Жаңалықтар

Аманаттықтар Жамбылдағы емхана құрылысын бақылауға алды

ашық дереккөзі

Аманаттықтар Жамбылдағы емхана құрылысын бақылауға алды

Партиялық бақылау бекеттері өз жұмысын белсенді жалғастыруда. Осы аптада «AMANAT»-тың Жамбыл облысындағы мүшелері өңірлік сайлауалды бағдарлама аясында салынып жатқан медициналық нысандарды аралады.

Партиялықтар Жамбыл ауданына қарасты Шайқорық ауылындағы дәрігерлік амбулаторияның салыну барысын тексерді. Құрылыс биыл 10 сәуірде басталып, бюджеттен 272 млн теңге бөлінді. Мердігер компания өкілдері жұмысты тамыз айында толық аяқтаймыз деп отыр.

Байзақ ауданының Сарыкемер ауылында орталық аудандық емхана, сондай-ақ әрқайсысы 60 пәтерден тұратын төрт тұрғын үй салынуда. Қазіргі уақытта мұнда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салынуда.

«Осы нысандарда біз партиялық бақылау бекеттерін аштық. Бұл бақылау бекеттері құрылыс сапасын, бөлінген қаражаттың тиімді игерілуін, қауіпсіздік ережелерінің сақталуын, жұмысшылардың әлеуметтік жағдайын, сондай-ақ жалақының уақтылы берілуін бақылауға алады. Осылайша, жергілікті жерлерде партия сайлауалды бағдарламасының орындалу барысына жүйелі бақылау күшейеді», – дейді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалы партиялық бақылау инспекторы Ерғали Омаров.

Бүгінде Жамбыл облысында барлығы 40 партиялық бақылау бекеті жұмыс істейді.