Жаңалықтар

Тәжікстан кілем тапшылығымен бетпе-бет келді

ашық дереккөзі

Тәжікстан кілем тапшылығымен бетпе-бет келді

Тәжікстан билігі шетел кілеміне кедендік баж салығын өсіргелі елде кілем таусылды деп хабарлайды Орталық Азияның жаңалықтар қызметі.  Үкімет шетелдік кілемдерге баж салығын арттыру арқылы отандық өнімді қолдағысы келген еді. Алайда шетел кілемдері нарықта жоғалып кетті, ал тәжік өндірушілері мұндай өзгеріске дайын болмай шықты. Қанық түсті, күрделі оюлы парсы кілемдерін, сапалы түрік кілемдерін, жұмсақ әрі жылы түркімен кілемдерін Тәжікстан базарларында кездестіру оңайға түспейді. Бұған дейін Душанбеде кілемнің неше түрі табылатын еді. Сафарали Рахматшоев он жыл бойы кілем саудасымен айналысқан, енді ол жұмысын ауыстырғысы келеді. Елде кедендік баж салығысы көтерілгелі бері сауда дұрыс жүрмей қалған. "Қазір кілем үшін екі есе жоғары салық төлеу керек болады. Сол себепті біз қазір Түркиядан тауар тасуды тоқтаттық, бірақ түрік кілемдеріне сұраныс бар", - дейді кәсіпкер. Өткен жылы үкімет кілемге кеден салығын 30 пайызға дейін көтерген. Соған қарамастан салықтан түскен табыс үш миллион долларға кеміп кеткен. Өйткені саудагерлер Тәжікстанға шетелден кілем тасуды тоқтатты. Кілем саудасында қалғысы келгендер тауар бағасын көтергенімен, олардың кірісі әлдеқайда кеміп кеткен. Бүгінде Тәжікстанда төрт фабрика кілем шығарады. Олардың бірінде кілем қолдан тоқылады. Өндірушілер отандық кілемнің сапасы төмен екендігін жасырмайды.