Пайдалы кеңес: нені қай кезде ішіп-жеген жөн?

Пайдалы кеңес: нені қай кезде ішіп-жеген жөн?

Пайдалы кеңес: нені қай кезде ішіп-жеген жөн?
ашық дереккөзі
Денсаулықты сақтаудың басты қағидасы – дұрыс тамақтану. Сол себепті ас ішуге жете көңіл бөлген абзал. Дұрыс тамақтану денсаулығыңызды сақтауға, ағзаңыздың қалыпты өсуі мен дамуына септігін тигізеді. Turkystan.kz қай тағамды қай уақытта ішіп-жеу туралы пайдалы кеңесін назарларыңызға ұсынады. 
СҮЗБЕ (творог)
Қай кезде жеу керек: күндіз. Тамақты қорытуға септігін тигізеді, ас қорыту үдерісін жеңілдетеді.
Қай кезде жеуге болмайды: түнде. Әсіресе суық тиюге бейім болсаңыз, өйткені ол шырыш бөлінуіне әсер етеді.
КҮРІШ
Қай кезде жеу керек: ланчта (сағат 11 кезіндегі екінші таңғы ас). Күндіз метаболизм деңгейі жоғары болатындықтан көмірсуларды қорытуға мүмкіндік көбірек.
Қай кезде жеуге болмайды: түнде. Денедегі майдың қыртыс-қатпарларына сіңіп қалады.
АЛМА
Қай кезде жеу керек: таңертең. Қабығында тамақты қорытуға септігін тигізіп, ас қорыту үдерісін жеделдететін пектин көп болады. Сондай-ақ кейбір канцерогендерді жояды.
Қай кезде жеуге болмайды: кешке және түнде. Алмадағы табиғи қышқылдар асқазандағы жағымсыз әсер тудыратын қышқыл деңгейін арттырады. Сондай-ақ пектин түнде асқазанға артық салмақ түсіреді.
ТӘТТІЛЕР
Қай кезде жеу керек: таңертең. Инсулин қантты бәрінен де таңертеңгі мезгілде жақсы ыдыратады, сонымен қатар күні бойы артық калорияны жоюға мүмкіндігіңіз болады.
Қай кезде жеуге болмайды: түнде. Майға сіңе береді және ас қорыту үдерісін ауырлататындықтан түнгі ұйқыңызды бұзуы мүмкін.
ӨРІК (абрикос)
Қай кезде жеу керек: таңда ертемен. Өрік метаболизмді күшейтіп, ас қорыту жүйесінің жұмысын «қыздырады».
Қай кезде жеуге болмайды: кешке және түнде. Өрікті тым кеш, түнге қарай жеу астың қорытылуына байланысты түйткіл туындатуы мүмкін, мәселен асқазанда газ бөлінуін күшейтіп жіберуі ықтимал.
БАНАН
Қай кезде жеу керек: түс кезінде. Тамақты қорытуға септігін тигізеді, қыжылды бәсеңдетеді. Жалпы, пайдалы әрі нәрлі.
Қай кезде жеуге болмайды: түнде. Тамағыңызда шырыш бөлінуіне әсер етіп, жөтел пайда болуына «септігін тигізеді». Сондай-ақ бананның құрамында магний көп болады – ал ол асқазаныңызға жақпайды, әсіресе қарныңызда одан басқа түк болмаса.
ІРІМШІК (сыр)
Қай кезде жеу керек: таңда ертемен. Вегетариандар үшін ол әбден-ақ еттің орнын баса алады. Ірімшікті орнымен жей білсеңіз, артық салмақтан арылуға да сеп болады.
Қай кезде жеуге болмайды: тым кеш, түнге қарай. Калориясы өте көп тамақ болғандықтан, одан «қарныңыз шығып кету» қаупі зор.
ЕТ
Қай кезде жеу керек: түс кезінде. Ет ұзақ әрі баяу қорытылады. Бірақ күшіңізді арттырады, қимыл-қозғалыс кезінде тәнге қуат беріп, табиғи күшіңізді жұмылдыруға септеседі.
Қай кезде жеуге болмайды: кешке және түнде. Етті тым кеш жеген ауыр болады, ұйқыңыздың бұзылуына әсер етеді.
СҮТ
Қай кезде ішу керек: түнге қарай. Әсіресе жылы сүт адамды жайландырып, тезірек ұйықтап кетуге септігін тигізеді.
Қай кезде ішуге болмайды: таңертең. Асқазаныңызға таңмен тым көп күш түсіретіндіктен, басқа тамақ тұтынуға ол кедергі жасауы мүмкін. Тек ауыр жұмыс істер алдында ішем демесеңіз...
АСБҰРШАҚ (горох) ПЕН АТБАС БҰРШАҚ (бобы)
Қай кезде жеу керек: кешке. Құрамында ас қорытуға көмектесетін жасұнық (клетчатка) мол. Жеңіл тамақ болғандықтан ұйқыны бұзбайды, керісінше жақсартады.
Қай кезде жеуге болмайды: таңертең. Тәбет ашады, сондықтан араныңыз ашылып кетіп, үсті-үстіне шайнаңдай беруіңіз мүмкін.
ЖАҢҒАҚ
Қай кезде жеу керек: кешке. Құрамында Омега-3 сияқты майлар мен миға жақсы әсер ететін антиоксиданттар көп.
Қай кезде жеуге болмайды: таңертең, түсте, түнде. Бұл кездерде жаңғақ жеген онша тиімді емес. Оны (жаңғақты) бұлай бекер құртудың қажеті жоқ.
Орысша басылым материалынан қазақ тіліне аударған: Батырболат Айтболатұлы