Жаңалықтар

Мәскеуде Ресей қазақтары бас қосты

ашық дереккөзі

Мәскеуде Ресей қазақтары бас қосты

Мәскеу қаласында 10 маусым күні Ресей қазақтарының кездесуі өтті деп хабарлады turkystan.kz «Отандастар Қорының» баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  Іс-шараны ұйымдастырған Сыртқы істер министрлігінің «Отандастар Қоры» басшысы Абзал Сапарбекұлы жиынның ашылу рәсімінде сөз сөйледі. «Ресейдің төрі Мәскеу қаласында кездесуге мүмкіндік туғанына шын жүректен қуаныштымын. Ресей Федерациясымен Қазақстанның қарым-қатынасы бұрыннан тарихи тұрғыдан жалғасып келе жатыр. Өз кезегінде, Ресейдің қазақ ұлттық мәдени орталықтары бұл ынтымақтастыққа өзінің сүбелі үлесін қосып келе жатыр», - деді ол. Көршілес Ресейдің түкпір-түкпірінде мекендеп жатқан барша қазақты қамтыған ауқымды шараға 100-ге жуық делегат қатысты. Олардың арасында қазақ мәдени орталықтарының жетекшілері, қоғам белсенділері, зиялы қауым және жастар ұйымдарының өкілдері бар. А.Сапарбекұлының айтуынша, Ресейде 2021 жылғы санақ бойынша 600 мыңға жуық қазақ мекендеп отырса, одан бөлек, еңбек мигранттары мен білім алып жатқан студенттер саны - 300 мыңға жуық. Сонымен қатар тәуелсіздік жылдары көрші елге Қазақстаннан 2,2 млнға жуық отандасымыз көшкенін айтқан Қоғам басшысы қандастардан бөлек, отандастарымызды да назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді. Жиында қатысушылардың барлығы өз ойын ортаға салуға, еркін пікір алысуға, ұсыныс-тілектерін жеткізуге мүмкіндік алды. Қандастар арасында қазақ тілін үйрену, ұлттық мәдениетті дамыту, салт-дәстүрлерді ұстану, ұлттық болмыс пен бірегейлікті сақтаудан бастап, қазақ тіліндегі оқулықтар, танымдық әдебиеттер, мұғалім жайына дейінгі өзекті мәселелер көтерілді. Сонымен қатар, осынау маңызды басқосуда «Отандастар Қорының» қызмет ауқымын кеңейтіп, қандастарды қолдауға бағытталған жобаларын көбейту, Қазақстанның шетелдегі қазақ жастарына арналған білім гранттарының талаптарын жеңілдету, Қоғам ұйымдастыратын жазғы лагерьдің орын санын арттыру және Қазақстанға танымдық сапарлар ұйымдастыру секілді ұсыныстар да ортаға салынды.   Еске сала кетейік, ҚР СІМ жанындағы «Отандастар Қоры» өткен жылы Орынбор, Омбы қалаларында осындай шаралар ұйымдастырып, жуырда Еуропа қазақтарының құрылтайын өткізген еді. Қазір көршілес Ресей елінде А1, А2, В1 және В2 деңгейіндегі қазақ тілі курстарын ұйымдастырып, оған 24 өңірден 300-ге жуық этникалық қазақ жазылған. Одан бөлек, Қоғам ұйымдастырып отырған «Жазғы лагерьге» 68 бала қатысып, Ресейдің 12 қазақ мәдени орталығына «Қоржын» жобасы аясында домбыра, қазақтың ұлттық киімдері, музыкалық аспаптар мен тоғызқұмалақ тақтасы және көк Туымыз тарту етілген.