Бюджеттің қалай атқарылғаны қаралды

Бюджеттің қалай атқарылғаны қаралды

Бюджеттің қалай атқарылғаны қаралды
ашық дереккөзі
7 маусымда Мәжілісте өткен жалпы отырыста Үкімет пен Жоғары аудиторлық палата 2022 жылғы респуб­ли­калық бюджеттің атқарылуы туралы есеп берді. Талқы­лау нәтижелері Сенатқа жолданды. Премьер-Министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есепті депутаттарға ұсына оты­рып, әлемде күрделі жағдай қалыптас­қа­ны­на қарамастан макроэкономикалық көрсеткіштердің өскеніне тоқталды. Жыл­дың қорытындысы бойынша жалпы ішкі өнімнің өсімі 3,3 пайызға жеткен. Жоғары аудиторлық палатаның төрайы­­мы Наталья Годунова маңызсыз іс-ша­раларға қомақты ресурс жұмсалып жатқанын, бюджетті толтыру үшін ре­зерв­терді жіберіп алу, тиімсіз жоспарлау, сондай-ақ бюджетті мақсатты және тиім­ді игеруге кері әсер ететін басқа да фак­тор­лардың бар екенін баса айтты. Қосымша баяндама жасаған Мә­жіліс­тің Қаржы және бюджет комитетінің мү­шесі Ұласбек Сәдібеков 2022 жылдың қо­рытындысы бойынша республикалық бюджет кірісі 16 трлн теңгені құрағанын не­месе 102 пайызға орындалғанын айтты. Өсу қарқыны – 2021 жылмен салыс­тырғанда 127,7 пайыз. Алайда оның ай­туын­ша, республикалық бюджеттің Ұлт­тық қордан берілетін трансферттерге тәуел­ділігі сақталып отыр. – Республикалық бюджет кірісінің ша­мамен 34,4 пайызы трансферт түсім­дері есебінен келген. Бұл – 5,5 трлн теңге. Соның ішінде 4,6 трлн теңге ұлттық қор­дан түскен. Шығындар 18,5 трлн теңге бо­лып отыр. Жоспар бойынша орын­дал­ғаны – 98,6 пайыз, ал орындалмағаны – 262,6 млрд теңге, – деді Ұласбек Сәдібеков. Депутаттар Үкімет мүшелеріне бюд­жеттің орындалмау фактілері мен тексеру қорытындылары бойынша анықталған басқа да кемшіліктер бойынша сұрақтар қойды. Мәселен, халық қалаулылары 2022 жылға арналған республикалық бюджетті атқару кезінде жоспарлау сапасының тө­мендігі, бюджет қаражатын тиімсіз пай­далану, сондай-ақ бюджеттен қаржылан­дырылатын республикалық бағдарла­малар әкімшілерінің жергілікті атқарушы органдармен өзара іс-әрекетінің сәйкес­пей­тіні байқалғанын атап өтті. Мәжілістегі алты фракция өкілдері тал­қыланып жатқан құжат бойынша өз бағаларын берді. «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев инфляция­ның өсуіне байланысты негізгі азық-түлік өнімдерін тұтыну көлемінің мәжбүрлі түрде қысқарғанына тоқталып, Үкіметке бірқатар ұсыныс айтты. – Біз нақты проблемаларға назар ау­дар­дық. Дегенмен Үкімет тарапынан ау­қым­ды жұмыс атқарылды. Есепті кезеңде республикалық бюджеттің атқарылуы сыртқы әлеуметтік-саяси, экономикалық жағымсыз факторлардың әсерінен орын­далғанын объективті түрде атап өткен жөн, – дей келе, «AMANAT» фракциясы атал­ған ескертулерді ескере отырып, Үкі­меттің 2022 жылғы республикалық бюд­жеттің атқарылуы туралы есебін бекітуді жақтайтынын мәлімдеді. Есепті бекітуге «Ақ жол» және ЖСДП пар­тияларының фракциялары қарсылық білдірді. Қазақстан Халықтық партиясы мен Respublica партиясының фракция­лары ұсыныс-пікірлерін жеткізіп, құжат­ты қолдайтындарын айтты. «Ауыл» партиясы фракциясының же­тек­шісі Анас Баққожаев макроэконо­мика­лық көрсеткіштерді ескере отырып, еліміздің агроөнеркәсіптік кешенінің даму қарқыны бойынша ең төменгі са­тыда тұрғанына мән берді. – Бірінші себеп – не­гізгі капиталға салынатын инвести­цияның мөлшері аз. Екінші – елді мекен­дерде ауыл шаруашылығына қажетті инф­рақұрылымның болмауы. Судың жетіс­пеушілігі бұған нақты мысал. Сон­дық­тан бюджетті жоспарлау кезінде біз осы екі негізгі мәселенің Үкіметтің күн тәр­­тібінде болуын талап етеміз, – дей ке­ле, депутат жалпы «Ауыл» фракциясы Үкі­­меттің бюджеттің атқарылуы туралы ұсын­ған есебін бекітуге қарсы емес екенін жеткізді. Сонымен қатар Парламентке 2024-2026 жылдарға арналған республикалық бюд­жеттің жобасы енгізілген кезде қа­был­­данған шаралар туралы ақпарат берілу керектігін талап етті. Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов Үкі­мет мүшелеріне есептегі әрбір цифр­дың артында адамдардың тағдыры тұрға­нын атап өтті. – Үкімет жылдан жылға бюджеттің жо­ғары деңгейде игеріліп жатқанын мақ­танышпен баяндайды. Алайда игерілмеген қаржы бойынша айтатын себептері де өзгермейді. Біз бұл цифрларға Үкіметтің қалай жеткенін жақсы білеміз. Бюджет 1 трлн теңгеге түзетілді. Мұндай – «тама­ша» цифрлардың артында не тұр? Уақы­тылы қолданысқа берілмеген 60 мектеп тұр. Соның салдарынан он мыңдаған оқушы үш ауысымда білім алуға мәжбүр. Үлестірілмеген 18 мың грант тұр. Ал мұның артында адамдардың тағдыры тұр. Осы­ны ұмытпауымыз керек, – деді Мәжіліс Төрағасы. Ұласбек Сәдібеков, «AMANAT» фракциясының мүшесі, Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі: Бюджет қаражатын дұрыс игермегендер жауапкершілікке тартылуы керек
– Жалпы, 2022 жылға арналған рес­публикалық бюджеттің жоспарлы пара­метрлері орындалды. Жұмыс тобының 8 отырысы өтті. Бюджеттік бағдарлама­лар­дың 24 әкімшісі, өңірлердің өкілдері, сон­дай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің басшылары тыңдалып, рес­публикалық бюджеттің атқарылуын­да­ғы проблемалық мәселелер талқыланды. Қаржыны уақытылы игермегендердің ті­зімін Қаржы министрлігі бастап тұр (16,5 млрд теңге). Сондай-ақ бұл тізімде Ден­саулық сақтау (13,8 млрд теңге) және Цифр­лық даму, инновациялар және аэро­ғарыш өнеркәсібі министрліктері (10,2 млрд теңге) бар. Жалпы, 2022 жылға ар­нал­ған республикалық бюджеттің жос­парланған параметрлері орындалғанына қарамастан, жұмыс топтарының отырыс­тарында депутаттар түйткілді мәселелерді көтерді. Енді солардың кейбіріне тоқта­лып өтейін. Біріншіден, жоспарлау жүйесіз. Иге­рілген қаражат пен бюджетті қалып­тас­тыру кезінде жоспарланған көрсеткіштер арасында нақты байланыс жоқ. Бұл стра­те­гиялық мақсаттарға деген формальды қатынасты және стратегиялық және бюд­жеттік жоспарлау сапасының төмен еке­нін көрсетеді. Одан бөлек, тиімсіз жоспарлаудың сал­дары бюджет қаражатын тиімсіз пай­далануға алып келіп соғады. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік-экономикалық мәсе­лелерді шешуге бағытталған тиімсіз пайдаланылған бюджет қаражатының көлемі 421 млрд теңге болды. Үшіншіден, республикалық бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің өзара және жер­гілікті атқарушы органдармен іс-қимылдарының сәйкес келмеуі. Қазір бюд­жеттік бағдарламалардың әкімшілері нысаналы трансферттер түрінде бөлінген қаражаттар бойынша есеп береді. Респуб­ликалық деңгейде орындалу 100 пайыз болса, өңірлік дамуда 94 пайыз болып отыр. Мәселен, аймақтарды дамытуға бөлінген 1 триллион 79 миллиард теңге ны­саналы трансферт, оның 64 пайызы Ұлт­тық қор есебінен берілген. Ал 63 мил­лиард теңгесі игерілмей қалды дейік. Бұл көрсеткіштердің артында қан­шама мәселе тұр. Суға, кәрізге, газбен жаб­дықтауға қол жеткізе алмай жүрген ха­лық тұр және денсаулық сақтау объек­тілері тапшы өңірлер бар. Мәселен, Энергетика министрлігі газ тасымалдау жүйесін дамытуға бөлінген қаражатты 100 пайызға игергенімен, өңірлер тара­пынан 9,7 миллиард теңге, оның ішінде Ұлттық қордан 8,9 миллиард теңге игеріл­меген. Жоғары есеп палатасының есебіне сәйкес, бұл шамамен 299 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етілмей қалды де­ген сөз. 299 мың адам – бұл 105 елді ме­кен мен 3 қаланың халқы. Осыған қара­мастан, министрлік түпкілікті нәти­жеге қол жеткізілді деп санайды. Бұған қоса, жекешелендіру процесінің тиімділігінің төмендігі. Мемлекеттік меншіктің 8 нысаны нарықтағы құнынан 4 есеге дерлік төмен 1 582,6 миллион тең­генің орнына 403,1 миллион теңгеге са­тылған. Квазимемлекеттік сектор субъектілері де бюджетке тәуелді. Өкінішке қарай, тиім­сіз пайдаланылған қаражатқа қа­тысты мысалдарды жалғастыра беруге бо­лады. Сондай-ақ әкімшілердің бюджетті қалыптастырудағы басты міндеті – мүм­кіндігінше бюджет қаражатын алу. Бұл сәтте олар орындау, игеру туралы тіпті ой­ланбайды да. Соның салдарынан бюд­жет қайта-қайта түзетіліп, нақтыланады. Сол себепті, бюджеттің тиімсіз атқа­ры­луы­ның негізгі себептерінің бірі деп дұрыс жоспарламау деп айтар едім. Сонымен қатар жұмыс топтарының отырыстарында Үкіметтің есебін ұсынған мемлекеттік ор­ган­дардың жауапты қызметкерлерінің дайындығы төмен екенін атап өткім ке­леді. Бюджет бағдарламаларының әкім­ші­лері мемлекет қаржысын қайда, не үшін жұмсағанын білмейді. Кездесулер кезінде қойылған сұрақтарға толық жауаптар алынған жоқ. Бюджетті атқару кезінде заңсыз­дық­тар мен кемшіліктерге жол берген мем­ле­кеттік органдар мен жергілікті ат­қарушы органдардың басшылығына қатысты жауапты тұлғаларды жауапкершілікке тарту жөнінде Үкімет шара қабылдауы қажет.
Талқылау қорытындысы бойынша депутаттар Үкіметтің есебін қанағаттанарлық деп бағалады. Сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың басшылығына бюджетті атқару кезінде қателіктерге жол берген кінәлі адамдарды жауапқа тарту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды. Енді регламентке сәйкес, Үкімет пен Жоғары аудиторлық палатаның 2022 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептері Парламент палаталарының бірлескен отырысында қаралады.