Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс
Салтанат құрған сұлтан Бейбарыс
Тарих деген қария кітап бар. Біз Бейбарыс есімін бұрын анық білмейтін едік. Морис Симашконың «Емшан» атты хикаятында, сосын әйгілі Нұрмұхан Жантөрин сомдаған «Бейбарыс» фильмі арқылы ғана еміс-еміс бейнесін таныдық. Қатпар-қатпар тарих парақтарында есімі алтын әріппен жазылатын ұлы тұлға туралы тек Тәуелсіздік тұсында көбірек біле бастадық...
Былтыр Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев 20-21 ақпан аралығындағы Мысырға сапары барысында әл-Азһардың жоғарғы имамы шейх Ахмед ат-Тайебпен және Мысырдың Уақыфтар министрі Мұхамед Мұхтар Жұмамен кездесулер өткізді. Кездесуде Қазақстан тарапы бұған дейін Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалпына келтіруге қаржы бөлгенін айтты. Сенат Төрағасының Египетке жасаған ресми сапары кезінде Бейбарыс, Қалауын, Қайтбай сұлтандардың басына барып, зиярат еттік.
Сол сапардан келген соң Серікбай Трумов екеуміз сол кездегі Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжановтың атына депутаттық сауал жолдаған едік. Депутаттық сауалда Мысыр елін 17 жыл билеген Бейбарыс сұлтан туралы Араб тарихшылары Бейбарыс сұлтан басқарған кезеңді – «алтын жылдар» деп атайтынын, тарихшы Вильгельм Тайпольский: «Бейбарыс – жауынгерлігі жағынан Гай Юлий Цезарьмен терезесі тең тұратын қаһарман» деген баға бергенін айттық. Бейбарыс әлемнің 54 елімен дипломатиялық қарым-қатынас жасаған. Ол өз заманында Мекке мен Иерусалимнің қауіпсіздігін қамтамасыз еткенін айтсақ та жеткілікті. Шын мәнінде, теңдесі жоқ тарихи тұлға.Қазақстан мен Мысыр арасындағы қарым-қатынас жақсы дамыды. Қазақстан мен Мысырды байланыстыратын тарихи тұлғалар бар. Солардың ішінде Сұлтан Бейбарыстың есімі ерекше аталады. Бейбарыс билігі тұсында салынған тарихи ескерткіштер күні бүгінге дейін Каир қаласының сәнін келтіріп тұр.
Мысырдағы қыпшақ сұлтандарына қатысты жазылған сирек кездесетін кітаптар мен қолжазбалардың көшірмелерін, электронды нұсқаларын алдырып ғылыми айналымға енгізу керек. Мәмлүктер кезеңінде жазылған қазақ тарихы үшін маңызы зор араб және қыпшақ ғалымдарының еңбектерін қазақшаға аударып кітап етіп шығару маңызды.
Кейбір араб тарихшылары мәмлүктерді кавказдықтар деп біледі. Алайда Барысбай, Белбай, Қайтбай, Жанболат, Тұманбай секілді сұлтандардың есімінің өзі көп нәрсені дәлелдеп жүр. Мұндай қазақи есімдер кавказдықтарда бұрын да болмаған, қазір де жоқ. Сондықтан араб-қазақ тарихшылары бірігіп, Мысыр мәмлүктерінің Дешті Қыпшақ даласынан барғанын дәлелдеп, бұл таласқа нүкте қойғаны дұрыс. «Қазақстанның Египеттегі елшілігі ұсынып отырған басқа да бірқатар ұсыныстарды зерделеп, Бейбарыс сұлтанның 800 жылдық мерейтойын өткізудің кешенді жоспарын тезірек жасауды сұраймыз» деген едік.
Депутаттық сауалымыздың нәтижесінде осы айтылған мәселелер Үкімет тарапынан қолдау тапты. Мешіттің ашылуын мысырлықтар мен қазақ елі көптен күткен еді. 8 ғасыр бұрын негізі қаланған «Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс» мешіті қайта қалпына келтіріліп, салтанатты түрде ашылды. Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев қазақ елінің делегациясын бастап барды. Делегация құрамында сенаторлар, Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі, Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов және зиялы қауым өкілдері болды. Салтанатты рәсімге Әл-Азһардың Жоғарғы имамы, шейх Ахмед Ат-Тайеб бастаған көрнекті дін өкілдері, мемлекет қайраткерлері және жергілікті жамағат қатысты. Алдағы уақытта мешіт елдеріміз арасындағы байланыстың алтын арқауына және екі халықтың ортақ игілігіне айналатыны анық.
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев: «Қазақ даласында туып, Мысырда ел билеген әйгілі бабамыз Бейбарыс сұлтанның туғанына биыл 800 жыл толып отыр. Бұл – екі ел үшін де маңызы зор оқиға. Сондықтан Қазақстан осы мерейлі датаның жоғары деңгейде аталып өтуіне ерекше көңіл бөліп отыр. Бұл бағытта 600-ден астам іс-шара өткізу жоспарланған. Олардың бірқатары Мысыр жерінде ұйымдастырылды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасы бойынша ұлы тұлғаның есімін ұлықтайтын айтулы шараларға қатысу үшін Мысырға арнайы келдік. Бейбарыс сұлтан өз дәуірінде ержүректігімен және әділдігімен дараланған қолбасшы. Крестшілер жорығы мен моңғол шапқыншылығына тойтарыс беріп, бүкіл ислам өркениетін күйреуден құтқарып қалды. Мешіт, медреселер салдырып, Мысыр жерінде ғылым-білімнің дамуына даңғыл жол ашты. Каирдегі «Сұлтан Аз-Заһир Бейбарыс» мешіті ұзақ уақыт пайдаланылмай, қиранды қалыпта жатыр еді. Қалпына келтіру жұмыстарынан Қазақстан тарапы да қалыс қалмады, жан-жақты қолдау көрсетті. Сұлтан Бейбарыс 1266 жылы мәмлүк сәулет өнері үлгісінде «аз-Захир Бейбарыс» мешітін салуға әмір береді. Мысыр билеушісінің мақсаты – Мысыр тарихында Қыпшақ мәмлүктерінің орнын тайға таңба басқандай етіп қалдыру. Мысыр мен Шам елінің төрт құбыласы түгел әрі біртұтас мемлекет болатынына үмітпен қарап, пішіні төрт бұрышты мешіттің іргетасын қалауға бұйрық береді. Жергілікті халық бұл мешітті қамал деп те айтады. Айтуларынша, мешіт жобасы жергілікті тұрғындарға соғыс жағдайына да ыңғайлы етіп салынған. Бейбарыстың өмір тарихы ғылым үшін аса маңызды. Сол себепті оны зерттеу, дәріптеу қашанда өзекті. Осы ретте бұл конференция бейбарыстану ілімін ілгерілетіп, осы бағытқа тың серпін беретіні сөзсіз», – деді.
Шын мәнінде, Бейбарыс сұлтан мешітінің қайта ашылуы Қазақстан мен Мысыр тарапы және екі елдегі мұсылман қауымы ұзақ күткен жаңалық.