Жаңалықтар

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді

ашық дереккөзі

«AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы бекітілді

Бүгін «AMANAT» төрағасы Ерлан Қошанов Үкімет мүшелерінің қатысуымен Парламент Мәжілісіндегі партия фракциясының кеңейтілген отырысын өткізді. Депутаттар 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасын бекітті.  Жиынды ашқан Ерлан Қошанов партияның барлық сайлауалды міндеттемесі адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға және олардың нақты әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталғанын атап өтті. «Сапалы тұрғын үйге қолжетімділікті арттыру мақсатында барлық қаржыландыру көзі есебінен 78 млн шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй құрылысы қамтамасыз етіледі. 30 мыңға жуық апатты және тозығы жеткен тұрғын үй иелері жаңа баспанаға көшуге мүмкіндік алады. 2027 жылға қарай мектепке дейінгі ұйымдарда 300 мың жаңа орын ашылып, 2 жастан 6 жасқа дейінгі (өтініш бергендер санынан) балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен және оқытумен қамту 99%-ке дейін ұлғаяды. Алдағы жылдары жаңадан 1,5 млн оқушы орны ашылып, шағын қалаларда, аудан орталықтары мен ауылдарда 3 мың мектеп жаңғыртылады. Сондай-ақ, 50 балалар сауықтыру лагерін құру жоспарлануда», - деді Е.Жамаубаев. Ерлан Қошанов соңғы сайлау науқаны барысында партияға азаматтардан 40 мыңға жуық талап-тілек келіп түскенін еске салды. Сайлаушылар дауыс берген «Халықпен бірге!» Сайлауалды бағдарламасының негізі де – нақ осы азаматтардан келген өтініштер. Ол депутаттарды белсенді болуға және партия қабылдаған міндеттемелерді іске асыруға жан-жақты атсалысуға шақырды. «Ауылда жұмыс істейтін жас дәрігерлерге 10 миллион теңге көлемінде көтерме жәрдемақы беру – біздің сайлауалды уәделеріміздің бірі. Бұл бастама барлық өңірде қолдау тапты. Бұл медицина мамандарының тапшылығы мәселесін түбегейлі шешуге мүмкіндік береді. Осы уәдені тезірек іске асыру үшін депутаттар министрліктермен бірге айрықша бақылауға алып, істі соңына дейін жеткізу керек», - деді ол. Фракция жиынының қорытындысында Ерлан Қошанов депутаттық корпустың жұмысын күшейтуге қатысты бірқатар нақты тапсырма берді. Атап айтқанда, сайлауалды уәделердің орындалуын бақылау үшін әрбір аманаттық депутатқа Жол картасының бірқатар тармағы бекітіледі. Жүйелі мониторинг жүргізу үшін партия мен Үкіметтің бірлескен штабы құрылып, ол тұрақты түрде жиналып тұрады. Сонымен қатар, фракция жылына бір рет Үкіметтің Жол картасын жүзеге асыру туралы есебін тыңдайды.