Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының делегациясы саяси партиялардың «Қытай – Орталық Азия» диалогына қатысты

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясының делегациясы саяси партиялардың «Қытай – Орталық Азия» диалогына қатысты

Бейжіңде саяси партиялардың «Қытай – Орталық Азия» диалогының «Қытай мен Орталық Азия арасында неғұрлым тығыз қауымдастық құруға ықпал ету: саяси партиялардың жауапкершілігі» тақырыбындағы алғашқы отырысы өтті. Кездесуге Орталық Азиядағы бес мемлекеттен 26 саяси партияның көшбасшылары қатысты. Мәжіліс төрағасының орынбасары, «AMANAT» фракциясының мүшесі Альберт Рау бастаған отандық делегация құрамында «AMANAT» партиясының Хатшысы Руслан Әлішев және Парламент Мәжілісіндегі Қазақстанның өзге де саяси партияларының өкілдері болды. Альберт Рау бұл кездесу Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға мемлекеттік сапары және Сианда өткен «Орталық Азия – Қытай» алғашқы саммиті аясында қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асырудың жалғасы саналатынын атап өтті. «AMANAT» партиясының басым бағыты – минералдық шикізатты терең өңдеуге бағдарлана отырып, тың технологияны пайдалану арқылы экономиканы әртараптандыру. Мәселен, Қазақстан уран өндіру бойынша әлемде бірінші орында тұр. Алайда бізде оны өндіру мен жартылай фабрикаттар өндірісі ғана жолға қойылды. Бүгінде қытайлық компаниямен бірлесе отырып, Шығыс Қазақстанда ҚХР-дың атом электр стансасына жеткізілетін отын әзірлеу өндірісі қолға алына бастады», – деді ол. Өз кезегінде, Қытай Коммунистік партиясы Орталық Комитетіндегі халықаралық байланыстар бөлімінің басшысы Лю Цзяньчао ҚКП Орталық Азия елдеріне саяси сенімді тереңдету, стратегиялық байланысты нығайту және дамуды жандандыру үшін маңызды платформа ұсынатынын атап өтті. Оның айтуынша, ҚКП ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин мен өзге де көшбасшылар қол жеткізген маңызды консенсусты жүзеге асыру үшін Орталық Азия елдерінің партияларымен жұмыс істеуге, Қытай мен Орталық Азия арасында барынша тығыз қарым-қатынас орнатуға, сондай-ақ Қытай – Орталық Азия біртұтас қауымдастығын құруға ықпал етуге дайын. Сонымен қатар тараптар мемлекеттік басқару, партиялық оқытуды дамыту және партия кадрларын даярлау саласындағы ынтымақтастықтың келешегін талқылады.