Қағазда қалған қалам ізі
Қағазда қалған қалам ізі
Кеше Астана қаласында Жүніс Эмре атындағы түрік мәдени орталығының ұйымдастыруымен қазақтан шыққан тұңғыш әйел каллиграф Мәдина Құсайынның «Қағазда қалған қалам ізі» атты көрмесінің тұсаукесері өтті.
Нақыштап көркем жазу – Ислам мәдениетінің ажырамас бір бөлшегі. Шығыста қашанда сөз өнерімен бірге жазу өнеріне де үлкен мән берілетін. Әдемі сөйлеу қалай жоғары бағаланса, әдемі жазу да солай жоғары бағаланды. Түрік халқынан шыққан Шейх Хамдулла, Ахмед Карахисари, Хафиз Осман, Мұстафа Раким, Махмут Джелаледдин Эфенди, Есаризаде Мұстафа Иззет Эфенди сынды құснихатшылар кейін бір-бір мектеп қалыптастарды. «Құран Меккеге түсірілді, Мысырда оқылды, Ыстанбұлда жазылды» деген сөз бекер айтылмаса керек. Осман империясы кезінде Ыстамбұлда әлемнің түкпір-түкпірінен көркем жазу шеберлерінің басын тоғысқан болатын.
Құснихат өте ерте кезеңдерде (VI-X ғ.) пайда болған. Жазып-сызатын қаламды қамыстан, тақтайдан, бамбуктен жасаған. Жазу үшін қолданылатын сия оңайлықпен өшпейді. Бір қызығы, қағазға түскен жазу түзетуге келмейді. Шығыс халықтарында қалам кие тұтылып, қасиетті саналған. Қаламды жерге тастамаған, басқаға бермеген, басқадан алмаған деседі. Ал жазу өнерінің шеберлік құпиялары мен сұлулық сырлары тек ұстаздан шәкіртке көп жыл ыждағаттықпен үйрету нәтижесінде беріліп отырған.
Бұл бекзат өнер қазақ жеріне де жат емес. Қазақстан территориясында құрылған мемлекет билеушілерінің аттарынан соғылған теңгелер мен батырлар ұстаған тудың ұштықтары, олар ұстанған қару-жарақтармен қатар әртүрлі бұйымдарға дейін көркем жазу үлгілерімен әшекейленген. Қазақстанның кириллица әліпбиіне ауысуымен аталған өнер түрі ұмытылып, тіпті жоғалып кетті. Дегенмен кеңес заманы кезінде де қазақ суретшілері кітап безендіруде кириллица жазуын араб жазуына сәйкестендіре отырып, көркем жазуға тырысқанын байқаймыз. Ал нақыштап жазуды араб графикасын қолданылатын Қытайдағы қазақтар осыған дейін сақтап келеді.
Құснихат өнерін қайта жарыққа шығаруды мақсат еткен көрмеде каллиграф Мәдина Құсайынның «Қылыш», «Қызғалдақ», «Түңгі ай», «Ғалам», «Махаббат», «Көңіл гүлі», «Ғалам» композициясы, «Кемшіліксіз», «Гүлді тапқан көбелек», «Тасбиық» сынды 30-ға жуық көркем өнер туындысы халық назарына ұсынылды.
Мәдина жастайынан шығармашалыққа жақын болып өскен. Өнерден де құралақан емес. Бала күнінен сурет салғанды жақсы көреді. Тігін тігу, әңгіме, өлең жазу секілді шығармашылық жұмыстармен айналысқан. Бес жыл музыкалық мектепте білім алған. Студент кезінде спектакльдерге қатысып, оркестрде өнер көрсеткен. Алайда өмір Мәдинаны өнер жолынан алыстатып, туризм саласына алып келді. Үш жыл бұрын мешіт қабырғаларындағы көркем жазуларға көзі түсіп, бұл туындыларды кім, қалай жазды екен деп қызығушылық танытады. Елімізде мешіттер көп бола тұра, құснихат өнерінің дамымағанын, үйрететін ұстаздардың жоқ екені, жазуға арналған құралдардың табылмайтынын біледі. Интернет арқылы нақыштап көркем жазумен айналысатындарды іздеп, белгілі каллиграф Асылбек Орынбасаровпен танысады. Алайда ол кісінің уақыт тапшылығына байланысты ары қарай білім ала алмайды.
– Құснихат өнері жайлы үлкен ізденіс үстінде жүргенімде ресейлік каллиграф Алексей Гориннің онлайн курстарына жазылдым. Араб тілі филологиясын бітірген каллиграф ұстазымыз әріптерді таныстырудан бастап көркем жазудың қыр-сыры мен толық композициясын жеткізуге дейін үйретті. Ирандық каллиграфтардан да сабақ алдым.
Құснихаттың жазу стилдері әртүрлі. Менің жазып жүргенім – еркін, заманауи көркем жазу стилі. Көне, тарихи стильдерін оқу үшін арнайы рұқсаты бар ұстаз қажет, алайда олардың көбісі Түркияда, – дейді көрме авторы.
Мәдина бүгінде құснихатқа керекті материалдар мен бояуларды Түркиядан алдыртып отыр. Алдағы уақытта каллиграфия бойынша өзін дамытып, заманауи өмірде пайдалы бола алатын көркем жазуды жалғастыруды жоспарлап отыр.
Жүніс Эмре түрік мәдени орталығының директоры міндетін атқарушы, PhD Алмагүл Исина: «2016 жылы Мухаррем Гөкченнің «Астанада құснихат және каллиграфия күндері» атты көрмесін ұйымдастырдық. Сонда көрмеге келушілердің бұл бекзат өнерге қызығушылығы жоғары екенін байқадық. Дарынды каллиграф Мәдина Құсайынның осы көрмесі арқылы біз жас буынның көркем жазу өнеріне деген қызығушылығын оятсақ, осы өнерді жалпы халыққа таныстырсақ деп отырмыз. Құснихат өнері шыдам мен талантты талап етеді. Әрі бұл бағытта еңбектеніп жүрген қылқалам шеберлері де аз», – деп ойымен бөлісті.
Каллиграфия – елімізде сирек кездесетін өнер. Үйрететін ұстаз табу қиын, құралдарын шетелден алдырту қиындығына қарамастан сұраныс бар. Көрме басталады дегеннен Жүніс Эмре түрік мәдени орталығына осы өнерді үйренгісі келетін жастар көп хабарласыпты. Бұл – қуантарлық жағдай.
Айта кетсек, көрме 29 маусымға дейін ашық болады.
А.Бимендиева