Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы экология саласындағы жобаларды қолдауға дайын – Елнұр Бейсенбаев

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы экология саласындағы жобаларды қолдауға дайын – Елнұр Бейсенбаев

Бүгін елордада Мәжіліс депутаттарына арналған «Көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу саясаты бойынша диалог және COP-28*» тақырыбында семинар-тренинг өтті. «Жасыл Академия» ғылыми-білім беру орталығы бастамашы болған іс-шараға «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы қолдау көрсетті.

«Қазақстан, негізінен, шикізаттық мемлекет саналатындықтан, көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу мәселесі біз үшін өте маңызды. Бүгінде қуатты тиімді пайдалану мәселесі алдыңғы орынға шығып отыр. Осы орайда, «AMANAT» партиясы экология саласындағы кез келген жобаны қолдауға дайын. Тіпті, сайлауалды бағдарламамызда осы экология мәселесіне жеке тарау арналды. Зиянды шығарындылардың 45-60%-ы ірі кәсіпорындарға тиесілі. Сондықтан, осы және өзге де экологиялық мәселелерді біртіндеп шешу қажет», – деді ол.

Мәжілістегі Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің төрағасы, «AMANAT» фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин климаттың өзгеруі мен көміртекті бейтараптыққа қол жеткізу Қазақстан үшін ғана емес, жаһан жұртшылығы үшін маңызды мәселе екенін атап өтті.

Семинар барысында Еуропа қайта құру және даму банкінің, Еуропалық орман институтының «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының сарапшылары сөз сөйледі.

*Conference of the Parties (COP 28) – Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясы тараптарының конференциясы немесе 2023 жылдың 30 қарашасы мен 12 желтоқсаны аралығында Дубай, БАӘ-де өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттың өзгеруі жөніндегі COP 28 деп аталатын конференциясы.