Ұлттың рухани тұтастығы – мемлекет дамуының кепілдігі
Көзқарас бірлігі, елдің рухани тұтастығы оның өз жолымен дамуына әсер ететін бірден бір фактор. Өйткені ұлттық болмыс дегеннің өзі ең алдымен рухани тұтастықтықтан туындайды. Халықты біріктіретін тіл, салт-дәстүр, мәдениет, тарих ұғымдары ұлтты өзгелерден ерекшелендіріп, сол арқылы ұлттық кодты жасайды.
Әрине, қай ұлт, қай мемлекет болса да жалпыадамзаттық дамудан шет қалмақ емес, алайда қандай тарихи үдерісте де оның өз жолынан ауытқымай, ұлт ретінде сақталып қалуына әсер ететін басты құндылық – ұлттық болмыс екені адамзат қоғамында әбден дәлелденген.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістандағы Ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде еліміздің саяси, рухани тұрғыда дамуына қатысты сегіз мәселенің басын ашып, «Ұлттық бірегейлігімізді нығайтып, еліміздің жаңа құндылықтарын орнықтыру үшін жүйелі жұмыс жасалуға тиіс» екенін атап көрсетті. Сондықтан біз бұл орайда еліміздің рухани, мәдени, саяси мәселелеріне атсалысамын деген әр азамат Мемлекет басшысы айтқан сегіз мәселе туралы өз пікірімізді айтып, ойымызды білдіруі керек.
Алғашқы мәселе мемлекеттік нышандарды жетілдіру жайында.
Ұлттық бренд мәселесі бізде әлі толық бір жүйеге түспей жүргені белгілі. Яғни, кез келген орден-медальдардың жасалуы мен аймақтардың және қалалардың таңбасын бірыңғай үлгіге түсіру өте маңызды нәрсе. Ол бізде әлі ретке келтірілмей, ала-құлалықтар көрініп қалады. Негізінде олардың бәріне тән ортақ мазмұн мен пішін болуы тиіс. Бұл ретте Мемлекет басшысының «Аймақтық нышандарды әзірлеу және бекіту тәртібін барлық өңірге бірдей етіп, ретке келтірген жөн» деген сөзі басты ұстанымға айналуы қажет. Сондай-ақ Президентіміздің «мемлекеттік марапаттар жүйесін халықтың жанына жақын әрі түсінікті етіп жасау қажет» деуі құптарлық іс.
Сондай-ақ Қазақстан Президентінің әл-Фараби, Абай, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы сыйлықтар бар. Мұндай ұстаным ұлы тұлғаларымыздың есімін ел жадында сақтау үшін қажет.
Қолданыстағы кейбір ордендерді халқымыздың біртуар перзенттерінің есімімен атау мәселесін ойластыру қажет. Мысалы, «Бейбарыс Сұлтан және басқа да тарихи тұлғалар атындағы орденнің иегері атану кім-кімге де зор мәртебе болар еді» деуінде үлкен мән жатыр. Әлемнің кез келген елінің басты наградасы сол елдің тарихында басты тұлғалардың атымен аталады. Бізде де елдің тұтастығы мен дамуына зор еңбек сіңірген азаматтарды марапаттайтын ордендердің қатарында қазақ хандығын құрған тұлғалардың атындағы марапаттар болса қандай жақсы? Мәселен, Кенесары хан атындағы «Азаттық» ордені, қазақ мемлекетін сақтау жолында жанқиярлық ерлік үлгісін көрсеткен түрлі батырларымыздың аты берілген әскери орден-медальдармен Қарулы күштер қатарында қызмет етіп, жетістікке жеткен әскерилерді марапаттап жатсақ, ол тарихи жадты тірілтіп, тарихи тұлғаларымызды мадақтау тұрғысынан үлкен іс болар еді. Сол сияқты мемлекеттік сыйлықтар да қазақ тарихында орны бар тұлғалардың атымен аталғаны жөн. Қазір бізде ғылым саласында әл-Фараби атындағы, әдебиет пен өнерде Абай атындағы мемлекеттік сыйлық бар. Енді осылардың қатарында қазақ өнері үшін Құрманғазы, спорт саласы үшін Қажымұқан атындағы мемлекеттік сыйлық белгіленсе, нұр үстіне нұр. Әр саланың үздіктері өз саласындағы үлкен тұлғалардың атындағы марапатқа қол жеткізу рухани тұрғыда үлкен қолдау болатыны сөзсіз.
«Ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртуға» келетін болсақ, мұнда Мемлекет басшысы «Қазақстанның академиялық үлгідегі жаңа тарихын жазу», «Еліміздің бірегей тарихи мұрасын жүйелі зерттеумен айналысатын басты ғылыми мекеме − Археология институтына барынша жағдай жасау», «ономастика саласын дамыту» мәселелерін атап көрсеткен. Шынында мұның бәрі қазір мемлекет тарапынан қолға алынуы тиіс мәселелер.
Жазба тарихи деректеріміз толық әрі анық болмағандықтан, бүгінгі қазақ мемлекеті тұрған аумақтың тарихи біртұтастығы туралы ғылыми ортақ тұжырым қалыптасып, әлемдік қауымдастық деңгейіндегі ғылыми ортада талассыз мойындала қойған жоқ. Әлі күнге ғылыми ортада қазақ тарихы туралы түрлі кереғар пікірлердің бой көрсетіп, қазақ тарихы туралы тұжырымдардың бірізге түспей келе жатуы академиялық деңгейде қазақ ұлты мен мемлекеттілігінің тарихының жазылмауынан. Сондықтан оны дамыта отырып, еліміздің шынайы, әділетті академиялық үлгіде тарихы жазылуы зор маңызға ие. Ұлттың, мемлекеттің ғылыми тұрғыдағы талас тудырмайтын тарихы керек, сонда ғана әлемдік қауымдастықта қазақ халқы, Қазақстан мемлекетінің мерейі үстем, беделі зор болмақ.
Бізде белгілі дәрежеде дау-дамайға айналып жататын саланың бірі – ономастика. Әлі күнге үлкен қалаларда кеңестік идеология әсерімен қойылған көше аттары көп. Бұл жайында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кейбір адамдардың қалауымен жалған өмірбаяны әдейі қолдан жазылған Кеңес дәуірінің қайраткерлері бар. Ондай жасанды тұлғалардың есімін түрлі нысандарға беруді доғару қажет. Жалпы, ономастика саласын тәртіпке келтірген жөн. Бұл шаруа кешенді және дәйекті түрде бір орталықтан атқарылуға тиіс. Ономастика бұл – ата-бабаларымызға байланысты я белгілі тұлғалардың туысқандарының ісі емес. Бұл – мемлекеттің шаруасы. Осы саладағы барлық рәсімдерді іс жүзінде реттеу маңызды. Онда аймақтардың ерекшелігімен қатар, жалпыұлттық басымдықтар да ескерілуі керек» деген ойы құптарлық тұжырым. Ендеше, санада деколонизация жүрмесе, яғни бүгінгі тәуелсіз қазақ мемлекетінде сол мемлекетті құруға зор еңбек сіңірген тұлғалар әспеттеліп, көше, мектеп, т.б. мәдени, саяси мекемелерге лайықты тұлғалардың аттары берілуі дұрыс болар еді. Бұл тарихи жадты қалпына келтіру жолында әділетті қадам екені талас тудырмаса керек.
Президенттің айтқан үшінші мәселесі «Мәдени мұрамызды жан-жақты дәріптеу қажеттілігі» жайында. Онда Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне кесенеге ұлттық мәдени-тарихи ескерткіш мәртебесін беру, ислам әлеміндегі орны бар Қожа Ахмет Ясауи еңбектерін жан-жақты зерттеп, «Ясауитану» ғылыми орталығын немесе институтын құру; рухани құндылығы жоғары, адамзаттық асыл қазына атануға лайық мұраларымызды ЮНЕСКО тізіміне енгізу, ұлттық брендіміздің бірі ретінде көшпенділер ойындарын дамыту секілді маңызды саяси, рухани мәселелер айтылған. Мұны Қасым-Жомарт Тоқаев «Елімізді жаңғырту үшін «жұмсақ күштің» мүмкіндіктерін тиімді пайдалану ретінде қарайды. Бұл өз ретінде маңызды тұжырым.
Мемлекетті танытатын осындай мұраларды дәріптеу маңызды мәселе екені талас тудырмайды. Сондықтан әлем халқына белгілі Қожа Ахмет Ясауи секілді ірі тұлғаны жан-жақты таныстыру арқылы қазақ еліндегі ислам мәдениеті қосылған өлшеусіз зор үлесті танытуға болады. Қазақ халқының материалдық және материалдық емес мұраларын ұлттық бренд есебінде ЮНЕСКО тізіміне кіргізу өте маңызды. Әйтпесе, кей жағдайда түбі бір түркітектес халықтар мәдениетіне жақын кейбір мұраларымыздан айрылып қалу қаупі де жоқ емес.
Ұлы даланың байырғы тұрғындарының ұрпағы болғандығымыздан көшпенділер мәдениетінің нағыз мұрагері қазақ халқы екенін шегелей түсу керек. Сондықтан да Көшпенділер ойындарын дамыту, оны әлемдік дәрежеде насихаттау да біз үшін имидждік істің бірі.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Президент: «Өскелең ұрпақтың тәрбиесі – өте маңызды мәселе» екенін баса атап өтті. Онда мемлекеттің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың тәрбиесі мен біліміне байланысты болатыны айтылған. «Ұлттың жаңа болмысы білім, ғылым және мәдениет саласын дамыту арқылы қалыптасатынын» айтқан Мемлекет басшысы бүгінгі ұрпақтың бойында патриоттық қасиетті сіңіру үшін олардың тәрбиесінің маңызды екенін, сондықтан оларды қатыгездікті насихаттайтын нәрселерден аулақ ұстау, экологиялық білім беру, іскерлікке үндеу, еріктілікке, еңбекқорлыққа баулу, қоқыс ақпараттардан сақтандыру, сонымен бірге жастардың құқықтық сауатын арттыру да жайында айтты.
Шынын айтқанда бүгінгі жастарға мемлекеттік идеологияны жеткізе алмай жатырмыз. Мектепте білім берілгенімен, тәрбие жағы ақсап жатқан секілді. Балаларға ата-ана, мектеп тәрбиесінен гөрі интернетте көрген-білгендері көбірек әсер етеді. Өмірді терең танып-түсінбеген жас ұрпақ танымы бекіп, талғамы қалыптаспай жатқан кезде көрген-білгенін шындық ретінде қабылдап, соған еліктеуі заңды. Сондықтан жас ұрпақтың тәрбиесін, танымын мектептің ғана мойнына артып қоймай, онымен күллі ұлт болып айналыспасақ, жақсы нәтижеге жете алмаймыз.
Адам өміріндегі еңбек пен мәдениеттің, ғылым мен спорттың, әдебиет пен өнердің, әскерлік пен көшбасшылықтың орнының маңызды екенін, әсері мен пайдасын жас ұрпақтың санасына біртіндеп сіңіру арқылы оларды жаман әдеттер мен жат идеологиялардан сақтандыруға болады.
Президент атап көрсеткен бесінші мәселе − «Ақпарат саясатының тиімділігін арттыру, креативті индустрияны дамыту».
Қазіргі ақпараттар тасқынында еліміздің ақпарат кеңістігінде секунд сайын жарияланып жатқан жүздеген, мыңдаған материалдардың ақ-қарасын анықтап, шындығын білудің өзі оңай емес. Оның ішінде фейк (жалған) ақпараттар өріп жүреді. Бұл елді адастыратын, белгілі бір мәселеде нақты шындықтың қайсы екенін айырып алу қиын. Оған сайттарда жарияланып жатқан мақалалар мен қаптаған әлеуметтік желіде шығып жататын жазбаларды қоссаңыз ақпараттарды қорытып, керегін алудың өзі үлкен мәселеге айналып барады. Сондай кезде нақты ақпарат қайнарларының, кітаптың маңызы арта береді. Бұл, әсіресе, жас ұрпақ үшін маңызды. Сондықтан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұл орайда «Масс-медиа – елімізді жаңғырту ісіне ерекше ықпал ететін сала. Сондай-ақ билік пен қоғам арасындағы пәрменді байланыс құралы. Ақпарат құралдарында түрлі көзқарастар тоғысады. Оны қоғам тынысының барометрі деуге болады. Осы саладағы өзекті мәселелерді шешу үшін ақпарат саясатын түбегейлі қайта қарау қажет» деген пікірі өте маңызды.
Президент бұл орайда кино мен кітап мәселесін алдыңғы орынға қояды. Халыққа керек кітаптар мен киноларды шығару және оны жүзеге асыруда нағыз кәсіби мамандардың ісіне сүйену керегін де ескертеді.
Расында, бүгінде кітап жазғыштар мен кино шығарғыштар көп. Тек солардың пайдалысын халыққа ұсынсақ, әлеуметтік желілерде ұлттық болмысты насихаттауға белсенді болсақ оның пайдасы көп болмақ. Себебі бәрін де ұлттық идеологияны насихаттайтын құралға айналдыруға болады деген ойға саяды Президенттің пікірі. Бұл орайда Мемлекет басшысының «Қазір батыс елдерінде «анти-инфлюенсер» деген қозғалыс бірте-бірте қалыптасып жатыр. Бұл қозғалыс интернет басылымдар арқылы азаматтарға, жастарға тарайтын барлық ақпаратқа, деректерге, әсіресе, жалған мағлұматтарға зор күмәнмен қарайды, яғни адамдардың санасын жаулап жатқан, тіпті, оларға имандай сенуге болатын идеология секілді құбылыстарды жоққа шығарады. Біздің елімізде де жалған ақпарат тарататын басылым-сымақтар бар. Бұл – құпия емес. Олардың артында нақты қалталы адамдар, тіпті, ықпалды елдер бар. Ал жаңа қозғалыстың негізгі мақсаты – дәстүрлі құндылықтарды дәріптеу, ең алдымен, бұл әдебиеттегі, сондай-ақ ақпарат саласындағы дәстүрді сақтау. Сондықтан біз де әлемде болып жатқан осы жаңа үрдіске назар аударғанымыз жөн. Бұл үрдістер бүгінде түрлі ақпаратпен идеологиялық тұрғыдан уланып жатқан қоғамды сауықтыратын күшке айналуы әбден мүмкін» деген пікірі есімізден шықпауға тиіс маңызды сөз болса керек.
«Мемлекеттік саясатта талдау, сараптама жасау қызметі сапалы жүргізілуге тиіс». Бұл Президентіміздің ұлттық құрылтайда сөйлеген сөзінде назар аударған алтыншы мәселе. Мұнда «тұрақтылық пен тыныштықтың, өсіп-өркендеудің кепілі − «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мән-маңызы жайында айтылған. Мемлекет саясаты әрқашан қоғамның ой-пікірімен жеткілікті түрде таныса отырып, елдің пікірін есепке алу, қоғамда орны бар азаматтардың ұсыныстарымен санасу жайында пікір білдіреді. Бұл орайда Президенттің «Бізге сараптау-талдау қызметін тиімді жүргізетін мықты орталықтар желісі қажет. Бұл құрылымдар сапалы әрі сұранысқа ие интеллектуалды өнім ұсынуға тиіс. Еліміз идеологиялық дербестігін сақтау үшін мұның айрықша мән-маңызы бар. Сараптама орталықтары еліміз егемендік кезеңінде жүріп өткен жолдың әр бағытын зерттеуге тиіс. Кемшіліктердің себеп-салдарын анықтау қажет. Үкімет жаңа жоспар жасағанда осы факторлар ескерілуі керек. Ғылым мен зерттеуге негізделген саясат табысты болады» деуі мемлекеттің талдау, сараптау ісіне баса назар аударып, қоғамдағы үдерістердің қыр-сырын зерттеуі стратегиялық маңызы бар бағдарламаларды қабылдау кезінде аса маңызды фактор болатынын тұжырымдайды.
Расында, бұрында түрлі бағдарламаларды қабылдау кезінде халқымыздың өмір сүру ерекшелігі ескеріле бермей, өзге елдердегі түрлі тәжірибелерді орынсыз енгізулер болмай қалған жоқ. Ондай тәжірибеден өтпеген елдің өмір сүру деңгейі мен табиғатына үйлеспейтін шешімдердің кері әсері болмай қалмайды. Сондықтан Мемлекет басшысының бұл орайдағы пікірі біздің әлі де көп нәрсені ескере бермейтінімізді көрсетсе керек.
«Еліміз үшін стратегиялық маңызы бар тағы бір мәселе – шекаралас аймақтарды дамыту» деді Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда көтерген жетінші мәселесінде. Бұл туралы ол мәселенің нақты тұстарына тоқталып былай дейді:
«Жер – басты байлығымыз. Туыңды тігер тоқымдай жерің болмаса, өз мемлекетің де болмайды. Бабаларымыз бізге ұлан-ғайыр аумақты мирас етті. Оны шашау шығармай сақтап, көркейту – біздің қасиетті борышымыз. Осы орайда «Жеріміз шетелдіктерге сатылып жатыр» деген сөз ара-тұра айтылып жатады. Бұл – жалған ақпарат. Елімізде жерге қатысты түбегейлі шешім әлдеқашан қабылданған. Ол шешім заңмен біржола бекітілген. Түрлі дақпыртқа сеніп, жұртты дүрліктіретін жалған ақпарат таратуды доғару керек. Біз бабалар аманатына әрдайым адал боламыз. Шетелдіктерге қазақтың бір қарыс жерін де, бір уыс топырағын да бермейміз. Оны көздің қарашығындай сақтаймыз.
Шекара маңындағы елді мекендердің ахуалы жеріміздің тұтастығына және еліміздің амандығына тікелей ықпал етеді. Шын мәнінде, бұл – стратегиялық маңызы бар мәселе. Өкінішке қарай, шекара шетіндегі кейбір елді мекенде халық саны күрт азайып кетті. Бұған бір кездегі аудандарды біріктіру жөніндегі шешімдер де ықпал еткені сөзсіз.
Облыстардың ішкі аумақтық-әкімшілік құрылымында ойланатын тұстар бар. Біз былтыр Абай, Ұлытау және Жетісу облыстарын құрдық. Бұл шешім аймақтардың дамуына тың серпін берді».
Расында, мемлекеттік шекарадағы аймақтар – елдің экономикалық әлеуетінің және саясатының көрінісі. Шекарадан елге өткен өзге елдің азаматтары жерімізге аяқ басқанда халықтың тұрмысы мен өмір сүру деңгейімен таныса бастайды. Үйдің табалдырығынан аттаған әр адамның көзі төрге түседі. Сол сияқты еліміздің шекаралық аудандарындағы халықтың өмір сүру деңгейі бірден көзге түсетінін ойласақ, ол жалпы мемлекеттің деңгейін танытып тұруы керек. Сондықтан ауылдарды дамыту – ең өзекті мәселенің бірі.
Сондай-ақ мелекеттік тіл де Президент назарынан тыс қалмаған. Бұл туралы Мемлекет басшысының мына сөздері еліміздегі мемлекеттік тілді дамыту мәселесіндегі басты тұжырымдар мен ұстанған саясатымызды анық бейнелеп береді:
«Мен мемлекеттік тілді дамытуға баса мән беріп отырмын. Қазақ тілін қолдану аясы барлық салада кеңейіп жатыр. Қазір тіліміз дамымай жатыр деп алаңдауға ешбір негіз жоқ. Болашақта мемлекеттік тілдің тұғырын нығайта түсу үшін басқа да маңызды шаралар қабылдаймыз.
Мемлекеттік тілдің жағдайын айтып, шу көтеретін кейбір адамдар бұл мәселені саяси құрал ретінде пайдаланады. Халық арасында дау шығарғысы келеді. Ақырында, осындай келеңсіз, ойсыз әрекеттер мемлекетіміздің қауіпсіздігіне зиян келтіреді. Мұны ашық айту керек. Себебі тіл – біздің геосаяси кеңістікте «саяси себеп, саяси сылтауға» айналуда. Ал нақты қазіргі ахуалға қарайтын болсақ, тілдің жағдайы бұрынғыдан әлдеқайда жақсы. Мәселе тілге келгенде, дау-дамай, даңғаза жасамай, тілімізді дамыта түсу үшін нақты іс-әрекетке көшуіміз керек. Сонда ғана біз табысқа жетеміз.
Қазақ тілі – азаматтық бірегейлігіміздің және рухани бірлігіміздің нышаны. Біз оны күнделікті қарым-қатынастың ғана емес, нағыз ғылым мен білімнің тілі етуге тиіспіз. Бұл міндет жөнінде бұрын да айтылды, осы мақсатты күшпен, айқай-шумен емес, ақылмен, парасатпен іске асыруымыз керек. Бұл – бүкіл қоғамның ортақ міндеті».
Мемлекеттік тіл – осы елдегі барлық қоғамдық және мемлекеттік істердің тетігі болуы тиіс. Сондықтан ел Президентінің жоғарыда айтқан сөздері мемлекеттік тілді дамыту мен оның қоғамды біріктіру жолындағы басты ұстанымға айналуы тиіс.
Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы сегізінші мәселені «Мен қоғамда мемлекеттік аппараттың жұмысына қатысты біраз сын-пікірлер бар екенін білемін» деп бастады. Қазір біздің қоғамда билік өкілдеріне көңіл толмаушылық бар екені рас. Бұл біліктілік пен жауапкершілікке байланысты. Бұл жайлы өз көзқарасын білдірген Мемлекет басшысы мәселенің түп-негізіне көз жүгірте отырып, оны шешудің жолдарын нақты көрсетіп берді. Сол үшін де Қазақстан Президентінің: «Ең бастысы, біз мемлекеттік аппарат өкілдерінің сана-сезімін өзгертуге баса мән беруіміз қажет. Олар туған-туыстарының арасында не болмаса қоғамда абырой-беделге ие болуды емес, ең алдымен, халыққа, елге адал қызмет етуді мақсат тұтуға тиіс. «Адал азамат» дегеніміз – осы.
Соңғы кездері мен бірқатар кадрлық өзгерістер жасадым. Бұл ретте ешқандай науқаншылдыққа, мемлекеттік қызметшілерді, жоғары лауазымды тұлғаларды жаппай қызметтен босатуға жол берілген жоқ. Ең алдымен, олардың іскерлік қабілеті мен тәжірибесі ескерілді. Сондай-ақ жас, білікті азаматтар бірқатар маңызды министрліктің тізгінін ұстады. Әрине, олардың тәжірибесі, соның ішінде өмірлік тәжірибесі аз екені сөзсіз. Бірақ бұл – уақытқа байланысты мәселе. Бастысы, олардың бойында еліміздің жарқын болашағы үшін адал қызмет етуге қажетті білім, ерік-жігер бар.
Басшылық құрамды жаңарту жұмысы жалғасын табады. Мемлекет басшысы ретінде айтарым, министрлердің, әкімдердің және басқа да мемлекеттік қызметшілердің бойында негізгі екі қасиет болуы керек. Бұл – профессионализм, яғни нағыз маман болу және отаншылдық. Ал олардың Президенттің жеке басына адалдығы мен үшін маңызды емес.
Мемлекет басшысын мадақтаудан гөрі жұмысты адал атқарып, халықтың алдында абыройлы болу әлдеқайда маңызды. Барлық мемлекеттік қызметшілерге осыны айтқым келеді» деуі биліктің халық пікірімен санасуының, олардың елдің талап-тілегіне орай қызметтерін дұрыс атқаруына берілген бағдар деуге болады.
Сөзімізді тұжырымдасақ, Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың сөйлеген сөзі мен көтерген мәселелері еліміздің саяси-экономикалық және мәдени тұрғыдан дамуы мен өсіп-өркендеуіне зор әсерін тигізбек. Ол үшін, әрине, халық пен билік арасындағы байланыс жаңа деңгейге көтеріліп, әрқайсысы өзіне тиесілі істі жауапкершілікпен атқаруы тиіс.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ