Жаңалықтар

Баланы мектепке неше жасында берген дұрыс?

ашық дереккөзі

Баланы мектепке неше жасында берген дұрыс?

Еліміздегі статистика бойынша, 82-85 пайыз бала 6 жастан бастап 1-сыныпта оқиды. Бұл туралы балаларды ерте дамыту институтының директоры Манара Адамова мәлімдеді деп хабарлады turkystan.kz. Informburo.kz сайтының мәліметінше, мектепке баратын баланың бойында қалыптасқан қасиеттер мен дайындығы туралы нормативтік құжатта жазылған. «Стандарттың 21-тармағында мектепке дайын 6 жасқа толған баланың тоғыз қасиеті көрсетілген. Олар: физикалық дайындығы, білімге құштарлығы, бастамашылдығы, табандылығы, қарым-қатынасқа түсуге белсенділігі, сөйлеу тілінің өз дәрежесінде дамуы және көпшілік ортаға бейімделе алуы, өзіне сенімдігілі, топпен жұмыс жасауға қабілеттілігі, эмоцианалды белсенділігі. Осы қасиеттерді 1-5 жастағы баланың бойында дамытуымыз керек», – деді Манара Адамова. Әлемде 204 мемлекеттің 79,4 пайызында мектепте оқу 6 жастан басталады. «Бүгінгі таңда балалардың дамуына қарайтын болсақ, жалпы олар туғаннан бастап цифрлық әлемдегі өте көп ақпаратты ерте жастан бастап қабылдайды. Сондықтан олардың бойында жоғарыда көрсетілген қасиеттерді қалыптастырып, мектепке 6 жастан берген дұрыс. Ата-ана 5 жасқа дейін өмірге қажетті дағдыларын қалыптастырған болса, 6 жаста мектепке беруге болады. Ал оған дейін баламен жұмыс істемесе, көңіл бөлмесе, баланы 7-8 жаста мектепке берсе де маңызы болмайды. Сондықтан да, ең маңызды мәселе – ерте дамытуға ата-аналардың назарын бұру», – деді Манара Адамова.