Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек

Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек

Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек
ашық дереккөзі
Қоғамда қалыптасқан «балалар кітап оқымайды» деген таптаурын көзқарастың тігісі сетіней бастағандай. Әсіресе, ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиңтің 7 томдық «Хәрри Поттер» шығармалар жинағының қазақ тілінде жарық көруі кішкентай оқырмандардың бар екенін, оларға қандай кітаптар қажет екенін нақтылай түсті. Бұл балалардың сұранысын осыған дейін дұрыс анықтай алмай келгенімізді көрсетті. Қазақ балалар әдебиетіне қалам тартатын­дар­дың саны саусақпен санарлық екені аз айтылып жүрген жоқ. Балаларға арнап жазылған сол аз кітап­тың өзі оқырмандарының қызығушылығын қана­ғат­тандырмайтыны байқалатын. Өйткені ғылым мен технология сәт сайын қарыштап дамып жатқан уақыт­та өмір сүріп отырған бүгінгінің баласы жаңа­шыл. Олар оқудан гөрі тыңдағанды жақсы көреді, естігенін көз алдына әкелетін комикс кітаптарға қы­зығады. Сондай-ақ фэнтези, детектив жанр­ларын­­дағы кітаптарды саяхатшылар жайында және шытырман оқиғалар желісіне құрылған кітаптарды оқуға құмартады. Алайда оқушылардың мұндай қызығушылығына жауап беретін әдебиеттер жоқтың қасы. Оқырман сұранысына ұсыныстың бол­мауы және қазақ тіліндегі заманауи көркем әде­биеттің аз болуы отандық баспаларды шетел аудар­ма­ларын басып шығаруға алып келді. Балаларға арнал­ған аударма кітаптарды басумен айналысып жүрген «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мек­­­­теп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұ­ғыла» баспаларының жас оқырмандар саны арт­ты. «Баланың тілін тапқан» баспалардағы аудар­ма­ның сапасы қандай, бүгінгі оқырманға не қызық де­ген сауалдарды сала мамандарына қойып, пікір­лерін сұраған едік.  width= Бану ДӘУЛЕТБАЕВА, Жамбыл атындағы балалар мен жасөспірімдер кітапханасының меңгерушісі:

Корей әдебиетіне қызығушылар көп

Кітапхана оқырмандары шетел­дік классиканы, заманауи про­­­­­заны жақсы оқиды. Марк Твеннің, Джек Лондон­ның кітаптары қолдан түс­пейді деуге болады. Көбіне шетел әде­биетіне қызығушылық басым екенін байқаймын. Мысалы, Хәрри Поттер сияқты фантастикалық кі­тап­тарды, түрлі комикстарды ұнатады. Ал қазақ жазу­шыларының 1960-90 жылдары жарық көрген кітаптары жақсы оқылады. Тұлғаның кітап оқитын кезі – мектептегі кезеңі. Ба­ла сабақтан бос уақытта кітап оқуға уақыт таба алады. Тек оның бойында кітап оқуға деген қызы­ғу­­­шылықты оята білуіміз керек. Кітапханада өтетін іс-шараларға балаларын алып келіп, кітаптарды көр­сетіп, «Мына баламның кітапқа қызығушылығын ашып жіберіңдерші» деп жататын ата-аналар бар. Бірақ сирек. Мен мұның себебін өмір сүрудің қиындығымен, қымбаттығымен байланыстырар едім. Өйткені біздің елде адамдардың рухани байлыққа бөлетін уақыты жоқ. Күнделікті күнкөріс қамымен жұмыс істемесе, ақша таппаса аш қалады. Кітап оқығаның үшін ешкім ақша төлемейді ғой. Менің өзім кітапханада үйіліп тұрған кітаптарға қы­зыға қарап, оқуға уақыт таппайтын кездерім бола­ды. Басқа ата-аналар да дәл солай деп ойлай­мын. Балалар өздері келіп отырады, ал біз оларға «Сен мынаны оқы, мынадай жаңа кітаптар бар» деп бағыт беруге тырысамыз. Жоғарыда айтып өткенімдей, жастар ко­микстар­ды заманауи шетел әдебиетін ұна­та­ды. Соңғы уақытта корей әдебиетіне деген қы­зы­ғушылықты көп байқаймын. Бір өкініштісі, біз Еуропа әдебиетін қазақ тіліне көп аударамыз, шы­ғыс елдерінен, оның ішінде корей тілінен аударылған қазақша шығармалар аз. Ал мұны айта бас­тайтын болсақ, көркем аударма мәселесі шыға келеді де, тым тереңдеп кетуге тура келеді. Қазір бас­палар шетел әдебиетін қазақ тіліне аударумен ай­налысып жатыр, десек те оқырманның заманауи дүниелерге деген сұранысын толық қанағаттан­ды­рып отырмыз деп айта алмаймыз. Мен бұл жерде қазақ тіліндегі әдебиетті айтып отырмын. Бала­лары­мыз қазір шетел әдебиетін орыс тілінде, ағыл­шын тілінде оқып жатыр. Балаға кітап оқыту үшін үлкендер өзі кітап оқуы керек. Өзің гаджет ұстап отырып, «Сен кітап оқы» десең кім тыңдайды? «Мен келгенше мына кі­тап­ты оқып қой, келген соң бірге отырып, тал­қы­лайық» деуге болады. Осылай кітапты талқы­лауды дәстүрге айналдыра отырып, бала тәрбиесіне оң ықпал етуге болады. Кітап – білім ғана емес, ата-ана мен баланың ара­сындағы қарым-қатынасты жетілдіру құралы. Кітап­ты бірге отырып талқылау арқылы балаңның өмір­ге деген көзқарасын, оның қандай адам болып өсіп келе жатқанын білуге болады. Әсіресе, ба­лалардың бүгінгідей ата-ананың назарына зәру бо­лып өсіп жатқан уақытында мұндай дәстүр ауадай қажет.
 width=Мира СЕМБАЙҚЫЗЫ, аудармашы: Мәтін баланы еліктіретіндей болғаны жөн
Балаларға арналған шы­­­­ғарма болсын, ау­дарма бол­сын тілі жеңіл болуы ке­рек. Мәтін бала­ны жа­лық­тыратындай емес, елік­­­тіретіндей бол­ға­ны жөн. Қазіргі аударма кітаптардың көбі көңі­лім­нен шы­ғады. «Мазмұндама» баспасынан шыққан «Хайди», «Ханзада мен қайыршы», «Құпия бақ» кі­тап­тары, Steppe&World баспасынан шыққан «Чар­ли және шоколад фабрикасы», «Дәни чемпион», «АДЖ», «Спорт», «Аютістек», «Сан құбыжық», «Тентек бала­қай» кітаптары, «Фолиант» баспасының «Пиппи Ұзын­шұлық» және басқа да аударма кітаптарын ба­лаларыма алып бердім. Олар қызыға оқыды. «Бізге та­ғы осындай кітаптар керек» деп сұрады. «Тентек ба­лақайдың күнделігі» кітабын оқығанда балалар тұрмақ өзім де әбден күлгем. Балалар әдебиетін аударуда Steppe&World бас­пасы керемет жұмыс атқарып жатыр. Олар бала­лар­ға нағыз керек кітапты дөп басып, тауып ауда­ра­ды. Соған ризамын. Басқа баспалардың да ең­бек­тері керемет. Жалпы, уақыт өткен сайын аударма са­­­пасы да, талғамы да жақсарып келеді. Аударма саласы калькадан толық арылмады. Бірақ ол – жүре келе түзелетін нәрсе. Балалар әдебиетінің аудармасы балаларға арнап ау­дарма тілінде жазылған шығарма сияқты болуы ке­рек. Жақсы аудармашыларды шыңдап, қолдаса олар тамаша аударма шығару үшін барын салады. Ба­лалар әдебиетін аударатын аудармашылардың ба­лалар әдебиетіне қатысы болғаны, баланың тілін түсінетін балажан болғаны жақсы. Қай тілде сөйлемесін, қай елде тумасын, бала­ның аты – бала. Оның тілі жеңіл, ересектер секілді тол­ғанып, ойланып кейде тіпті мыжып сөйлемейді. Ойын­дағысын ақтара салады, шынайы. Соның бә­рін ағылшынша айтқан баланы қазақша сөйлетудің өз қиындықтары бар, дегенмен қызық жұмыс. Бала кезімде Н.Носовтың «Дымбілместің айға саяхатын» оқы­ғанда оның аударма екенін үлкейгенше білме­ген­мін, аударма кітаптар балаларға сондай әсер сый­лай алса үлкен табысқа жетер едік.
 width=Раиса ҚАДЫР, Steppe&World Publishing баспа үйінің жетекшісі, кәсіпкер: Аудармашылар қазақ тілін 200 пайыз білуі керек
– Біз Батыс әлемінің сүзгіден өткен ең үздік кі­таптарын аударамыз. Әр кітап өзінше құнды. Көп ата-ана кітап тек қазақы құндылықтарды ғана на­си­­­­хаттауы керек деп ойлап қалады. Өз тәлім-тәр­бие­міз, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыздан бөлек жал­пы адамзатқа ортақ құндылықтарымыз да бар еке­нін естен шығармауымыз керек. Ол – достық, әді­леттілік, мейірім. Міне, осындай шетелдік кітап­тарды «қазақша жазылғандай» етіп аудару – басты мақ­сатымыз. Яғни, бала оқыған кезде не әлем әде­биеті екенін, не аударма деп байқамай қалатындай болуға тиіс. Сондай-ақ кітаптың мазмұнымен қатар оның безендірілуіне, суреттеріне, иллюстрация­ларына қатты мән береміз. Сондықтан болар, біздің шы­­ғарған кітаптарымызға сұраныс өте жоғары. Бізге АҚШ-тан, Италиядан, Еуропадан, оның ішін­де Франциядан, Германиядан өте көп тапсырыс келеді. Германияда біздің өнімдерімізді са­татын ар­найы өкіліміз бар. Тіпті, Жапония, Бра­зи­лиядан тапсырыс түскенде әрі таңғалдық, әрі қуан­дық. Яғни, өз тілін ұмытпаған қазақ әлемнің қай бұрышында жүрсе де, өз ана тілінде кітап оқы­ғысы келеді және баласына да оқытқысы келеді. Са­­палы кітап шығаратынымыздан хабардар шет­елдегі қазақтар тапсырысты тұрақты түрде беріп отырады. Баспамызда ұзақ жылдар бойы шетел кітапта­рын сауатты аударып келе жатқан кәсіби деңгейі жоғары мықты кәсіби мамандарымыз бар. Біздің ау­дармашылар шет тілін 100 пайыз, қазақ тілін 200 пайыз білуі керек. Көбінде адамдар ағылшын тілін өте жақсы білгендердің қазақшасы да жақсы деп қате ойлап қалады. Біздің талабымыз – аударма­шының қазақшасы ағылшыншасынан да жақсы болуы керек. Өйткені қазақ оқырманына автордың идеясын қарапайым, түсінікті тілде жеткізу оңай емес. Комикстарды аударып жүрген Абылай Сұлтан деген баламыз бар. Ол 20 жаста. Бірақ оның аудару ше­берлігі керемет. Осы ретте біз жастармен де, тә­жіри­белі мықты аудармашылармен де жұмыс істей­тінімізді айтқым келеді. Біздің тағы бір мақсатымыз – балаларға оқу мә­дениетін қалыптастыру. Бұл оңай процесс емес, өйт­кені қазір балалардың талғамы жоғары. Олар­дың бар назары – планшетте. Пандемия осы жағы­нан балаларға өте жаман әсер етті. Оларды бір же­рге отырғызып қою, кітап оқыту деген өте қиын. Де­генмен баспамыздан шыққан «Итбас» комик­сы­мыз кітап оқудан қашатын, қызықпайтын балалар­ды кітапқа жақын болуды үйретті. Осындай барьер­ді бұзатын кітаптар шығаруды басты назарда ұстап отырмыз. Менің балаларым бастауыш сыныпта оқиды. Оларға оқуға кітап сатып алайын десем, жа­сына лайық кітап таппадым. Осылайша, қоғам­дағы резо­нансты проблемаға шешім ұсынып, 1-3 сынып ба­ла­ларының таным-түсінігіне, деңгейіне арналған оларды еліктіретін, шытырман оқиғаға толы «Айдаһар әміршілері» кітабын шығардық. Бұйырса, сол кітаптарға қарап жазушыларымыз өзде­рінің шытырман оқиғасын жазып шықса деп ойлаймын. Біздің жасап жатқан ісіміз мұхитқа тамған там­шыдай ғана. Баспагерлер өз арамызда емес, на­рық­тағы сатылымдағы кітаптармен бәсекелесуіміз ке­рек. Біздің бәсекелесіміз – Ресейде басылып шыққан орыс тіліндегі кітаптар. Нарықтағы 90 пайыз кітап – Ресейде жарық көрген басылымдар. Олармен бә­се­­ке­леспесек, өз арамызда бәсекелесудің еш мәні жоқ.
 width=Алмаз МЫРЗАХМЕТ, Мәдениет және спорт министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті Кітап ісі басқармасының басшысы: Балалар әдебиеті мемлекет қамқорлығында
Мемлекет кітап басып шығаруды «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» республикалық бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырады. Бағдарламаның әкімшісі – Мәдениет және спорт министрлігі. Аталған бюджеттік бағдарлама аясында 9 әдебиет түрі бойынша өтінімдер қабылданады. Оның ішінде өзге де маңызды әдебиет түрлерімен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет те бар. 2021 жыл Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды. Аталған жы­лы балаларға арналған 40 кітап 120 мың данамен тарал­ды. Оның 4-еуі – әлем балалар әдебиеті автор­ларының қазақ тіліндегі аудармасы. Олар арнайы ло­готиппен басылып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратылды. 2022 жылы бюджеттік бағдарлама аясында ба­ла­лар мен жасөспірімдерге арналған 23 әдебиет 69 мың тиражбен жарық көрді. Ал биыл 16 кітап ба­сы­лып шықты, олардың таралымы – 48 мың. Алда­ғы уақытта бұл кітаптар кітапханаларға тарал­тыл­мақ. Мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан кі­таптар жас оқырмандарға барынша қолжетімді болуы үшін Ұлттық академиялық кітапхана порта­лы­на электронды нұсқалары орналастырылды. Сонымен қатар министрлік 2022 жылдан бас­тап отандық қаламгерлер мен баспагерлерді қолдау мақ­сатында тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сый­лығын жариялаған болатын. Ұлттық әдеби сыйлық «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драма­тур­гия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік комикс», «Үздік кітап дизайны» және «Үздік балалар әдебиеті» но­минациялары бойынша берілді. Сыйлықтың жал­пы жүлде қоры – 35 млн теңге. Яғни, әр номи­на­ция бойынша жеңімпаз 5 млн теңге иеленді. Жо­ба биыл да жалғасын табады. «Айбоз» ұлттық сыйлығына еш жерде жа­рия­ланбаған 500-ге жуық шығарма түссе, соның ішінде 72 туынды «Үздік балалар әдебиеті» номинациясына тие­сілі. Бұл ұлттық сыйлық аясында осыншама жаңа шығарма жазылып шыққанын білдіреді. Бұдан бөлек, биылдан бастап жас қазақстандық жа­зушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық жарияланды. Тұңғыш рет ұйымдас­тыры­лып отырған Президенттік сыйлықта «Проза», «Поэзия», «Драматургия» номинацияларымен қатар «Ба­лалар әдебиеті» номинациясы да қарастырылған. Атал­ған сыйлық бұрын-соңды халықаралық және ұлт­тық конкурстарға қатыспаған шығармалар үшін Қазақстан Республикасының 18-35 жас ара­лы­ғын­дағы азаматтарға табысталады. Әр номинацияның жүлде қоры – 4 млн теңге. Бұл жобалардың барлығы балалар әдебиетінің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білемін.
 width=Нұрсұлу БАЙБОЛАТОВА, «Фолиант» баспасы Қазақ балалар әдебиеті бөлімінің аға редакторы: Сапалы аудармашылар аз
Балалар әдебиетіне аударылатын кітаптарды таңдау – жұмыстың ең маңызды бөлігі. Алдымен, кітаптың мазмұнына мән береміз. Көбіне қазақ балаларының психологиясына, менталитетіне сәйкес келетін кітап таңдауға тырысамыз. Екінші­ден, рецензия немесе оқырман пікірлерімен таны­самыз. Үшіншіден, кітап нарығындағы сатылым деңгейіне көңіл бөлеміз. Яғни, кітаптың сұранысқа ие болуы маңызды. Ең кішкентай оқырмандарға арналған кітаптарда мазмұнымен қатар иллюстра­циясы да ерекше рөл ойнайды. Иллюстрация мен сурет­терді баспамыздың көркемдеуші редакторы мен дизайнерлері бағалайды. Қазақстандағы шет тілінен аударылған кітап­тың 60-70 пайызы «Фолиант» баспасынан шығады. 2020-2022 жыл аралығында баспамыздың балалар әде­биеті бөлімінен жалпы 196 кітап басылып шық­қан. Оның басым бөлігі – аудармалар. Балаларға ар­нал­ған әлемдік классиканың барлығын дерлік ау­даруға тырысамыз. Қазір басылымға Л.Кэроллдың «Алиса айна ішіндегі тылсым елде», Х.Веббтің әйгілі «Мейзи Хитчинс» сериясының кітаптары, М. Бар­филдтің комикстері дайындалып жатыр. Әрине, аз уақытта әлем әдебиетінің барлығын ау­­дарып басып шығару мүмкін емес. Десе де, қа­зақ­стандық баспалар бұл мәселенің төңірегінде нә­тижелі жұмыстар атқаруда. Бірнеше жылдың ішінде оқырман әлемдік классиканың басым көпшілігін қазақ тілінде оқи алады деген сенімдемін. Байланыс құралдары дамыған қазіргі заманда аударма кітап шығарумен айналысамын деген бас­па­ға ешқандай да кедергі жоқ деп ойлаймын. Себебі қазір кез келген шетелдік баспамен байланысуға мүм­кіндік бар. Жалғыз мәселе – сапалы аударма­шылардың аздығы. Аудармашыларға қойылатын талап өте жоғары, жазушының стилін, кітаптағы берілер ойдың түп-төркінін сақтау, қазақ оқырман­дарына лайықтау кез келген аудармашының қолы­нан келе бермейді. Сол себепті кей кітаптардың ау­дарылуы кейінге қалып жатады. Бүгінгі балалар әдебиеті салыстырмалы түрде әл­деқайда сапалы әрі жанры бойынша жан-жақты. Бірнеше жыл бұрын тек классикаға айналған кітап­тар ғана қазақ тіліне аударылса, соңғы жылдары кітап дүкендерінің сөресінен түрлі жанрдағы аудар­ма­ларды табасыз. Әр сала заман талабына сай өз­гере­тінін назарға алсақ, балалар әдебиеті де қалыс қал­май, жас оқырмандардың қызығушылығына қарай өзгеріп, дамып келеді.  P.S.
Үйде кітап қаншалықты көп болса, баланың сабақ үлгерімі соншалықты жақсы болады екен. Мұндай зерттеуді Аустралия ұлттық университеті мен АҚШ-тағы Невада университетінің ғалымдары бірлесіп жасаған. Зерттеу нәтижелері Social Science Research журналында жарияланған. Ғалымдар үйінде кітабы жоқ 16 жастағы жасөспірімдерге қарағанда кітабы көп үйде тұратындар әлдеқайда сауатты екенін, математиканы жақсы түсінетінін, интернет технологияларды жақсы меңгергенін байқаған.