Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек
Аударма бала тілінде «сөйлеуі» керек
Қоғамда қалыптасқан «балалар кітап оқымайды» деген таптаурын көзқарастың тігісі сетіней бастағандай. Әсіресе, ұлыбританиялық жазушы Жоан Роулиңтің 7 томдық «Хәрри Поттер» шығармалар жинағының қазақ тілінде жарық көруі кішкентай оқырмандардың бар екенін, оларға қандай кітаптар қажет екенін нақтылай түсті. Бұл балалардың сұранысын осыған дейін дұрыс анықтай алмай келгенімізді көрсетті.
Қазақ балалар әдебиетіне қалам тартатындардың саны саусақпен санарлық екені аз айтылып жүрген жоқ. Балаларға арнап жазылған сол аз кітаптың өзі оқырмандарының қызығушылығын қанағаттандырмайтыны байқалатын. Өйткені ғылым мен технология сәт сайын қарыштап дамып жатқан уақытта өмір сүріп отырған бүгінгінің баласы жаңашыл. Олар оқудан гөрі тыңдағанды жақсы көреді, естігенін көз алдына әкелетін комикс кітаптарға қызығады. Сондай-ақ фэнтези, детектив жанрларындағы кітаптарды саяхатшылар жайында және шытырман оқиғалар желісіне құрылған кітаптарды оқуға құмартады. Алайда оқушылардың мұндай қызығушылығына жауап беретін әдебиеттер жоқтың қасы. Оқырман сұранысына ұсыныстың болмауы және қазақ тіліндегі заманауи көркем әдебиеттің аз болуы отандық баспаларды шетел аудармаларын басып шығаруға алып келді. Балаларға арналған аударма кітаптарды басумен айналысып жүрген «Фолиант», «Аруна», «Алматыкітап», «Мектеп», «Балалар әдебиеті», «Балауса», «Кітап-Дәуір», «Шұғыла» баспаларының жас оқырмандар саны артты. «Баланың тілін тапқан» баспалардағы аударманың сапасы қандай, бүгінгі оқырманға не қызық деген сауалдарды сала мамандарына қойып, пікірлерін сұраған едік.
Мира СЕМБАЙҚЫЗЫ, аудармашы:
Мәтін баланы еліктіретіндей болғаны жөн
Балаларға арналған шығарма болсын, аударма болсын тілі жеңіл болуы керек. Мәтін баланы жалықтыратындай емес, еліктіретіндей болғаны жөн. Қазіргі аударма кітаптардың көбі көңілімнен шығады. «Мазмұндама» баспасынан шыққан «Хайди», «Ханзада мен қайыршы», «Құпия бақ» кітаптары, Steppe&World баспасынан шыққан «Чарли және шоколад фабрикасы», «Дәни чемпион», «АДЖ», «Спорт», «Аютістек», «Сан құбыжық», «Тентек балақай» кітаптары, «Фолиант» баспасының «Пиппи Ұзыншұлық» және басқа да аударма кітаптарын балаларыма алып бердім. Олар қызыға оқыды. «Бізге тағы осындай кітаптар керек» деп сұрады. «Тентек балақайдың күнделігі» кітабын оқығанда балалар тұрмақ өзім де әбден күлгем.
Балалар әдебиетін аударуда Steppe&World баспасы керемет жұмыс атқарып жатыр. Олар балаларға нағыз керек кітапты дөп басып, тауып аударады. Соған ризамын. Басқа баспалардың да еңбектері керемет. Жалпы, уақыт өткен сайын аударма сапасы да, талғамы да жақсарып келеді.
Аударма саласы калькадан толық арылмады. Бірақ ол – жүре келе түзелетін нәрсе.
Балалар әдебиетінің аудармасы балаларға арнап аударма тілінде жазылған шығарма сияқты болуы керек. Жақсы аудармашыларды шыңдап, қолдаса олар тамаша аударма шығару үшін барын салады. Балалар әдебиетін аударатын аудармашылардың балалар әдебиетіне қатысы болғаны, баланың тілін түсінетін балажан болғаны жақсы.
Қай тілде сөйлемесін, қай елде тумасын, баланың аты – бала. Оның тілі жеңіл, ересектер секілді толғанып, ойланып кейде тіпті мыжып сөйлемейді. Ойындағысын ақтара салады, шынайы. Соның бәрін ағылшынша айтқан баланы қазақша сөйлетудің өз қиындықтары бар, дегенмен қызық жұмыс. Бала кезімде Н.Носовтың «Дымбілместің айға саяхатын» оқығанда оның аударма екенін үлкейгенше білмегенмін, аударма кітаптар балаларға сондай әсер сыйлай алса үлкен табысқа жетер едік.
Алмаз
МЫРЗАХМЕТ,
Мәдениет және
спорт министрлігі Архив, құжаттама және кітап ісі комитеті
Кітап ісі басқармасының басшысы:
Балалар әдебиеті мемлекет қамқорлығында
Мемлекет кітап басып шығаруды «Әдебиеттің әлеуметтік маңызды түрлерін сатып алу, басып шығару және тарату» республикалық бюджеттік бағдарлама аясында жүзеге асырады. Бағдарламаның әкімшісі – Мәдениет және спорт министрлігі.
Аталған бюджеттік бағдарлама аясында 9 әдебиет түрі бойынша өтінімдер қабылданады. Оның ішінде өзге де маңызды әдебиет түрлерімен қатар балалар және жасөспірімдерге арналған әдебиет те бар.
2021 жыл Балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп жарияланды. Аталған жылы балаларға арналған 40 кітап 120 мың данамен таралды. Оның 4-еуі – әлем балалар әдебиеті авторларының қазақ тіліндегі аудармасы. Олар арнайы логотиппен басылып, республикалық, облыстық, аудандық мемлекеттік кітапханаларға таратылды.
2022 жылы бюджеттік бағдарлама аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған 23 әдебиет 69 мың тиражбен жарық көрді. Ал биыл 16 кітап басылып шықты, олардың таралымы – 48 мың. Алдағы уақытта бұл кітаптар кітапханаларға таралтылмақ.
Мемлекеттік тапсырыспен басылып шыққан кітаптар жас оқырмандарға барынша қолжетімді болуы үшін Ұлттық академиялық кітапхана порталына электронды нұсқалары орналастырылды.
Сонымен қатар министрлік 2022 жылдан бастап отандық қаламгерлер мен баспагерлерді қолдау мақсатында тұңғыш рет «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын жариялаған болатын. Ұлттық әдеби сыйлық «Үздік проза», «Үздік поэзия», «Үздік драматургия», «Үздік әдеби аударма», «Үздік комикс», «Үздік кітап дизайны» және «Үздік балалар әдебиеті» номинациялары бойынша берілді. Сыйлықтың жалпы жүлде қоры – 35 млн теңге. Яғни, әр номинация бойынша жеңімпаз 5 млн теңге иеленді. Жоба биыл да жалғасын табады.
«Айбоз» ұлттық сыйлығына еш жерде жарияланбаған 500-ге жуық шығарма түссе, соның ішінде 72 туынды «Үздік балалар әдебиеті» номинациясына тиесілі. Бұл ұлттық сыйлық аясында осыншама жаңа шығарма жазылып шыққанын білдіреді.
Бұдан бөлек, биылдан бастап жас қазақстандық жазушылар мен ақындар үшін арнайы Президенттік әдеби сыйлық жарияланды. Тұңғыш рет ұйымдастырылып отырған Президенттік сыйлықта «Проза», «Поэзия», «Драматургия» номинацияларымен қатар «Балалар әдебиеті» номинациясы да қарастырылған. Аталған сыйлық бұрын-соңды халықаралық және ұлттық конкурстарға қатыспаған шығармалар үшін Қазақстан Республикасының 18-35 жас аралығындағы азаматтарға табысталады. Әр номинацияның жүлде қоры – 4 млн теңге.
Бұл жобалардың барлығы балалар әдебиетінің дамуына мемлекет тарапынан көрсетіліп отырған үлкен қолдау деп білемін.