Жаңалықтар

Қазақстан Орталық Азия әйелдері диалогына төрағалық етуді бастады

ашық дереккөзі

Қазақстан Орталық Азия әйелдері диалогына төрағалық етуді бастады

Бүгін Астанада БҰҰ мен Қазақстан Президенті жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен «Инновациялар мен технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлі» тақырыбында Орталық Азия елдері әйелдері диалогының отырысы өтті. Іс-шарада Қазақстанның Орталық Азиядағы әйелдер диалогына төрағалығы басталды. Оған Қазақстан мен Өзбекстан Парламенті палаталарының спикерлері, Қырғызстан, Тәжікстан және Түрікменстан депутаттары, мемлекеттік орган басшылары, сондай-ақ үкіметтік емес және халықаралық ұйымдардың, дипломатиялық корпустың өкілдері қатысты. Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы Ерлан Қошанов, Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова, Қазақстан Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия төрайымы Аида Балаева, БҰҰ  Бас хатшысының көмекшісі Мирослав Енча сөз сөйледі.   «Осы платформаны және оның қатысушыларының белсенді әлеуетін ескере отырып, біз әйелдердің, отбасыларымыздың, әсіресе жаһандық және өңірлік сын-қатерлер жағдайындағы өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ортақ проблемаларды бірлесіп шеше аламыз», – деп атап өтті Аида Балаева. Сондай-ақ, Аида Балаева Орталық Азия елдерінің ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтарының демографиялық дамудың, гендерлік теңдіктің өзекті мәселелері бойынша ынтымақтастығын кеңейтуді,  туризмді дамыту, мәдени саласында бірлескен жобаларды іске асыруды, экология саласында өзара іс-қимыл жасауды, сауда-саттықты, соның ішінде цифрлық сауданы дамытуды ұсынды. Еліміз бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі әйелдердің рөлі жөніндегі мәселелерде тәжірибе алмасу аясын кеңейтуді көздеп отыр. Қазіргі уақытта Батыс Сахарадағы БҰҰ миссиясына қазақстандық 6 әскери бақылаушы, соның ішінде 1 әйел сарбаз қатысуда. Қазақстанның Қарулы Күштерінің БҰҰ бітімгершілік миссияларына қатысуын кеңейту жөніндегі Жол картасында әйел әскери қызметшілерді даярлау туралы тармақ бар. Сессия қорытындысы бойынша Орталық Азия елдері әйелдері диалогының 2023 жылға арналған іс-шаралар жоспары қабылданды. Оған Алматыда «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» атты халықаралық конференция өткізу мәселесі де енгізілді. «Әйелдердің қатысуымен инновациялар мен технологияларды дамыту саласындағы озық тәжірибелер» атты тақырыптық сессияда жаңа технологияларды дамытудағы әйелдердің рөлін көрсететін табысты инновациялық жобалар таныстырылды. Сессия барысында қатысушылар әйелдер стартаптарын, жасанды интеллект, ауылдық жерлерде цифрландыруды дамытуға бағытталған цифрлық жобаларды талқылады. Сонымен қатар отбасы мен қоғамның, әйелдер кәсіпкерлігінің, кәсіптік-техникалық білім беру мен жұмыспен қамтудың өзекті мәселелерін шешуге бағытталған әзірлемелерді қарастырды. Диалог 2020 жылғы желтоқсанда басталды. Өткен жылдары оған Өзбекстан (2021), Түрікменстан (2022) төрағалық етті. Диалог БҰҰ Орталық Азия үшін превентивті дипломатия өңірлік орталығының, БҰҰ Даму бағдарламасының және БҰҰ Әйелдер ұйымының қолдауымен құрылып, жұмыс істеп келеді.