Мәжіліс спикері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай Сарытомар ауылына барды
Мәжіліс спикері Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығына орай Сарытомар ауылына барды
Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысының тапсырмасымен Мағжан Жұмабаевтың туғанына 130 жыл толуына арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Мерейтойға арналған жиын ақынның туған жері Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев ауданының Сарытомар ауылында өтті. Мәжіліс спикері Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығын жоғары деңгейде атап өтуді тапсырғанына тоқталды.
Ерлан Қошанов ақынның жерлестерін мерейтоймен құттықтап, Мемлекет басшысының құттықтау хатын оқып берді.
Елімізде болып жатқан оң өзгерістер ұлтымыздың ұлы тұлғаларының, соның ішінде Мағжан Жұмабаевтың идеяларымен үндесіп жатқанын тілге тиек етті.
"Мағжан дегенде – халқымыздың ХХ ғасырдағы алмағайып, ауыр тағдыры көз алдымызға келеді. Ақынның «Күншығыстан күн келеді – мен келем» деген бір жол өлеңі бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның арманы мен мұратының ұранындай. Бүгінгі ұрпақ осы күнге, осы арманға, осы мұратқа ұмтылуы қажет", – деді Мәжіліс Төрағасы.
Мереке аясында облыста халықаралық ақындар айтысының финалы, ат спорты мен қазақша күрестен жарыс өтті.