Жаңалықтар

Елдің шеті – желдің өті

ашық дереккөзі

Елдің шеті – желдің өті

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында Шығыс Қазақстан және Абай облыстарындағы Катонқарағай, Марқакөл және Мақаншы аудандарын қайта құру туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Ауылдарды, соның ішінде шекарадағы елді ме­кендерді дамыту мәселесі қазір өте өзекті. Биылғы 10 сәуірде Үкімет Президенттің жарлығы негізінде ауыл­дарды дамытудың жаңа тұжырымдамасын бе­кіт­кен болатын. Бұған дейінгі талпыныстар мен қадамдар, жобалар мен жоспарлар аса нәтижелі бола қой­мады. Тұжырымдамада шекарадағы елді мекен­дердің ахуалы да айтылғанын жазған едік. Ауыл­дардың жағдайы көңіл көншітпейді, ал шекарада күн кешіп жатқан халықтың жағдайы мүлде алаң­датарлық. Жалпы, оңтайландыру саясаты кезінде тарап кет­кен шекарадағы аудандарды қайта қалпына кел­тіру мәселесі көтеріліп келе жатқанына 10-15 жыл­дай болған екен. Осылайша, Ұлттық құрылтайда сең қозғалып, үш аудан қайта құрылатын болды.

Көп күттірген жаңалық

Оңтайландыру саясаты тұсында, яғни осыдан 25-26 жыл бұрын тарап кеткен ауылдардың қатарында елі­міздің шығысындағы Катонқарағай, Марқакөл, Мақаншы аудандары да болды. Сөйтіп, Катонқарағай ауданы – Үл­кен Нарынға, Марқакөл ауданы – Күр­шім ауданына, Мақаншы ауданы – Үр­жар ауданына қарап кеткен еді. Мұн­дай тарап кеткен ауылдардың қа­та­рында Шұбартау сияқты аудандар да болды, дегенмен, аталған үш ауданның не­гізгі ерекшелігі – шекарада орна­ласуын­да еді. 17 маусымда өткен Ұлттық құрылтайдың негізгі отырысында айтылған, осы аудандар қайтадан құры­ла­ды деген ақжолтай жаңалықты сол ай­мақ­тағы жұрт ұзақ күтті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ау­дандардың қайта құрылатынын, мә­се­лені Үкімет жан-жақты пысық­таға­нын айтты. Ендігі тапсырма – жаңадан құры­латын, нақтырақ айтқанда, аудан­дардың есеп-қисабын жасау. Әуелде ай­тып өткендей, Қасым-Жомарт Тоқаев был­тыр Президент сайлауынан кейін ең алдымен ауылды дамытуға арналған Жар­лыққа қол қойған болатын. Енді Мемлекет басшысы сол Жарлық негі­зін­де Үкіметке жаңадан құрылатын үш ау­данға қатысты жұмысты биыл аяқтап, екі жылдың ішінде толық қалпына кел­тіруді тапсырып отыр. – «АMANAT» партиясы бірқатар ше­каралас ауданды қалпына келтіру тура­лы бастама көтергенін білесіздер. Үкі­мет менің тапсырмаммен бұл мәселені пы­сықтады. Мен соған сәйкес Қатон­қара­ғай, Марқакөл және Мақаншы аудан­дарын қалпына келтіру туралы негізгі шешімді қабылдадым. Әрине, бұ­ған арнайы дайындық керек. Қажетті есеп-қисабын жасап, қаражатымызға, бюджеттің мүмкіндігіне қарауымыз ке­рек. Тиісті жұмыстың бәрін биыл аяқ­тап, алдағы екі жылдың ішінде осы үш ау­данды қалпына келтіре бастаймыз, – деді Президент. Сонымен қатар Мемлекет бас­шысы бұл шешімнің маңызына тоқ­талып өтті. – Бұл – ұлттық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз ету тұрғысынан қарасақ та, өте маңыз­ды мәселе. Осы мәселені көпке соз­бай шешуіміз қажет. Жалпы, аудан­дар­ды қосу немесе тарату ондағы жұрт­тың күнделікті өміріне тікелей әсер ете­ді. Шешім қабылдаған кезде халық са­ны, экономикалық әлеуеті, инфра­құры­­лымы түгел ескерілуге тиіс. Былтыр Пре­зидент сайлауынан кейін ең алды­мен ауылды дамыту мәселесіне арналған Жарлыққа қол қойдым. Үкімет алдағы 5 жылда ауылды дамытуға айрықша күш са­латын болады. Бұл жұмысты «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасының аясында кешенді түрде жүзеге асыру қажет. Яғни, мек­теп салу, күрделі жөндеу жүргізу және оны жабдықтау жұмысын тиісті дең­гейде атқару маңызды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. Аудандардың халқы өңірлерді да­мытудың басым бағыттарын жақсы бі­ле­ді, себебі, бұл күнді ұзақ күткен. Сон­дықтан нақты қадамдар жасалып, тап­сырма тиянақты орындалар болса, аудан­дардың тынысы ашылып, қайта өркендейді деген үміт бар. Дегенмен жалпы ұзындығы 13 мың шақырым болатын шекара­мыз­дың бойындағы қалған ауылдар мен аудандардың жағдайы да назар аударар­лық, тіпті алаңдатарлық халде. Мәселен, жаңадан құрылатын үш ауданда халық са­ны біршама азайған. Марқакөлдің өзін­де 3-4 мың ғана тұрғын бар екен. Ал сол­түстік, батыс шекарадағы аймақ­тар­дың жағдайы мүлде күрделі болып отыр.

Сетінеген ауылдар

Биылғы қаңтардағы мәліметке сүйен­сек, Мемлекеттік шекара­дан 50 шақырым қашықтықта орналас­қан ауылдардың саны – 1,3 мың. Ол ауыл­дарда 1,7 миллион адам тұрады. Елі­­міз­де табиғи өсім жоғары, бір-ақ ауыл­дардағы халық саны, тіпті ауыл­дар­дың өзі азайған. Ауыл халқы қалалар мен аудан орталықтарына үдере көшіп жа­тыр. Ал шекарадағы ауылдарда халық қа­расы тіпті сиреп барады. Ресми мәліметке сүйенсек, соңғы 5 жыл ішінде елімізде 276 ауыл та­рап кеткен. Мәселен, 2017-2021 жыл­дар аралығында көші-қонның теріс са­­­льдосы 47 мың адамнан 79,1 мың адам­ға дейін өсіпті. Өңірлер бойынша салыстырар бол­сақ, ауыл халқының ең көп көшуі Абай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Қос­танай, Қызылорда, Павлодар, Сол­түс­тік Қазақстан және Ұлытау об­лыс­та­рын­да байқалады. Ең көп ауыл та­ра­ған облыстардың қатарында Ақтө­бе (52 ауыл), Шығыс Қазақстан (44 ауыл), Сол­түстік Қазақстан (33 ауыл), Қостанай (31 ауыл) және Қызылорда (30 ауыл) об­лыс­тары тұр. Ал 3,3 мың ауылда қазір халық саны 500 адамнан аспайды екен. Тұрғын­дары­ның саны 5 мыңнан астам ауылдық елді мекендер – небәрі 4,6 пайыз. Яғни, ауылдардың тарау қаупі жоғары. Аса ірі 17 ауылда халық санының көптігіне байланысты статусын өзгерту мәселесі күн тәртібінде тұр екен. Мысалы, Маңғыстау облысындағы Бейнеу ауылы – 54 мың адам, Түркістан облысындағы Қара­бұлақ ауылы – 50 мың адам, Алма­ты облысындағы Ұзынағаш ауылы – 47 мың адам. Ауылдардың тарауы мен ауыл хал­қының басқа қоныс іздеуіне, әрине, сол жерде лайықты жағдай жасалмағаны, өмір сүру сапасының төмендігі әсер ете­тіні белгілі. «Арқа жайлы болса, ар­қар ауып несі бар?» Соның ішінде, ше­карадағы ауылдардың жағдайы тіптен мүш­кіл. Шекарадағы елді мекендердің біразы кезіндегі «болашағы жоқ» ауылдар санатына да еніп кеткен еді. Жалпы, қазір шекаралық облыс­тарда шекарадағы ауылды елді мекендерді дамытуға арналған жобалар «Ауыл – ел бесігі» жобасының аясында іске асырылып жатыр. Бұған дейін ше­карадағы ауылдардың жағдайына қа­тысты сенаторлардың көтерген мәселесі туралы жазған болатынбыз. Депутаттар бұл мәселе еліміз үшін экономикалық қана емес, сонымен қатар саяси және стра­тегиялық маңызға ие екенін, Үкі­мет­тің ауылдарды дамытуға тиісті көңіл бөлмегенін және сенаторлардың пар­ламенттік тыңдауда берген ұсыныс­тарының негізгі тармақтарын әлі де орындамағанына тоқталған еді. Дегенмен биыл жыл басында Эко­номика министрі Әлібек Қуантыров ше­карадағы аудандардың жағдайына баса мән берілетіні туралы айтты. Бір қы­зығы, министр «болашағы жоқ» деген сөздің айтылғанын да жоққа шығарған. – Болашағы жоқ ауылдар бар деп еш­қашан айтқан емеспіз. Даму әлеуеті жо­ғары ауылдар бар, онда халық саны көп. Даму әлеуеті төмен, халқы аз ауыл­дарда да «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы ая­сында емес, басқа да даму бағдарла­ма­лары аясында жұмыс жүргізіледі. Қара­жат бірінші кезекте жергілікті бюд­жеттен бөлінеді, өйткені бұл да жер­гілікті атқарушы органдардың құзырын­да, – деді Әлібек Қуантыров. Ол шекаралас аймақтардағы ауыл­дарға да Үкімет пен жер­гі­лік­­ті атқарушы органдар тарапынан ерек­ше мән берілетініне уәде берген бо­латын. – Ауылдарда өте аз адам тұрады. Бәл­кім, бұл ауылдарды тастап кеткендегі табиғи процесс болар. Бірақ шекара ай­мақтарында орналасқан ауылдар бар, оларға да қолдау көрсетіліп тұрады. Ше­кара аймақтарында орналасқан ауыл­дарда инфрақұрылым нығай­ты­ла­ды. Бұл жобада инфрақұрылымды да­мытудан басқа өзге де қызметтер қа­лып­тастырылады. Оның ішінде отандық эфир, эфирлік телеарналар, интернетті күшейту сияқты шаралар көзделген. Ауыл­дарда орналасқан шекара заста­ва­ларының инфрақұрылымын күшейту де көзделген, – деп қосты министр. Яғни, шекарадағы елді мекендерде тіршілік ету үшін керек негізгі қа­жеттіліктің өзі толық қамтылмай отыр. Жарық, су, жылу, байланыс... Сол ауыл­дарға бара қалсаңыз, басқа елдің бай­ланысы, басқа елдің эфирі сайрай жө­неледі. Дегенмен бұл да екі-үш күнде пай­да болып отырған жаңа мәселе емес, айтылып келе жатқанына қаншама уа­қыт болған... Мәселен, Атырау облысындағы Құр­манғазы ауданының Азғыр округіндегі Жалғызапан, Қоңыртерек, Балқұдық ауыл­дары Ресей Федерациясымен ара­дағы шекарада тұр. 30 жылдан асса да, үш округтегі 9 елді мекеннен аудан ор­та­лығына, не одан кері жету – машақат. Ауыл­дарда, тіпті, учаскелік аурухана, перзентхана жоқ екен, ауызсу мәселесі де түпкілікті шешілер емес. Кезінде «Таза су», «Ақбұлақ» бағдарламаларымен біраз шаруа жасалғандай болған, алайда тұр­ғындардың көпшілігі әлі күнге ауыз­суды ауласындағы құдыққа көлікпен құйдырып отыр. Осы сияқты мәселелер Батыс Қазақстан облысы, соның ішінде Жә­нібек, Қазталов сияқты аудандарда да өзекті болып отыр. Ал Ресеймен ше­каралас аудандарда ахуал мүлде мүшкіл. Бұл аймақтағы көші-қон сальдосы қан­ша­ма жыл қатарынан теріс көрсеткіш көрсетіп келеді. Ал оңтүстік аймақтарда халық санының азаюына байланысты мәселе жоқ, дегенмен, жайылымдық жер, ауызсу, жылу мәселелері әлі де алаң­­­да­тады. Ал жаңадан қабылданған тұжырым­дамада шекаралық аймақтардағы елді мекендерге жеке назар аударылып отыр­ғаны туралы жазған болатынбыз. Мұнда инфрақұрылымды жаңарту мен негізгі қызметтерді қамтамасыз етудің арқасында халықтың елді мекендерден көшуін азайту, адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау және жалпы ше­кара маңындағы аудандардың эко­но­микалық дамуына жаңа серпін беру жоспарланған. Яғни, айтып өткен мә­селелер шешілуі керек. Дегенмен шека­радағы елді мекендерге арналған жос­пардың негізгі жоспардан айырмашы­лығы жоқ деуге де болады. Тек бір ғана өзгешелік – шекарадағы ауылдар үшін ең­бек тапшылығы бар өңірлердің шека­ралас ауылдық округтер тұрғындарының жа­лақысына қосымша ақша қосу мүм­кін­дігі қарастырылмақ екен. Әуелде айтқанымыздай, бұл тұжы­рым­дама да орындалмайтын жоспар­лар­­дың қатарына қосыла ма, әлде нә­ти­жесін көреміз бе, ол, әрине, уақыт ен­ші­­сінде.

Байланыс та – басқанікі

5 маусымда Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров та шекара маңында орналасқан ауылдардың мәселесін көтерді. Сайы­ровтың айтуынша, Қазақстанда шекара түбінде тұратын елу шақты шағын ауыл­да жол, су, медицина орталықтары, ұялы телефон мәселесі әлі де өзекті. – Шекарадағы аудандарда Қазақ­стан­ның ұлттық қауіпсіздігіне кері әсер ете­тін ең негізгі мәселе – сол аудандарда ше­­телдік ұялы телефон операторлары­ның жұмыс істеп тұрғаны. Мысалы, Қы­тайға қарасақ, Зайсан, Марқакөл, Ма­қаншы, Тарбағатай, Нарынқолдың бар­лығында Қытайдың ұялы телефон опе­раторы істеп тұр. Ресей жақта ресей­лік ұялы телефон операторы істейді. Бұл еліміздің тұтастығына, ұлттық қауіп­сіз­дігіне тікелей әсер ететін мәселе, – дейді Сайыров Үкімет сағатында. Ол қазір Шығыс Қазақстанда жер­гілікті әкімшілік министр­лікпен бірігіп, ұялы телефон станцияларын қойып жат­қанын, жақын арада ол жақта отан­дық операторлар пайда болатынын, бір­ақ қалған шекарадағы елді мекен­дер­дің ахуалы алаңдататынын айтты. – Ал енді Қазақстанның бүкіл ше­ка­­расы периметрінде бұл мәселе өте өзек­ті ғой. Міне, осы мәселе қалай шеші­ле­ді? Біздің көршілес мемлекеттер, со­ның ішінде Ресей, Қытай, Өзбекстан шет мемлекеттің ұялы байланысын шек­­­­тейді, сондай станциялар қойған. Өйт­кені олар интернеттің идеология еке­нін түсінеді. Сондықтан бізге өзіміздің ұялы телефон операторларын қою­мен бірге, сол шетелдік интернетті, ұялы байланысын шектейтін қалқан жасау керек. Осы мәселені қазірден бас­тап ойлануымыз керек. Ұлттық қауіп­сіз­дігіміздің ең негізгі аспектісі осы, – деп сұрады депутат үкімет мүшелерінен. Ұлттық экономика министрі Әлі­бек Қуантыровтың айтуынша, ауылдық елді мекендерді дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжыры­мын­да шекаралас ауылдарға ерекше көңіл бөлінген. Мәселе кешенді түрде ше­шіледі. – Бірақ шекаралас ауылдардың дең­гейі әртүрлі. Өзбекстанда басқа жағдай, шығыста басқа, солтүстікте одан да бас­қаша. Біз шекарада орналасқан ше­ка­ра заставаларын күшейтеміз. Осы ше­кара заставаларының төңірегіндегі ауыл­дарды дамыту және қосымша қара­жат бөлу жоспарланып отыр, – деді Қуан­тыров. Ал Цифрлық даму, инновациялар жә­не аэроғарыш өнеркәсібі вице-ми­нистрі Асхат Оразбектің айтуынша, ра­диотолқындарды шекарада шектеу мүм­кін емес. Сондықтан байланыс сала­сын­дағы өңірлік байланыс әкімшілік­тері 2009 жылдың шешімімен шекара арқылы раидосигналдарды таратудың мак­сималды ара қашықтығын 15 шақы­рым­ға дейін белгілеген. – Облыс әкімдіктерінің ақпаратына сәй­кес, Қазақстанның шекара аума­ғын­да 770 ауыл орналасқан. Оның ішінде 228 ауылда шетелдік операторлардың ұялы байланыс сигналдары бар. Ол рас. Сондықтан қазір «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасына сәйкес, біз 2024-2027 жылдары осы ауылдарда жай байланыс емес, сапалы интернетті қамтамасыз етеміз, – деп сендірді вице-министр. Дегенмен солтүстіктегі аудандарға бара қалсаң, «Әлемдегі ең алып ел – Ре­сейге қош келдіңіз!» деген хабарлама ке­летіні бұған дейін де айтылып келді. Ал Шығыс аймақтарда Қытайдың ра­диоарналары кедергісіз жұмыс істеп тұра­ды, ал отандық арналарға қосылу мүм­кін емес. Яғни, шекарадағы аудандар мен ауыл­дарға келгенде, жаңадан туындап отыр­ған, белгісіз мәселе жоқ. Жол, су, жа­рық, байланыс және басқа да өмір сүру үшін керек негізгі қажеттіліктердің айна­ласында болып отыр. Содан соң медициналық пункттер мен мектептер­дің жағдайы алаңдатады. Халықтың дәл қазіргі негізгі талап-тілегі де осы мә­се­лелердің төңірегінде.