Астанадағы партиялықтар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізді

Астанадағы партиялықтар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізді

Астанадағы партиялықтар азық-түлік бағасына мониторинг жүргізді
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының қызметкерлері «SMALL» және «Magnum» супермаркеттер желісіндегі әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына мониторинг жүргізді. Өсімдік майы, ет, ұн және қант бағасына ерекше назар аударылды. Мәселен, «Magnum»-да 1 кг сиыр еті – 2400 теңге, 1 кг қант – 424 теңге, 1 литр күнбағыс майы – 840 теңге, 1 кг бірінші сұрыпты бидай ұны – 495 теңге тұрады. Кәсіпкерлердің айтуынша, тауарлар тұрақты түрде жеткізіліп отырады. Тапшылық жоқ. Мониторингтік тобының мүшелері әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасын негізсіз өсіруге жол бермеу жөнінде дүкен қызметкерлерімен түсіндіру жұмысын жүргізді. «SMALL» супермаркетінде 1 кг сиыр етінің құны – 3050 теңгені, 1 кг қант – 426 теңгені, 1 кг картоп – 199 теңгені, 1 кг қарақұмық жармасы – 404 теңгені құрайды. Сонымен қатар, партиялықтар дүкен қызметкерлеріне ұнның сөредегі қымбат баға белгілері үшін ескерту жасады.
«Баға күннен-күнге өсіп барады. Біздің міндетіміз – қымбатшылықты қолдан жасауға, тұтынушыларды алдауға жол бермеу. Мәселен, 2 килограммдық «Jaqsy» бидай ұны 800 теңгеден саудаланғанын анықтадық. Ескерту жасағаннан кейін оның бағасы 494 теңгені құрады», – деді партияның Байқоңыр аудандық филиалының атқарушы хатшысы Дәурен Ұлықпанов.
Аудандық филиалдың партиялық бақылау комиссиясының төрағасы Сергей Солодовников мониторинг тобының мүшелері бұл жұмысты апта сайын жүргізетінін атап өтті
«Біз ірі сауда орталықтарын, ірі дүкендерді және қалалық базарларды аралап, бағаға бақылау жүргіземіз. Жекелеген кәсіпкерлер, әсіресе базарларда, сөредегі тауардың шынайы баға белгілерін көрсетпейді. Кейде қараптан-қарап тауарды қымбаттата салады. Алайда мониторинг тобының мүшелері жағдайға араласып, бағаны тұрақтандыру үшін тиісті жұмыс жүргізеді», – деді ол.
«AMANAT» партиясының Партиялық бақылау департаментінде атап өткендей, сауда нысандары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесіндегі 19-ының бағасы өсуіне жол бермеуі тиіс. Олай болмаған жағдайда олар Бәсекелестікті қорғау агенттігі немесе Тұтынушыларды қорғау комитеті сияқты құзыретті мемлекеттік органдардан айыппұл арқалауы мүмкін. Еске сала кетейік, былтыр еліміздің барлық облысы мен аудандарында мониторинг және қадағалау жүргізетін 216 партиялық топ құрылды. Олар дәрі-дәрмектер мен ЖЖМ бағасын тексереді. Өңірлерде әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өзгеруі туралы ақпарат «AMANAT»-тың облыстық филиалдары жанындағы Партиялық бақылау комиссияларының отырысында қаралады.