Ішкі істер министрі "Синий кит" ойыны жайлы айтып берді
Ішкі істер министрі "Синий кит" ойыны жайлы айтып берді
ҚР ІІМ арнайы қызметі Интернетте өлім топтарының бар-жоғын зерттеп жатыр, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі. Бұл туралы Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов Парламент Мәжілісі барысындағы отырыста айтты.
"Әрине, біз Интернетті толықтай бақылап отырмыз, өлім ойындарын анықтап жатырмыз. Бүгінде 100-ден аса дерек анықталды және біз оларды бұғаттау үшін Ақпарат және коммуникациялар министрлігіне жолдадық. Былтыр өз-өзіне қол жұмсамақ болғандар және өз-өзін өлтіру деректеріне қатысты 44 қылмыстық іс қозғалған. 16 бала қайтыс болған. Сол кезде жүргізілген тергеулер бұл деректерді анықтамаған", - деді министр.
"Қазіргі таңда қаңтар және ақпан айлары бойынша кәмелетке толмағандарға қатысты 63 оқиға тіркелген. 15 бала өздеріне қолдан келетін барлық жарақатты жасаған. Бізге балалардың ата-аналарынан, мұғалімдерінен, туыстарынан хаттар келіп жатыр. Барлық дерек бойынша қажетті шараларды қолданып жатырмыз. Басты проблема - қолданылып жатқан ресурстардың Қазақстаннан тыс жерде болуында. Мысалы, "ВКонтакте" әлеуметтік желісі Ресейдікі, Facebook пен Instagram желілері АҚШ-та. Біз енді заңды түрде қазақстандық қолданушыларға қатысты барлық мәліметтің біздің қолуымыздан болуын міндеттеуіміз керек немесе оларды қазақстандық провайдерлер арқылы жұмыс істеуге міндеттеуіміз қажет. Әрбір дерек прокуратураға жолданады, онымен қоса, түрлі заңнамалар бар, сіздер енді осы жұмыстың осылайша ұзақ жүргізілетінін көріп отырған шығарсыздар", - деді Қалмұханбет Қасымов.
Сондай-ақ, министр "Синий кит" және "Тихий дом" деген суицидке шақыратын пабликтер мен парақшалар жайлы толығырақ айтып берді.
"Соңғы "Синий кит" және "Тихий дом" парақшаларын тексердік. Тексеріп жатырмыз, Ресейдің зор тәжірибесі бар. Олар бұл мәселемен 2013 жылы айналысқан еді. Былтыр Ресейде өлім тобын ашып, оны F-57. F - Филлип деп атаған Филипп Будейкин деген адам ұсталған, оның парақшасының соңғы цифрлары - 57. Оған бірнеше жасөспірімнің өліміне қатысы бар деген айып тағылған. Әрине, осыдан кейін оның "ізбасарлары" жолын жалғастырған. Қазір "Позвони мне в 4:20", F-58 деген тағы да көптеп топтар пайда болған. Оның үстіне, олар қазір мұны телефондарға қосымшалар арқылы жіберген - Whatsapp, Instagram, Facebook. Сондықтан мұнда мәселелер бар. Еріктілер ғана емес, біз де бақылап жатырмыз, арнайы қызметті отырғызып, осы жұмысты бақылатып жатырмыз", - деді Қасымов.
"Олардың балалардың психикасына әсер ететіні, тартатыны белгілі. Осы 63 оқиғаның 15-інде балалар өздері көңіл көтерген. Кейбіреулері парақшасының деңгейін көтергісі келген, ал 15 бала өзіне жарақат салған", - деп нақтылады министр.
Сонымен қатар, Қасымов ресейлік әріптестерінің қалай әрекет еткені жайлы айтты.
"Әрине, психикаға әсер етеді. Оқып көрсең, шамамен 50 күн беріледі екен, әр күні қатысушы белгілі бір тапсырмаларды орындау керек, мәселен 18-ші күні таңғы 4:20-да тұрып, шатырға шығып, біраз тұру керек. Ал 19-шы күні "ең ірі көпірге бар". 21-і күні "ең биік кранға шық". Ал 28-ші күні китпін деп ант беруің керек екен. 39 бен 49-шы тапсырмаларда түнгі 4:20-да күн сайын оянып, үрейлі фильмдер көр дейді. 50-ші күні "өз-өзіңе қол сал немесе биіктіктен секір" деп тапсырма береді. Біз де неге 50 күн екенін сұрадық. Ресейліктердің нұсқасы бойынша, 2013 жылы кітап жазылған, авторы Анастасия Холова. "50 дней до моего самоубийства" деп аталады. Бұл солардың кітабы болып, соны пайдаланады. Кітапта ауыр жағдайды басынан кешіретін әйел жайлы айтылады: жауапсыз махаббат, ата-ананың ажырасуы, сатқындық - ал бұл жағдайдан шығудың жалғыз жолы - өзін-өзі өлтіру. Криминалдық полиция бүкіл Интернетті бақылайтын болады", - деді министр.