Жаңалықтар

Депутаттардың атына 7 мыңға жуық хат келді – Қошанов

ашық дереккөзі

Депутаттардың атына 7 мыңға жуық хат келді – Қошанов

Бүгін Мәжіліс спикері Ерлан Қошановтың төрағалығымен Парламент палаталарының бірлескен отырысы өтіп, онда бірінші сессияның жұмысы қорытындыланды деп хабарлады turkystan.kz.

Ерлан Қошанов Парламенттің осы сессиясына бәрі 100 күнге созылғанына қарамастан, атқарған жұмысы өте маңызды әрі мазмұнды болғанын атап өтті.

"Өткен жылы Қазақстан халқы бүкілхалықтық референдумда Президент реформаларын қолдады. Еліміздің жаңарған Конституциясы бүкіл мемлекеттік жүйе бойынша ауқымды өзгерістерге жол ашты. Суперпрезиденттік жүйеден президенттік республика үлгісіне көштік. Парламенттің рөлі мен мәртебесі күшейді. Ел басқару ісіне халықтың атсалысу белсенділігі арта түсті", – деді Қошанов.

Сессия барысында Палаталардың 3 бірлескен отырысы, Сенаттың - 12 және Мәжілістің 15 жалпы отырысы өтті. Онда 120-дан астам мәселе қаралды. Сондай-ақ Парламенттің қарауында 82 заң жобасы болса, соның ішінде 25 заң қабылданып, 13 заңға Президент қол қойды.

"Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» формуласы аясында Мәжілістің өкілеттігі, бақылаушылық функциясы күшейтілді. Президент айтқандай, біз бюджеттің атқарылу барысын, әрбір тиынның жұмсалуын қатаң қадағалауымыз қажет. Осыған орай, Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдадық. Онда халықты толғандыратын ең өзекті тақырып – жылумен қамту мәселесі көтерілді", – деді Қошанов.

Өткен сессияда барлығы 11 халықаралық шарт пен мемлекетаралық келісім ратификацияланды. Қос палата депутаттары Үкімет пен басқа да мемлекеттік органдарға 306 депутаттық сауал жолдады.

Ерлан Қошанов осы сессияның өзінде халық қалаулыларының атына түскен 7 мыңға жуық хат қаралғанын және аз уақыт ішінде Мәжіліс жанындағы Қоғамдық қабылдауға 800-ден астам адам келгенін атап өтті.

Бірінші сессияны қорытындылай келе, Мәжіліс спикері қос палатаның шет елдермен және халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайту бағытында да ауқымды жұмыс атқарғанын айтты.

Бұдан бөлек, Мәжіліс төрағасы Үкіметпен бірлескен жұмыс кезіндегі кейбір мәселелерге назар аударды.

"Үкіметтің заңға бастамашы болу жұмысы тиісті деңгейде атқарылмай отыр. Қоғамда шұғыл шешімін күтіп отырған түйткілді мәселе көп екенін білесіздер. Олар, бірінші кезекте, заңнамалық тұрғыдан шешуді қажет етеді. Өкінішке қарай, бұл жайттарға Үкімет дер кезінде көңіл аударып, қажетті заң жобаларын Мәжіліске уақтылы ұсынбай отыр. Сондықтан депутаттар осы өткір мәселелерді шешуді жедел түрде өз қолына алып, тиісті заң жобаларына бастамашы болуға мәжбүр. Осы орайда, Үкіметке белсенділікті арттырып, келесі сессияға нақты әрі қоғамға қажет заң жобаларын әзірлеуді және Парламентке енгізуді тездетуге тиіс", – деді.

Сонымен бірге Палата төрағасы депутаттардың түзетулеріне Үкімет қорытындысын қарау мерзімі ұзаққа созылатынына, белгіленген тәртіптің көп жағдайда сақталмайтынына мән берді. Осы орайда, Үкіметті қорытындыларды келісу рәсімін қайта қарауға шақырды.

Сондай-ақ Парламентке келетін мемлекеттік органдар басшыларының дайындығы мен депутаттық сауалдарға берілетін жауаптар сапасының төмен екені де айтылды.