Моноқалалар масыл емес, экономиканы алға сүйрейтін күш болу керек – Альберт Рау
Моноқалалар масыл емес, экономиканы алға сүйрейтін күш болу керек – Альберт Рау
Бүгінде елімізде 1,4 млн адам тұрып жатқан 27 моноқала бар (ел тұрғындарының 7%-ы). Онда 32 қала құраушы кәсіпорын жұмыс істейді. «AMANAT» партиясы жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің отырысында осы моноқалалардың әлеуеті мен болашағы туралы айтылды.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев барлық моноқаладағы коммуналдық инфрақұрылымның тозығы жетіп тұрғанын атап өтті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты жөндеу және жаңғырту жұмысына мемлекет қаржы бөлсе, жергілікті биліктің міндеті – бұл іске кәсіпкерлерді тарту.
«Әкімдердің дамуына мүмкіндік беру, олардың құқықтарын, өкілеттіктерін және салық базасын кеңейту қажет екенін бірнеше жылдан бері айтып келеміз. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінен түсетін корпоративтік табыс салығының кем дегенде 50%-ы аудандар мен қалалардың жергілікті бюджетінде қалуына қол жеткіздік. Енді соны 100% қалдыру жөнінде түзету енгіздім. Қала әкімдігі ғимарат салынып, алғашқы екі жыл тегін жалға берілуіне жағдай жасауы керек. Сонда шағын және орта бизнестің Арқалық немесе Жітіқара сияқты қалаларға баруға деген ынтасы пайда болады. Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеп, өтінім жолдаумен жұмыс бітпейді. Моноқалалар масыл емес, экономиканы алға сүйрейтін күш болу керек», – деді ол.
Кеңес мүшесі, Мәжіліс депутаты Юлия Кучинская коммерциялық сектордан түсетін қаражатқа үміт артпас бұрын инвесторларға жағдай жасап, қызығушылық таныту керек екені атап өтті. Алайда кәсіпкерлер де моноқалалардағы тұрғындар алдында жауапкершілік арқалай алуы тиіс.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілік нормалары қаншалықты орындалып жатқанына талдау жүргізу қажет. Мәселен, Рудныйдағы Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі өз міндеттемесін дұрыс орындап отыр. Ал, Степногорск қаласындағы бір кәсіпорында болғанымызда, тіпті аумағын ретке келтірмегенін, адамдар ауыр жағдайда жұмыс істейтінін байқадық. Қала құрушы кәсіпорындар мен жергілікті атқарушы органдардың өзара іс-қимылы қаншалықты тиімді жүргізіліп жатқанына, бизнестің әлеуметтік салаға бөлетін қаражаты қайда бағытталып отырғанына тексеру жүргізуді ұсынамын», – деді ол.