Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Абай облысына барады
Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Абай облысына барады
ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкілі, «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі республикалық кеңестің төрайымы Динара Зәкиева Абай облысына өрттен эвакуацияланған балалармен кездесу үшін баратынын мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz.
Айта кетейік, Динара Закиева бүгін Мемлекет басшысының өкімімен Бала құқықтары жөніндегі уәкілі лауазымына тағайындалды.
«Қасым-Жомарт Кемелұлының маған артқан сенімі үлкен жауапкершілік деп білемін. Бұл - балалық шақты қорғау, отбасыларды қолдау саласындағы жағдайды жақсартуға таптырмас мүмкіндік. Бұған бар күш-жігерімді саламын.
Қазір жекеме сұрақтар мен ұсыныстар келуде. Ұсыныстарыңыздың барлығын да қарастырамын деп уәде беремін. Әрдайым ашықпын. Осы жерге жеке телефон нөмірімді қалдырамын (тел: 8 705 884 70 40). Өтініш, хабарламаны жазба түрінде тек уатсапқа қалдырсаңыздар. Міндетті түрде жауап беремін.
Бүгін эвакуацияланған балалармен кездесу үшін Абай облысына жол жүремін. Баршаңызға мәлім, Мемлекет басшысы өрттен зардап шеккен отбасыларға жәрдемақы тағайындау, балаларды оқыту мәселесі бойынша арнайы тапсырма берген болатын.
Бала - баршамызға ортақ. Бала - бақытымыз. Баланың құқығын қорғау - әрқайсымыздың міндетіміз.
Әрбір бала ата-анасының бүгінгі жағдайына қарамастан бақытты болуға лайықты. Менің жұмыстағы басты ұстанымым осы» деп жазды ол.