Жаңалықтар

Ғаламтордағы алаяқтардың санын азайту үшін тиісті шаралар қабылданады

ашық дереккөзі

Ғаламтордағы алаяқтардың санын азайту үшін тиісті шаралар қабылданады

«AMANAT» партиясы жанындағы Экономика, цифрландыру және инновацияларды дамыту мәселелері жөніндегі Республикалық кеңестің отырысында интернеттегі алаяқтыққа қарсы күрес жүргізу және дербес деректердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі талқыланды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Нұрлан Әбдірахманов Кеңес мүшелеріне еліміздегі интернет-алаяқтыққа қарсы қабылданып жатқан шараларды, атқарылып жатқан жұмысты баяндады. «Тұтынушылық онлайн несиелеу саласын реттеуді қатаңдату және қаржылық қызмет тұтынушыларының құқығын қорғауды күшейту бойынша бірқатар шара қабылдануда. Атап айтқанда, банктен және микроқаржы ұйымынан несие алудан азаматтардың ерікті түрде бас тартуының заңнамалық тетігін енгізу жоспарлануда. Алаяқтардың бір мезгілде бірнеше несиелендіру ұйымынан қарыз ресімдеуіне жол бермеу үшін жеке тұлғаларға берілген несие туралы мәліметті міндетті түрде несиелік бюроларға онлайн режимде беруді енгізу ұсынылады», – деді ол. Кейінгі үш жылда Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі электрондық ақпараттық ресурстарда дербес деректерді қорғау шараларын сақтау бойынша 100-ге жуық тексеру жүргізді. Соның нәтижесінде, жалпы сомасы шамамен 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынды. «Алаяқтық жолмен ресімделген қарыздың күшін жою жұмысы бірнеше жылға созылады. Бұған азаматтардың денсаулығы да, шыдамы да жетпейді. Тұтынушы емес, алаяқтыққа жол берген қаржы ұйымы жауапкершілікке тартылады деген түзету енгізілсе әділ болар еді. Ал бүгінде ұйым қаражаттың алаяқтық жолмен ресімделгенін біле тұрып коллекторға жүгінеді. Азамат болса, ешқандай несие ресімдемегенін дәлелдеуге мәжбүр», – деді ол. Кеңес төрағасы, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева партиялықтар құзыретті мемлекеттік органдарға осы мәселеге қатысты бірқатар ұсыным жолдайтынын, сондай-ақ бұл ұсынымдар Парламенттің төменгі палатасында ақпараттық қауіпсіздік туралы заң жобасын әзірлеп жатқан жұмыс тобына жіберілетінін атап өтті.