Жаңалықтар

Алматы облысында жылан шаққан 9 жасар бала көз жұмды

ашық дереккөзі

Алматы облысында жылан шаққан 9 жасар бала көз жұмды

Алматы облысына қарасты Кеген ауылында тоғыз жасар баланы жылан шаққан. Бала ауруханаға дер кезінде жеткізілгенімен, дәрігерлер оны аман алып қала алмады деп хабарлады turkystan.kz Zakon.kz сайтына сілтеме жасап. Алматы облыстық Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 2023 жылы 27 маусымда сағат 13:35-те Кеген аудандық ауруханасының қабылдау бөліміне 9 жасар бала жылан шағу диагнозымен өте ауыр халде түскен. «Балаға жансақтау бөлімінде дезинтоксикациялық ем жасалып, схема бойынша екі реттік жылан уына қарсы сарысу жасалды. Алматы облыстық балалар клиникалық ауруханасының дәрігерлерімен және Алматы қаласының токсиколог дәрігерінің қатысуымен консилиум өткізіліп, онлайн кеңес жасалды», – деп жауап берді облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Ведомство өкілінің мәлімдеуінше, аудандық ауруханаға Алматы қаласының № 1 қалалық балаларға шұғыл медициналық көмек көрсету орталығының токсиколог және реаниматолог дәрігерлері арнайы барған, республикалық деңгейдегі анестезиолог-реаниматолог, токсиколог дәрігерлерімен консилиум өткізілген. «Жансақтау бөлімінде науқасқа клиникалық хаттамаға сай емдік шаралары толық жасалды. Бірақ интенсивті реанимациялық көмектің дер кезінде көрсетілгеніне қарамастан 2023 жылы 29 маусымда биологиялық өлім тіркелді», - делінген хабарламада. Айта кетерлігі, ауыл тұрғындарының сөзінше, осыдан бірнеше күн бұрын осы ауданда тағы бір адам жылан уынан қайтыс болған.