Жаңалықтар

Жаз айларында инфекциялық аурулардан сақтану жолдары

ашық дереккөзі

Жаз айларында инфекциялық аурулардан сақтану жолдары

Жаз – жұқпалы аурулардың кең тарайтын маусымы. Жаз айлары басталысымен жіті ішек ауруларына шалдығу мен тамақтан улану жағдайлары күрт өседі. Осыған орай, Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті жаз айларында жіті ішек ауруларынан сақтану жолдарын жариялады деп хабарлады turkystan.kz.  Жұқпалы аурулар тудыратын микроорганизмдер лас жерде тез көбейіп, ауруды тез таратады. Жіті ішек инфекциялары жеке және қоғамдық гигиена шараларын сақтамаған кезде жұғады. Ішек инфекцияларының қоздырғыштары адам ағзасына лас сумен немесе ластанған тамақпен, ыдыс-аяқ, ойыншықтар арқылы түседі. Ауру белгілері – жиі іш өту, құсу, асқа тәбеттің болмауы, дене қызуының көтерілуі, әлсіздік. Ауруға негізінен балалар көп шалдығады. 2023 жылдың 5 айының қорытындысы бойынша, Маңғыстау облысының аумағында жіті ішек ауруларының 55 жағдайы тіркеліп, соның ішінде 54,5%-ын 14 жасқа дейінгі балалар құрап отыр. Өткен 2022 жылдың 5 айының қорытындысымен салыстырғанда аурудың 1,3 есеге өскендігі байқалады. Жіті ішек ауруынан сақтану жолдары: - жеке және қоғамдық гигиенаның міндетті шараларын сақтаңыз; - серуеннен кейін, дәретханадан кейін, ас ішердің алдында қолды сабындап жуыңыз; - лас ыдыс-аяқты, төсек жабдықтарын, ойыншықтарды қолданбаңыз; - қолдану алдында жеміс-жидек, көкөністерді мұқият жуыңыз; - ішуге тек таза немесе қайнаған суды пайдаланыңыз; - фонтандардың және басқа да ашық су айдындардының суын ішуге, жуынуға, көкөніс, жеміс және т.б. жууға үзілді-кесілді тыйым салынады; - тағамдарды реттелмеген сауда орындарынан сатып алмаңыз; - сатып алу алдында тағамдардың жарамдылық мерзіміне көңіл бөліңіз; - базарлардан сатып алған көкөністерді жумай дәмін татуға болмайды; - қарбыз, қауынды сатып алғанда кеспей, тұтас алып, сыртын жуыңыз; - тауық етін және жұмыртқасын әбден пісіріп тамаққа пайдаланыңыз; - тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқышта сақтап, уақытымен пайдаланыңыз; - тағамдарды шыбыннан, тағы басқа жәндіктерден қорғаңыз. Жіті ішек ауруларының (диареяның) алғашқы белгілері байқалса, шұғыл түрде медициналық қызметке жүгініңіз!