Жаңалықтар

Биыл Астана жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар – Ерлан Саиров

ашық дереккөзі

Биыл Астана жылусыз қалуы мүмкін деген қауіп бар – Ерлан Саиров

«AMANAT» жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық кеңестің жұмыс тобы Астана қаласының ЖЭО-3 құрылысына партиялық бақылау жүргізді. Оның құрамына Мәжіліс депутаттары, Бас прокуратураның, Астана әкімдігінің, Қаржы мониторингі агенттігінің және Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өкілдері кірді. ЖЭО-3 құрылысының жүргізіліп жатқанына он жылдан асты және осы уақыт аралығында жұмыс құны өсіп, пайдалануға беру мерзімі бірнеше рет шегерілді. Жобаның мердігері «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ-ның ақпараты бойынша, алғашқы екі қазандық биыл қазан айында іске қосылып, ал ЖЭО-ның өзі жыл соңына дейін пайдалануға беріледі. Электр станциясын іске қосу үшін әлі де атқаратын шаруа шашетектен. Газ тарату желілерін жүргізу, су жылыту қазандығының желдету және ауаны баптау жүйесін жолға қою, сыртқы және ішкі инженерлік желілер бойынша жұмыс жүргізу қажет. Бүгінде құбырларды оқшаулау, сондай-ақ нысанды басқару жабдықтарын орнату және суды сығымдау жұмысы жалғасуда. Инспекция барысында партиялықтар елордада ЖЭО құрылысы уақтылы аяқталмаған жағдайда жылу энергиясының тапшылығы туындауы мүмкін екенін атап өтті. Тағы бір мәселе, соңғы 15 жыл ішінде бұрын сатып алынған жабдықтың бір бөлігі ескіріп, қолдануға жарамсыз болып қалған. Еске сала кетейік, бұған дейін партиялықтар «ЦентрКазЭнергоМонтаж» АҚ олигарх Александр Клебановқа тиесілі «ЦАТЭК» АҚ-мен аффилиирленген компания екенін айтқан болатын. Атап айтқанда, Кеңес мүшелері Бас прокуратураға Александр Клебанов пен оның компаниясын бюджет қаражатын ұрлау және оларды шетелге заңсыз шығару әрекеті бойынша тексеруді ұсынды. Құрылыс жұмысының сапасы мен қарқынын одан әрі бақылау үшін Кеңес жұмыс тобының мүшелері бір айдан кейін нысанға тағы да келуді жоспарлап отыр.