Жаңалықтар

«Жастарға жұмыс» жобасы: Жұмыспен қамту іс-шараларымен 100 мың жас қамтылады

ашық дереккөзі

«Жастарға жұмыс» жобасы: Жұмыспен қамту іс-шараларымен 100 мың жас қамтылады

«Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырған бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 20 мыңға жуық жас қатысты. Бүкіл ел аумағында ұйымдастырылған жәрмеңкеде 3,5 мыңнан астам жұмыс беруші бос жұмыс орындарын ұсынды. Жалпы, биыл 100 мыңға жуық жас жұмыспен қамту іс-шараларына тартылады. Бұл туралы бүгін елордадағы «Жастар» сарайында өткен жәрмеңке барысында «AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек айтты. Бүгін Астанадағы «Жастар» сарайында ауқымды бос орындар жәрмеңкесі өтті. Іс-шараны Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің қолдауымен «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты ұйымдастырды. Жәрмеңкеге мемлекеттік органдар мен жеке компаниялар арасынан 50-ден астам жұмыс беруші қатысты. «AMANAT» Хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, партияның сайлауалды бағдарламасында белгіленген басты міндеттердің бірі – жастар үшін әділ әлеуметтік лифт жасау. Мұндай жәрмеңкелер еліміздің барлық аймағында тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Қазақстандық жастар баспана алу мен емделуден бастап, бизнес ашуға және жұмысқа орналасуға дейінгі барлық мәселе бойынша қажетті кеңестер алады. Жәрмеңкелерге жұмыс берушілердің өздерінен басқа Халықты жұмыспен қамту орталықтарының, «Отбасы банкі» АҚ, Халыққа қызмет көрсету орталықтарының, медициналық сақтандыру қорының, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, екінші деңгейдегі банктердің мамандары қатысып жатыр. Жоба аясында еліміздің барлық өңірінде жастарға арналған бос жұмыс орындар жәрмеңкесін ұйымдастыру, жылдық мөлшерлемесі 2,5%-ды құрайтын жеңілдікпен несие беру, тау-кен өнеркәсібінде жаңадан 2 мың жұмыс орнын ашу, жас мамандарды IT дағдыларына оқыту үшін 3 мың ваучер бөлу және тағы да басқа игі бастамалар қарастырылған.