Жаңалықтар

Санда бар да, санатта жоқ адамға айлық төленгені анықталды – «AMANAT» жанындағы кеңес

ашық дереккөзі

Санда бар да, санатта жоқ адамға айлық төленгені анықталды – «AMANAT» жанындағы кеңес

2020 жылдан бері білім беру саласында 343 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркеліп, оған қатысы бар 255 адамның заңға қайшы әрекеті әшкереленді. Ал олардың мемлекетке келтірген шығыны шамамен 11 млрд теңгені құрап, оның 5,2 млрд теңгесі қайтарылды. Мұндай жаға ұстатарлық мәліметтер «AMANAT» партиясы жанындағы Білім беру мен денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі республикалық кеңес отырысында айтылды. Жиында білім беру саласында анықталған аймақтардағы қаржылық заң бұзушылық мәселесі күн тәртібіне қойылды. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Превенция қызметінің Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін талдау басқармасының басшысы Нұрдәулет Саметтің айтуынша, негізінен бюджет қаражатын жымқыру (46%), парақорлық (27%), лауазымды өкілеттікті асыра пайдалану (18%) және қызметте жалған әрекет жасау (9%) фактілеріне жол беріледі. Ал мұндай өрескел әрекетке баратындар – көбіне орта мектептердің, колледждердің директорлары, балабақша меңгерушілері, бухгалтерлер, білім басқармалары және бөлімдерінің басшылары мен мамандары. Қызылорда, Ақтөбе облыстары мен Талдықорған қаласындағы білім беру саласы қызметкерлеріне қатысты соңғы резонанстық істер ауқымды сыбайлас жемқорлыққа жол ашатын біраз проблеманың бетін ашты. Осы себепті Агенттік ҚР Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп бюджетті жоспарлау және игеру мәселелері, оның ішінде педагогтарға еңбекақы төлеу қоры бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізді. «Талдау жұмысының нәтижесінде еңбекақы төлеу қорынан бюджет қаражатына қол салудың барлық схемасы ашылды. Бюджетке өтінім жасаған кезде қаражат көлемін алдын-ала қолдан жоғарылатып көрсетеді. Мұнда әртүрлі айла-тәсілдер қолданылады. Атап айтқанда, мемлекеттік сатып алулардың құнын, балалар мен педагогтардың санын, мұғалімдердің жүктемесін асырып көрсету, бос жұмыс орындарын құрып, оған қарастырылған қаражат жыл соңына дейін игерілмеуі үшін сол орындарға әдейі ешкімді жұмысқа қабылдамау сияқты құйтұрқы әрекеттер жасалған. Осыдан келіп үнемделген қаражатты білім бөлімі аффилирленген мектептердің арасында бөліске салады. Әрі қарай әлгі мектептердің директоры мен есепшісі бухгалтерлік есеп бағдарламалары мен ақпараттық жүйелердің осалдығын пайдаланып, қаржыны жымқырып қалады», - деді Н.Самет. «Бөлінген бюджет қаржысының дұрыс игерілмеуі, оның балаларға жетпеуі қоғамда әлеуметтік наразылықтың туындауына тікелей себепкер», - деп есептейді «Қазақстанда парламентаризмді дамыту» қорының президенті, Кеңес мүшесі Зәуреш Батталова. Оның пікірінше, саладағы жемқорлықты мемлекеттік бақылау арқылы жеңу мүмкін емес, мұнда қоғамдық бақылауды күшейту керек. Сонымен қатар, Кеңесте бүгінде білім басқармалары әртүрлі 8 ақпараттық жүйені қолданатыны айтылды. Бұл да «бармақ басты, көз қысты» әрекетке баруға мүмкіндік жасайды. Сондықтан есеп және қазынашылдық қызметтеріне бірыңғай ақпараттық жүйенің енгізілуі маңызды. Кеңес төрағасы, Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының депутаты Жұлдыз Сүлейменова өзі аралаған бірқатар ауыл мектебінің қазіргі жай-күйіне тоқталды. «Қабырғасы қақырап, төбесі түсіп, едені шұрқ тесік болған мектепті көрген кезде жүрегің ауырады. Осындай жағдайда миллиардтаған қаржының жымқырылып жатқанына үн-түнсіз қарап отыруға болмайды. Себебі, сол қаражат ауылдың мектебіне жетіп, ауылдағы баланың біліміне жұмсалуы тиіс. Еліміздің болашағының жарқын болуы бүгінгі мектептегі баланың болашағының ұрланбауына байланысты. Оған әрқайсымыз жауаптымыз. Сондықтан азаматтық белсенділік танытайық», - деді халық қалаулысы. Сондай-ақ ол еліміздегі 7 500 мектептің материалдық-техникалық базасының деңгейіне алаңдаушылық білдірді. Бұл мәселеге қатысты Кеңес төрағасы білім ошақтарына ұлттық аудит жүргізілуі қажет деп санайды. «Білім саласында жасалып жатқан оң өзгеріс аз емес, бірақ оның бәрі тиісті нәтиже бермеуде. Себебі жемқорлыққа жол беріліп отыр. Қазір тек қана еңбекақы төлеу қорына қатысты көптеген заң бұзушылық орын алғанын көрдік. Ал мектептердің мүлкін түгендеуге, мемлекеттік сатып алуға қатысты тексеріс жүргізілсе, заң бұзушылықтың ол жақтан да анықталуы әбден мүмкін», - деді Ж.Сүлейменова.