6 млн: арыстан күшіктерін заңсыз сатпақ болған 3 адам ұсталды
6 млн: арыстан күшіктерін заңсыз сатпақ болған 3 адам ұсталды
Қарағанды хайуанаттар бағынан арыстан күшіктерін заңсыз сатпақ болған 3 адам ұсталды деп хабарлады turkystan.kz.
Polisia.kz сайтының мәліметінше, қаладағы хайуанаттар бағында жабайы жануарларды заңсыз сату фактісі орын алғаны жөнінде Қарағанды полициясына хабарлама келіп түсті.
«Осы ақпарат бойынша облыстың криминалдық полиция қызметкерлері ІІМ Криминалдық полиция департаментімен өзара бірлесіп мекемеден тыс жерде арыстандарды сатқан 22, 37 және 44 жастағы үш ер адамды ұстады. Олардан заттай дәлелдеме ретінде 6 млн теңгеге сатуға тырысқан екі арыстан тәркіленді», - делінген хабарламада.
Бұл факті ҚР ҚК-нің 339-бабы «сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ өсімдіктер мен жануарлардың түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын пайдалануға тыйым салынған түрлерімен заңсыз қарым-қатынас жасау» бойынша тіркелді. Қазіргі уақытта одан әрі тергеу шаралары жүргізілуде.