Ғаламтордағы алаяқтардың санын азайту үшін тиісті шаралар қабылданады

Ғаламтордағы алаяқтардың санын азайту үшін тиісті шаралар қабылданады

Ғаламтордағы алаяқтардың санын азайту үшін тиісті шаралар қабылданады
ашық дереккөзі
«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында интернеттегі алаяқтыққа қарсы күрес жүргізу және дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов Кеңес мүшелеріне еліміздегі интернет-алаяқтыққа қарсы қабылданып жатқан шараларды, атқарылып жатқан жұмысты баяндады.
«Тұтынушылық онлайн несиелеу саласын реттеуді қатаңдату және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғауды күшейту бойынша бірқатар шара қабылдануда. Атап айтқанда, банктен және микроқаржы ұйымынан несие алудан азаматтардың ерікті түрде бас тартуының заңнамалық тетігін енгізу жоспарлануда. Алаяқтардың бір мезгілде бірнеше несиелендіру ұйымынан қарыз ресімдеуіне жол бермеу үшін жеке тұлғаларға берілген несие туралы мәліметті міндетті түрде несиелік бюроларға онлайн режимде беруді енгізу ұсынылады», – деді ол.
Кейінгі үш жылда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі электрондық ақпараттық ресурстарда дербес деректерді қорғау шараларын сақтау бойынша 100-ге жуық тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде, жалпы сомасы шамамен 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды.  width=
«Айыппұл көлемін арттыру керек. Себебі, операторлар үшін заңбұзушылықтың алдын алудан гөрі айыппұл төлеп құтылу оңай болып отыр. Сонымен қатар, құқықбұзушылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартудың ескіру мерзімін ұзарту қажет. Сондай-ақ, банк қосымшасына дербес деректерді қорғау, ақпараттық қауіпсіздік және қаржылық тәртіп бойынша азаматтарға арналған оқыту курсын енгізуді ұсынамыз. Дұрыс жауап берген тұлғаға Play-market-те пайдалануға болатын бонус ұсынуға болады. Бұл қадам ақпараттық мәдениетті арттыруға ықпал етеді», – деді ЦДИАӨМ Ақпараттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Руслан Әбдіқалықов.
Өз кезегінде, Кеңес төрағасының орынбасары Аманжан Жамалов интернет-алаяқтықпен күрес жүргізу кезіндегі қаржы институттарының жауапкершілігіне назар аударды.  width=
«Алаяқтық жолмен ресімделген қарыздың күшін жою жұмысы бірнеше жылға созылады. Бұған азаматтардың денсаулығы да, шыдамы да жетпейді. Тұтынушы емес, алаяқтыққа жол берген қаржы ұйымы жауапкершілікке тартылады деген түзету енгізілсе әділ болар еді. Ал бүгінде ұйым қаражаттың алаяқтық жолмен ресімделгенін біле тұрып коллекторға жүгінеді. Азамат болса, ешқандай несие ресімдемегенін дәлелдеуге мәжбүр», – деді ол.
Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева партиялықтар құзыретті мемлекеттік органдарға осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыным жолдайтынын, сондай-ақ бұл ұсынымдар Парламенттің төменгі палатасында ақпараттық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеп жатқан жұмыс тобына жіберілетінін атап өтті.  width=
«Мемлекет дербес деректерді қорғай білуі керек. Әкімшілік және техникалық қадағалау болуға тиіс. Алайда жауапкершіліктің көп бөлігі азаматтарға жүктеледі. Сондай-ақ, алаяқтық әрекеті көбінесе азаматтар дербес дерегін өздері қалдырған кезде жүзеге асып жатады. Өкінішке қарай, елімізде ақпарат гигиенасы әлі де жоғары деңгейге жете қойған жоқ. Алаяқтардың айла-шарғысы да таусылар емес. Олардың бір әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілік енгізілген сәтте іле-шала екіншісі пайда болады. Мемлекет интернет қылмыстардың санын азайту үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, алдын алу шараларын қабылдауы керек. Өз кезегінде, азаматтар да дербес дерегіне мұқият болуы тиіс», – деп түйіндеді ол.
Айта кетейік, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасы аясында дербес деректерді қорғау мен интернетке жеке ақпараттың таралып кетуіне қатысты қылмыстар үшін жазаны қатаңдату жоспарлануда. Бұған қоса, «AMANAT» партиясы интернет-алаяқтарға қарсы тұру үшін адамның бет-әлпетін танитын жаңа технологияларды әзірлеуге атсалысады. Еске салсақ, бұған дейін «AMANAT» партиясы Halyk bank-пен бірге халықтың қаржылық сауатын арттыруды көздейтін «Қарызсыз қоғам» жобасын қолға алған еді. Осы уақыт аралығында 6 мыңнан астам отандасымыз оқытылды. Жалпы, жобаның алғашқы кезеңінде бас-аяғы 80 мың адамды оқыту жоспарлануда. Курсқа жазылу үшін тұрғылықты жері бойынша «AMANAT» партиясының аудандық филиалына хабарласу қажет. Жобаға қатысушылар күндізгі форматта сауатын арттырып, бір топта 50 адамға дейін оқытылады. Оқу процесінің ұзақтығы – 5 жұмыс күні.