Өрт орманды ғана емес, өзегімізді де өртеді
Өрт орманды ғана емес, өзегімізді де өртеді
8 маусымда Абай облысындағы Семей орманында тұтанған өрт бақылаудан шығып, 15 адамның өмірі қиылды. 12 маусымда жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды. Бұл – тәуелсіздік алғалы бері жарияланып отырған он бірінші аза тұту болды. Орман өрті тек 14 маусым күні кешке ауыздықталды.
Өрт және оның қайғылы салдары жайындағы мәселе орман шаруашылығы саласында ғана емес, одан да тереңде жатқанын тағы бір айқындап берді. Басқасын былай қойғанда, былтырғы Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмағанымыз көрінді. Тағы сол оқиға желісі: басшылар жауапкершілік алғысы келмейді, жемқорлық, салғырттық, сәйкесінше техника жоқ, жалақы аз, маман жеткіліксіз. Дегенмен барлығы орынша, талапқа сай деп жалған есеп, көпірме сөз, көлдей баяндамалар оқылып келген. Екі бірдей министрлік орманның біршама бөлігі жанып кеткенде ғана қозғалды.
Өрт құрсаған аймақ
«Семей орманы» резерватындағы өрт 8 маусымда басталды. Өрт шарпыған аумақ бір аптаға жуық уақыт ішінде 60 мың гектардан асып кетті.
Nasa агенттігінің онлайн өрт картасындағы мәліметтерге сүйенсек, өрт алғашқы күні біршама аумақты шарпыған. 9 маусым күні әрі қарай таралып, 10 маусымда бәсеңдеген. Дегенмен, 11 маусымда қайта өршіп, табиғи факторлардың әсерінен күшейе түскен.
– 8 маусым күні сағат 12:03-те Семей қаласынан 25 шақырымдай қашықтықтағы Батпаев орман шаруашылығының 66 кварталында өрт шыққаны туралы хабар түсті. Өрт найзағайдың 2 рет соғуынан шыққан. Өртті тез арада ауыздықтау мүмкін болмады, оған себеп «Семей орманы» мемелекеттік орман табиғи резерваты техникасы биік құм төбелері орналасқан аймаққа жете алмады. Өрт орман шаруашылығы орналасқан жерден қашықтығы 11 шақырымды алса, техника жеткенше өрт аумағы 20 гектарды құрады. Жоғары температура мен қатты желдің салдарынан өрт екі сағаттың ішінде 200 гектар аумақты шарпыды, – деп мәлімдеді Абай облысы әкімінің орынбасары Д.Гариков.
Өрттің салдарынан 15 адам қаза болды, олардың 14-і орман шаруашылығының қызметкерлері. 12 маусым күні ту түсіріліп, аза тұту күні жарияланды. Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қызметінен босатылды.
Мемлекет басшысы шұғыл кеңес өткізіп, апаттан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсету шараларын қабылдау үшін Абай облысына баратыны хабарланды. 10 маусымда Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Абай облысына барды. Президент орман алқаптарындағы өрт сөндіру жұмыстарымен танысып, шұғыл әрекет ету штабыың отырысын өткізді және өрт кезінде қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің туыстарымен кездесті. Кездесуде 12 маусым елімізде жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланатынын мәлімдеді.
– Осы қайғылы жағдайға кінәлілердің бәрі заң бойынша жауапқа тартылады. Дүйсенбі күнін еліміз бойынша Жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияладым. Біз қаза тапқан азаматтарды еске аламыз. Сабыр сақтап, бекем болыңыздар. Құқық қорғау органдары мен министрліктер тарапынан болсын, барлық сала бойынша тиісті шаралар қабылданады. Қазір кеңес өткіземін. Бұл жағдайдан міндетті түрде тиісті қорытынды шығарамыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президенттің сапары кезінде облыстағы қаншама жыл түйіні тарқатылмай келе жатқан басқа да түйткілді мәселелер де қозғалды. Үкіметке және Абай облысының әкімдігіне қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерінің отбасыларына барлық қажет көмекті көрсету тапсырылды. Төтенше жағдай кезінде қаза болғандар «Құрмет» медалімен марапатталды.
12 маусымда Премьер-Министр Әлихан Смайылов Абай облысындағы өртті ауыздықтау және одан зардап шеккен отбасыларға қажетті қолдау шараларын көрсету мәселелері жөнінде жедел кеңес өткізді. Өрттен қаза болғандардың отбасына 7 миллион теңгеден және әр балаға 2 миллион теңгеден бөлінетінін хабарлады. Облысқа барлық аймақтардан қосымша көмек жеткізілді, түрлі қорлар ашылып, гуманитарлық көмек жиналды, басқа да қаржылай көмек көрсетілді.
Төтенше жағдайлар министрлігі 14 маусымда кешкі сағат 9-да Абай облысындағы орман өрті оқшауланғанын хабарлады.
– 2023 жылғы 14 маусымда сағат 21:00-дегі әуеден барлау және жедел жағдайды бағалау қорытындысы бойынша, Абай облысындағы «Семей орманы» табиғи резерватының аумағындағы табиғи өрт оқшауланғаны анықталды, – деп жазылған министрліктің хабарламасында. Министрлік енді жекелеген от ошақтарын сөндіруге және жаңаларының пайда болмауына күш салатынын хабарлады.
Өрт кезінде болған негізгі оқиғаларға шолу жасап өттік, қазір оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалып, Бас прокуратураның қарауына берілді.
Салдары ауыр салғырттық
2022 жылғы 1 қаңтардағы мәліметке сүйенсек, орман немесе орман алқаптары – еліміздің барлық ауданының 10 пайызы. Ал оның басым бөлігі осы Семей аймағында. Ресми ақпаратқа сүйенсек, «Семей орманы» резерватының жалпы аумағы 650 мың гектардан асады. Мамандар өрт болған аумақтағы орман қалпына келуі үшін жарты ғасырдан астам уақыт керек болады дейді.
Жалпы, резерваттағы проблема жаңадан туындап отырған жоқ. 1997 жылдан бастап өрттер мен жөн-жосықсыз ағаштарды отау 150 мың гектарға жуық орманды жойған. 2006 жылдың қазан айында шыққан өртте Беген орман шаруашылығы өртеніп, 87 үй күлге айналған, 5 адам қайтыс болған. Одан соң 2012 жылы үлкен төтенше жағдай болды, ал 2018 жылғы мамыр айында өрттен 3 мың гектардан астам қарағай жанып кеткен. Иә, орман өрті әлемде бар, тіпті күнделікті болып жататын табиғи құбылыс. Біріккен ұлттар ұйымының дерегінше, орман өртінің қалай басталғаны, неден тұтанғаны көп жағдайда (50 пайыз) анықтала бермейді екен. Дегенмен Абай облысында болған осы жағдайда істің насырға шабуына табиғи факторлардан гөрі басқа мәселелер көбірек әсер еткен. Мұны жауаптылар да мойындады. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр Абай облысындағы өрттің өршуі жалын ауқымының дұрыс бағаланбауы әсерінен екенін мәлімдеді.
– Біз өртті бірден сөндіруге болатын сәтті жіберіп алдық. 22 мамырда осы орманда 5 мың гектарда өрт болды. Оны жедел түрде өшірді. Ал бұл жолы жағдайды дұрыс бағаламаған. Техника бойынша соңғы жылдары жағдай күрделі болып отыр. Біз техниканың орнын толтыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Экология министрлігінің дайындығы 59 пайызға бағаланды, – деді ол.
Роман Скляр қаза тапқан орманшыларда арнайы киімдерінің болмағаны жайлы, тіпті өрт ошағына туфлимен кеткеніне қатысты пікір білдірді.
– Бұл бойынша қылмыстық іс аясында тексеріледі. Рация, арнайы киімдерінің болмағаны тексеріледі. Қостанай облысындағы өрттен сабақ алмадық деп айта алмаймыз. Материалдық-техникалық базадағы жұмысты күшейттік. Өрт желдің әсерінен бірден өршіп кетті. «Ғарыш сапары» штаттық режимде жұмыс істеді. Бұл жағдай ТЖМ-де айтылды. Өрттің басталғаны туралы орман шаруашылығы да білді. Өрттің ауқымы бағаланбады, – деді Скляр.
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нұртай Сабильянов Абай облысындағы өртке қатысты олқылықтарды айтып, бірқатар ұсыныс жасады. Ол өз сөзінде азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апатқа дайын болмағанына баса тоқталды.
– Шынын айту керек, жергілікті жерде болған жағдай азаматтық қорғау органдары, тиісті мемлекеттік органдар табиғи апаттарға дайын болмағанын тағы да көрсетті. Депутаттар Үкіметтің назарын орман шаруашылығындағы өртке қарсы және құтқару қызметіндегі жүйелі проблемаларға аударып, бірнеше депутаттық сауалдар жолдаған болатын. Бірақ іс жүзінде мәселелер толық шешілмеген. Мұндай салғырттықтың орны толмас ауыр қайғыға алып келетінін өмір көрсетіп отыр. Мемлекет басшысы төтенше жағдайлар жөніндегі жедел штабтың отырысында былтыр Қостанай облысында болған өрттен қорытынды шығарылмағанын, берілген тапсырмалар сапасыз орындалғанын қатаң сынға алды. «Семей орманы» орман табиғи резерватында 363 техника бар. «Онда неліктен адамдар өртті сөндіруге жеке көліктерімен барған? Техниканың жай-күйі қандай? Тіпті, қажетті техника бар ма? Сондықтан орман шаруашылықтарының материалдық-техникалық базасын жаңартып, арнайы өртке қарсы техникамен толық жабдықтау қажет, – деді ол.
Одан бөлек, орманшыларға тиісті жағдай жасалмаған, маман онсыз да жоқтың қасы. Өрттен кейін орманшылардың жалақысы өсетіні туралы мәлімет жарияланды.
Ал «Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дидар Смағұлов инвентеризацияның қорытындысын, мемлекеттік сатып алу порталындағы мәліметтерді алға тартып, резерватта қажетті техниканың бәрі қағаз жүзінде болғанын, тіпті қыруар қаржыға рация батареялары да алынғанын айтады. Дегенмен әуелде айтқандай, өрт кезінде мұның бірі де болмаған. Сонымен қатар екі апта бұрын резерваттың бұрынғы басшылары мен бірнеше кәсіпкер пара алғаны, пара бергені үшін 10 жылға сотталған. Дидар Смағұлов жауаптылардың бәрі жауапқа тартылуы керек екенін айтады.
Бас Прокурордың орынбасары іс әділ тергелетініне сенімді екенін айтты. Жандос Өмірәлиев тергеу нәтижесі, жиналған материалдар негізінде жауапты тұлғалар жауапкершілікке тартылатынын, бұрынғы Төтенше жағдай министрі Юрий Ильин, Экология және табиғи ресурстар министрі Зүлфия Сүлейменова, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев тергелетінін айтты. Ал Даниал Ахметовке сұрақ жоқ екенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ж.Өмірәлиевтің сөзінше, негізінен, Семей орманы Экология және табиғи ресурстар министрлігіне қарайды. Сондықтан қаржыландыру, керек-жарақ, техникамен қамтамасыз ету, кадр-маман мәселелері және басқа да сол апат басталғанда атқарылуы керек болған шаралардың барлығы – Экология және табиғи ресурстар министрлігінің жауапкершілігінде екен.
Жандос ӨМІРӘЛИЕВ,
Бас Прокурордың орынбасары:
Іс әділ тергеледі
– Абай облысы, Семей резерватындағы алапат өртке байланысты Қылмыстық кодекстің 292-бабының 3-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен аталған қылмыстық істің тергелуі Бас прокуратураға жүктелді. Бас прокуратура тарапынан құқық қорғау органдарының ең білікті тергеушілері мен жедел уәкілдерін тарта отырып, тиісті ведомствоаралық тергеу тобы құрылды. Комиссия оқиға орнында жұмысын бастап кетті.
Өрттің салдарын ескере отырып, қызметтік борышын өтеп жүрген 14 отандасымыздың қаза болуына байланысты «Қызметіне немқұрайлы қарау» бабымен қосымша іс қозғадық. Істің шеңберінде өз қызметіне салғырттықпен, жауапсыздықпен қарап, осындай қасіретке жол берген барлық лауазым иелері қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Қылмыстық істің тергелу барысы туралы тиісті ақпаратты беріп, халыққа жариялап отырамыз. Дегенмен ешкімнің іс-әрекеті әлі сараланған жоқ. Қылмыстық іс бойынша әлі ешкімге статус берілген жоқ. Арнайы тергеу жоспары бар. Осы жоспар бойынша жиналған материалдар негізінде барлық тұлғалар тергелетін болады.
Өрт тұтануының негізгі себептері ретінде қазір барлық нұсқаны қарастырып жатырмыз, нақтырақ айтқанда, бірінші нұсқа – қасақана өртеу. Бұлай болуы мүмкін екені құпия емес. «Семей орманы» резерватының бұрынғы басшылары, директор мен оның орынбасары пара алып, 10 жылға сотталған. Сонымен қатар осы қылмыстық схемада тағы 3 кәсіпкердің қатысы бар. Олар да 10 жылға сотталған. Техника, маман бойынша да мәселелер бар. Екінші – техникалық қауіпсіздік талаптарын сақтамау, яғни адами фактор. Үшінші – табиғи фактор.
Тергеп-тексеру жұмыстары шамамен 2 айға созылады. Жұмыс Бас Прокурордың тікелей бақылауында. Сол себепті бұл қылмыстық іс әділ тергеледі, кінәсі бар лауазым иелері жауапқа тартылатынына сенімдімін.
Дидар СМАҒҰЛОВ,
«Әділдік жолы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Жүйені өзгертіп, жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуіміз керек
– Өрт, әрине, айтып келмейтін апат, дегенмен апаттың осындай қайғылы салдарға ұласуының бірінші себебі – жемқорлық. Өйткені құжаттарға қарайтын болсақ, арнайы сол ормандардағы өртке қарсы арнайы ақпараттық жүйе бар. Ол тәулік бойы жұмыс істеуі керек еді. Бірақ сол жүйенің жұмысының нәтижесін көрмей отырмыз. Порталдағы мәліметтер бойынша рацияларға батареялар да алынған. Бірақ марқұм болған қызметкерлердің туыстары ешқандай да батарея болмағанын, өз көлігімен барғанын айтты. Ал біз мекеменің өткен жылғы инвентеризация құжатын көрдік. Құжатта «Семей орманы» мекемесінде көліктің саны жеткілікті, түрлері де көп екені көрсетілген. Дегенмен өкінішке қарай, бар екенін не жоқ екенін нақты айта алмаймыз. Қазіргі бізде бар ақпараттарда, фотосуреттерде ескі, Кеңес үкіметінен қалған ЗИЛ-дар ғана бар. Ал 2011 жылы, 2016 жылы, 2021 жылы алынған техникалар қайда екені белгісіз. Осы мәселеге байланысты күдік туындап отыр және қоғамдық бақылау қажет екенін айтып жатырмыз.
«Контрабандалық қылмыстың ізін жасыру үшін өрт қойылған болуы мүмкін» деген нарратив те тарап жатыр, әртүрлі қылмыстың ізін жасыру үшін қойылған өрт болуы да әбден мүмкін. Себебі екі апта бұрын мекеменің басшылары жемқорлық жасағаны үшін 10 жылға сотталды. Олармен бірге пара бергені үшін бірнеше кәсіпкер сотталыпты. Олар ағаштарды заңсыз кескен. Басқа қылмыстары да болуы мүмкін, анықтала жатар, дегенмен жалған санитарлық құжаттама беріп, ағаштарды кескен екен.
Бұл мәселеге шынымен кінәлілер жауапқа тартылуы үшін біз мәселені назардан тыс қалдырмау керек, халықтың эмоциясы басылады, барлығы ұмытып кетеді деп айтылып жатыр ғой. Жоқ, біз бір айдан кейін ешқандай нәтиже болмаса, қайтадан барлық уәкілетті органдарға хат жазып, қоғам тарапынан резонанс жасау керек. «Осымен тоқтап қалмаймыз, мына жауапты тұлға қайда, мына тұлға бар» деп талап етуіміз керек. Ахметов мырза облысты 9 жыл басқарды, оның жауапкершілігі қайда? Президент мырза айтқандай, Ұранхаев мырза облыста 1 жыл жұмыс істеді, бұл көп емес, дегенмен де, жауапты. Сондықтан қоғам тарапынан бұл мәселені назарда ұстау керек. Себебі 15 отандасымыз қаза болған апаттың салдары ауыр. Жүйені өзгертіп, жауапты тұлғаларды жауапқа тартуды талап етуіміз керек.
Орман өрті, әрине табиғи апат болуы да мүмкін, қасақана жасалған жымысқы әрекет болуы да ықтимал, оны анықтау – ресми органдардың құзыретінде. Дегенмен бұл жердегі мәселе біздің ешқандай төтенше жағдайға дайын еместігімізде, бұған дейінгі апаттардан сабақ алмағанымызда болып отыр. Әдеттегідей, мәселенің ауқымы кең, тамыры – тереңде.