Жаңалықтар

Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері екі облысты аралады

ашық дереккөзі

Мобильді қоғамдық қабылдау бөлмесінің өкілдері екі облысты аралады

«AMANAT» мобильді қоғамдық қабылдау бөлмелерінің өңірлерге сапары жалғасуда. Осы аптада партиялықтар Шымкент қаласына және Павлодар облысына барды. Қабылдауға барлығы 100-ге жуық адам келді. Шымкентте аманаттықтар жол сапасына қатысты шағымданған Бозарық шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Олардың айтуынша, көктем мен күз мезгілінде жауын-шашынның салдарынан Егемен Қазақстан көшесімен жүру мүмкін емес. «Бұл көшеге 15 жылдан бері асфальт төселмеген. Жаңбыр жауған күні балалардың мектепке, балабақшаға баруы қиындайды. Өзіміз тас төсеп те амалдадық. Алайда, асфальт төселмеген соң жаяу жүргіншілер былай тұрсын, көлікпен жүрудің өзі мұң», - дейді жергілікті тұрғын Жомартбек Найзатаев. Партияның қалалық филиалының төрағасы Бахадыр Нарымбетов мәселе жақын арада шешілетінін атап өтті. «Жергілікті халықтың өтінішін тыңдап, аталмыш көшеге асфальт төсеу жұмысын бес күнде бастауды тапсырдық. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы тарапынан тиісті жұмыстар атқарылып, мердігер компания анықталған. Енді аз уақыт ішінде Егемен Қазақстанның тұрғындары үшін көптен күткен жол мәселесі оң шешімін таппақ», - деді ол. «Тұрғындардың үлкен қалаларға көшіп кетпей, өз ауылының жағдайына алаңдап отырғаны қуантады. Мұндағы мобильді қоғамдық қабылдаулардың басты міндеті – азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге жәрдемдесу, мемлекеттік органдарға жеткізу және олардың шешімін бақылау. Көптеген мәселе бюджеттен қаражат бөлуге келіп тіреледі. Сондықтан біздің осындай қабылдауларымызға мәслихат депутаттары қатысады», – деп атап өтті «AMANAT» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «AMANAT»-тың кезектен тыс ХХІІ съезінде партия жұмысын қайта жандандыруды тапсырып, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелері шағымдармен ғана емес, елді дамыту бойынша нақты идеялармен келетін азаматтар үшін тартымды орынға айналуы керек екенін айтқан болатын. Еске сала кетейік, қазақстандықтар өздерін мазалаған мәселелері бойынша «AMANAT» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесіне келесі байланыс нөмірлері арқылы хабарласа алады: Сall-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін); WhatsАpp: 8 700 800 4441; E-mail: komek@amanatpartiasy.kz. Қабылдауға жазылу қабылдау өткізілетін күнге дейінгі кемінде 3 күнтізбелік күн бұрын жүзеге асырылады. Сонымен бірге партияның Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау, сондай-ақ, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша «111 шұғыл қызметі» арнайы байланыс орталығы жұмыс істейді.