Жаңалықтар

«Дәретханасы далада»: Динара Зәкиева Түркістан облысындағы лагерьге қатысты пікір білдірді

ашық дереккөзі

«Дәретханасы далада»: Динара Зәкиева Түркістан облысындағы лагерьге қатысты пікір білдірді

Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы лагерьлердің бірінде түсірілген резонансты видеодағы жағдайды тексеру үшін Динара Зәкиева ауданға барған. Бұл туралы ҚР бала құқықтары жөніндегі уәкіл Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлады turkystan.kz. «Балалармен сөйлесіп, жағдайларын қарап шықтым. Қазір лагерьде ауысым басында болған 600 баланың 190-ы ғана қалған екен. Қалғанын ата-аналары үйге алып кеткен. Балалар лагерьді өздері көрсетіп шықты. Бағдарлама, тәрбиешілер және бұл жерде өткізген уақыттары ұнап жатыр дейді. Бірақ лагерьде балаларға дұрыс жағдай жасалмаған» деп жазды Динара Зәкиева. Оның айтуынша, ұйымдастырушылар жалға алып, балаларға қызмет көрсетіп жатқан ғимараттары өте ескі. Мемлекеттік органдар бұл лагерьде тексеріс жүргізіп жатыр. «Мұндай мәселе неліктен туындайды? Мысалы, Түркістан облысында тек 6 мемлекеттік лагерь бар. Жазғы демалыспен көбірек баланы қамту үшін әкімдіктер жекеменшік лагерьлерге мемлекеттік тапсырыс береді. Ал қазір бұның бірыңғай тәсіл, ереже, стандарттары мен талаптары жоқ. Сондықтан алдымен заңды өзгерту керек. Біріншіден, бірыңғай ережелер мен талаптарды енгізу керек. Екіншіден, лагерьлер ашылғандары туралы мемлекеттік органдарды хабардар ету керек. Себебі қазір лагерьді ашу үшін тек Төтенше жағдайлар басқармасы мен СЭС-тен рұқсат алу жеткілікті. Осылайша, лагерьді кез келген мекеме ашып жүр. Сайрам ауданындағы мемлекеттік лагерьлердің біріне де барып келдік. Ондағы жағдай сәл жақсырақ, дегенмен дәретхана мен бассейн онда да қорқынышты күйде. Дәретхана тағы да далада. Мұның бәрін әкімдік өкілдеріне жеткіздік. Сонымен қатар, Төлеби ауданында орналасқан ЕҚБ балаларға арналған МӘМ-ге де барып келдік», - деді бала құқықтары жөніндегі уәкіл.