжірибе жалғасады. Үшіншіден, форумға дайындық кезінде арнайы сауалнамалар жүргіздік. Онда Мә­жілістің, қоғамдық кеңестер мен фракция­лар­дың қатысуымен Орталық аппаратта та­ғылымдамалар ұйымдастыру мәселесі жиі көтерілді. Жақсы үрдіс, бұны мен қол­дай­мын. Партиялық менеджмент акаде­мия­сына осы жұмысты жедел қолға алуды тапсырамын», – деді Е.Қошанов. Партия Төрағасы аманаттықтардың қойыл­ған талап, жүктелген міндет биігінен кө­рінуі маңызды екенін еске салды. «Баршамызды бір миссия – мемлекет пен халыққа адал, риясыз қызмет ету мис­сиясы біріктіреді. Бүгінгі жиынның сим­во­лы ретінде Қазақстанның туы бейнеленген депутаттық төсбелгіні бекерге алып отыр­ған жоқпыз. Мұның мағынасы кең. Өткен жылы партияның съезінде Мемлекет бас­шы­сы: «Мәслихат депутатының төсбелгісі оны халық сайлағанын білдіреді және де­путат тек халықтың мүддесі үшін қызмет етуі керек» деген еді. Сондықтан бізге қойы­латын талап та аса жоғары болатынын естен шығармайық. Сайлаушылар басқа­лар­ға кешіргенді бізге кешірмейді», – деді Е.Қошанов. Сөз соңында партия Төрағасы фрак­ция­ның ішінде біртұтас ұстаным қалыптас­тыру маңызды екенін баса айтып, кез кел­ген ше­шім нұсқау арқылы емес, ортақ ке­лі­сім­мен қабылдануы шарт екенін жеткізді. «Тағы да қайталап айтайын: Біз – бір командамыз! Партиялық тізіммен және бір мандатты округтен сайланған депутаттардың құ­зы­ре­ті де, жауапкершілігі де бірдей. Бір ман­дат­ты депутаттар халықтың сенімімен, пар­тияның қолдауымен сайланған. Сон­дықтан, партия сіздерді жалғыз қал­дыр­майды. Бұған дейін де қолдап келгенбіз және қолдай береміз. Өйткені әр депутат­тың уәдесі – партияның да уәдесі. «AMANAT» жауап­кершілікті әр депу­татпен бірге бөліседі», – деді партия Төрағасы. Шағангүл Жанаева, Абай облысы мәслихатының депутаты:

Ауылға жас мамандарды тартуды шұғыл жолға қоюды ұсынамын

– Жасыратыны жоқ, қазір ауылда ма­ман­­дар жетіспейді. Өзім колледжде сту­дент жастармен жұмыс жасайтындықтан, жас­тар­дың жағдайын жақсы білемін. Оқу бітір­ген соң ауылға барайын десе не жұ­мы­сы, не үйі, не күйі жоқ. Сондықтан жас­­тар ауылдан қашады. Ауылға жас ма­ман­дарды тартуды шұғыл жолға қоюды ұсынамын. Қазірдің өзінде Абай облысы «Ауыл аманаты» жобасы аясында 2 мыңнан астам ауыл жастарына өз ісін бастау үшін шағын несие беру мүм­кіндігін қарастырып жатыр. «Дипломмен ауылға» жобасы шеңберінде жас мамандарға тұр­ғын үй сатып алу немесе салу үшін 600 адам­ға несие беру жоспарда бар. Осы мә­селелерді жастарға айтқанда, олардың кө­­зінен үл­кен қызығушылық пен зор үміт барын бай­қадым. Жастарға арналған бағ­дарла­ма­ларды жан-жақты түсіндіріп, олар­­ды кәсіпке ынталандыру – біздің ор­­тақ мін­детіміз. Асқар Ноғаев, Жаңаөзен қалалық мәслихатының депутаты:Ерлан Саиров, Мәжіліс депутаты:

Протекционизм бүгінгі күрделі заманда азаматтардың мемлекетке деген сенімін коррозияға ұшырататын ең басты залал!

– Бүгінгідей аумалы-төкпелі заманда ұлт болып сақталып, халық болып қарыш­тау­дың бір-ақ жолы бар. Ол ұлттық бірлік, мем­лекеттік ынтымақ, өзара ықпалдастық. Қа­зақ «Не ексең, соны орасың» дейді. Біз сая­си аренада протекционизмге, өзіңнің жақын-жақпайыңды, ауылдасыңды, ру­ла­сыңды лауазымға тықпалауға жол бер­меуі­міз керек! Протекционизм бүгінгі күрделі за­манда азаматтардың мемлекетке деген се­німін коррозияға ұшырататын ең басты за­лал! Сондықтан «AMANAT» партиясының де­путаттары өздерінің игі істерімен, ұла­ғат­ты ойларымен, нақты қадамдарымен ха­лыққа үлгі болып, жаңа тұрпаттағы саяси мәдениетті қалыптастырудың эта­ло­нына айналуы керек. Барлығымыз мем­ле­кет­шіл, әділетшіл болсақ, ұлтымыздың ру­хани әлемі де арайланып, халқымыздың мерейі үстем болары анық! Қосшы қалалық мәслихатының депутаты:

Бұл форум дер кезінде жасалған іс-шара болды

– Кеше бірінші рет ұйымдастырылған бар­лық деңгейдегі мәслихат депутат­та­рының алғашқы республикалық форумы­нан ерекше әсер алдым. Бұл жиынға Үкімет бас­шысының қатысуы партияның қоғам­да­ғы беделі жоғары, ықпалы зор екенін аңғартады. Одан бөлек, форум барысында мәс­лихат депутаттарының жұмысын жүйе­лендіруге бағытталған көптеген ұсыныс пен нұсқаулықтар айтылды. Арнайы біз, де­путаттар үшін әзірленген нұсқаулық кі­тапшасы таратылды. Сонымен қатар, де­пу­таттарды алаңдатқан түрлі сауалдарға Ми­нистрлік өкілдері мен құзырлы орган­дар, жалпы айтқанда әр саланың мен деген мықтылары жауап берді. Керемет пікір ал­масу болды. Бұл саяси іс-шара жаңадан төсбелгі тақ­қан депутаттарға халық алдында жауап­кершілігі мол екенін сезіндірді, оларға тың серпіліс берді десем артық айтпаймын. Мәс­лихат депутаттарының басы бірінші рет қосылып отырғандықтан, форумның бе­рері мол екені анық. Мұндай игі іс-шара ары қарай да жалғасын тапса екен деген ние­тімізді білдірдік. Себебі партия Төра­ғасы Ерлан Қошанов біліктілікті арттыру, білімін жетілдіруге бағытталған тренинг­терді жедел түрде қолға алатынын тілге тиек етті. Сондықтан бұл форум дер кезін­де жасалған іс-шара болды. Форум болардың алдында өзімізді тол­ғандырған сауалдарды онлайн түрде жол­да­ған болатынбыз. Ұйымдастырушылар сол сауалдарымызға байланысты бізді түр­­­лі панельдік сессияға бөлді. Мен ғылым және білім, оқу-ағарту мәселелері талқы­лан­ған панельдік сессияға қатыстым. Сес­сия­ға қатысқан Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек қойылған барлық сұраққа егжей-тегжейлі жауап берді. Министрдің бұл форумға тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Өзі бас­қарып отырған салада болып жатқан көптеген өзгеріс, жаңашылдық, ашылатын жаңа оқу орындар, жаңа мамандар, сондай-ақ ауылды жерлердегі мамандарды жұ­мылд­ыру секілді мәселелерді тарқатып айт­қан кезде министрліктің өте белсенді әрі тиімді жұмыс жасап жатқанына көзіміз жет­ті. Партияластарымыз көкейінде жүр­ген өз сауалдарын қойғысы келіп, Ми­нистр­ді соңғы минутқа дейін жібергісі келмеді. Сондықтан мұндай форумдар жал­­ғасын тапса екен деген тілегіміз бар.