Жаңалықтар

«AMANAT» партиясы өрттен зардап шеккен Абай облысының тұрғындарына көмек көрсетуді жалғастырып жатыр

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясы өрттен зардап шеккен Абай облысының тұрғындарына көмек көрсетуді жалғастырып жатыр

Ел аумағында Абай облысының өрттен зардап шеккен тұрғындарына гуманитарлық көмек жинау жұмысы жалғасып жатыр. Бүгінде партияның Семей қаласындағы өңірлік филиалы жанындағы гуманитарлық көмек қабылдау пунктіне жалпы сомасы 72 млн теңгеден асатын 85,5 тонна бірінші кезекте қажетті заттар мен азық-түлік жеткізілді. Оқиға орнында Астана қаласынан, Шығыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Павлодар облыстарынан келген «Жастар Рухы» жастар қанатының 500-ден астам волонтері жұмыс істеп жатыр. Мәселен, бүгін «AMANAT» партиясының Астана қалалық филиалы 15 тоннадан астам азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттарды жинады. «Жастар Рухы» жастар қанатының Павлодар өңіріндегі волонтерлері зардап шеккендерге көмек көрсету және қалпына келтіру жұмысына атсалысу үшін Абай облысына келіп үлгерді. «Жастар Рухының» белсенділері Абай облысында өрттен зардап шеккен тұрғындарға көмек көрсету үшін волонтерлер тобын құрды. Жағдай тұрақтанғанға дейін халықты эвакуациялау, елді мекендерге гуманитарлық көмек жеткізу ісіне атсалысуға дайынбыз. Өзгенің қайғысы, бөтеннің қасіреті деген ұғым жоқ. Мұндай жағдайда ешкім сырттай бақылап отыра алмайды. Осындай сәтте бірлік пен ынтымақ таныту қажет», – деді Павлодар облысының «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Еламан Асылбеков. Қостанай облысындағы аманаттықтар 20 тоннадан астам гуманитарлық көмек жөнелтті. Бұл – жеке бас гигиена заттары, бір рет қолданылатын ыдыс-аяқтар, азық-түлік пен дәрі-дәрмектер.