Заңгер емізіктің орнына резеңке қолғап қолданған перзентхананы сынады (ФОТО)
Заңгер емізіктің орнына резеңке қолғап қолданған перзентхананы сынады (ФОТО)
Заңгер Сәуле Бікітеева желіде Алматыда сәбиге емізіктің орнына резеңке қолғап салып қойған суретті жүктеп, перзентхана жұмысын сынады. Сондай-ақ құзырлы органдардың араласуымен тексеріс жүргізілуі керегін жазды деп хабарлады turkystan.kz.
Оның айтуынша, оқиға Басенов, 2 көшесіндегі «Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында» болған.
«Мынау не масқара? Жазбаны анасы мен баласы перзентханадан шыққанша шығармай күттім. Алматы қаласындағы ең керемет перзентхана осы болса, жетім балалар үйіндегі жағдай қандай? Сәбидің аузына жыламасын деп резеңке қолғап тығып қойған. Кішкене сары болғасын, арнайы бокста жатқан. Оны кездейсоқ анасы көріп, суретке түсіріп алды. Қызметкерлері сол жерде өшіруін сұрап, асты-үстіне түскен. Алайда құрбым маған жіберіп үлгерді. Перзентхана меңгерушісі Бекайдарова Ақмарал Алманқызы бұл жағдайға қалай жуап бересіз?» деп жазды С. Бікітеева Instagram-дағы парақшасына.
Орталық оқиғаға қатысты жазба астына пікір білдірген.
«ШЖҚ КМК «Перинатология және балалар кардиохирургия орталығында» сіздің шағымыңыз бойынша тексеріс жүріп жатыр. Нәтижесі анықталған соң, сізге жауап қайтарылады», - делінген хабарламада.