Жаңалықтар

Шағын ауылдарда да интернет болуы керек – AMANAT

ашық дереккөзі

Шағын ауылдарда да интернет болуы керек – AMANAT

«AMANAT» жанындағы Партиялық бақылау комитетінің және Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің мүшелері Қостанай облысына барды. Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» фракциясының мүшелері Павел Казанцев, Екатерина Смышляева, Берік Бейсенғалиев, Юлия Кучинская аймақ тұрғындарымен бірқатар кездесу өткізді. Партиялықтар Арқалық пен Державинск қалалары арасындағы автожолды жөндеу жұмысы барысын тексерді. «AMANAT» жанындағы Өңірлік даму жөніндегі республикалық кеңестің төрағасы, Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиевтің айтуынша, бұл мәселе партияның сайлауалды уәделері аясында шешіліп, жөндеуге 2,5 млрд теңге бөлінеді. Аманаттықтар облыс орталығынан 450 шақырым жерде орналасқан Амангелді ауданының Қарынсалды ауылының тұрғындарымен де кездесті. Ауылда тек 140 адам тұрады, олар интернеттің жоқтығына, ұялы байланыс сапасының төмендігіне және жол сапасының нашарлығына шағымданды. Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылында партиялықтар «Арқалық ауылшаруашылық тәжірибе станциясы» ЖШС ұжымымен кездесті. Фермерлер инфрақұрылымды дамытудың қолға алынуы, жол салынуы сияқты басқа да оң істердің атқарылып жатқанына қарамастан, жастар жұмыссыз қалғандықтан ауылдан кетіп жатқанына алаңдайды. Осы орайда, аманаттықтар ауыл шаруашылығын қолдау партияның сайлауалды бағдарламасының негізгі басымдықтарының бірі екенін атап өтті. Алдағы бес жылда «AMANAT» аграрлық саланы субсидиялау жүйесін жақсартуға, жем-шөп өндірісін дамытуға, сондай-ақ бүкіл өндіріс тізбегі бойынша мал шаруашылығының қордаланған проблемаларын шешуге ықпал ететін болады.