Бішкек түбінде құлаған ұшақ Қазақстанда сақтандырылған
Бішкек түбінде құлаған ұшақ Қазақстанда сақтандырылған
«Әуе ұшағы «Еуразия» сақтандыру компаниясында сақтандырылған, ол қазір сақтандыру оқиғасы туралы хабарлама алды. Сақтандырушылар мен лосс-аджастерлер зардап шеккен әрбір тарапқа қанша қаражат төлеулері тиіс екендіктерін санап жатыр. Сақтандырушылар тек ұшақтың өз құнын өтеуге кемінде 38 миллион долларды шығындауы ықтимал. Бұл тек алдын ала сома», - деп хабарлады сақтандыру компаниясынан. Сақтандыру келісімшарты бойынша, ұшақ қана емес, сонымен қатар ұшақ иелерінің азаматтық-құқықтық жауапкершілігі мен олардың үшінші тұлғаларға қатысты жауапкершілігі де сақтандырылған. «Егер аталмыш оқиға келісімшартта көрсетілген қауіп-қатерлердің бірінен орын алған болса, сақтандырылған тарап тиісті құжаттарды дер уақытында тапсырған жағдайда, «Еуразия» сақтандыру компаниясы зардап шеккен тарапқа сақтандыру төлемін қысқа уақыттың ішінде жүргізуге дайын», - деп атап өтеді компания. Еске сала кетейік, 16 қаңтарда Гонконгтан Ыстанбұлға аттанған Boeing-747 ұшағы Бішкек түбінде құлап, бірнеше үйді қиратып кеткен болатын. Апат салдарынан 39 адам қаза тапты.