Мәжілісте еліміздегі газ саласының жай-күйі талқыланды
Мәжілісте еліміздегі газ саласының жай-күйі талқыланды
Мәжілістің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің кеңейтілген тақырыптық отырыс өтті.
Жиынның басты мақсаты – отандық газ саласының жағдайын талқылау, Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың VIII шақырылымның бірінші сессиясының ашылуында берген тапсырмасын жүзеге асыру.
Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өткен жылы газ саласында реформа жүргізілгенін баяндап, жер қойнауын пайдалану саласында жақсартылған модельдік келісімшарт қабылданғанын айтты.
– Қабылданған реформалар газдың ресурстық базасын ұлғайтуға және газ саласына инвестициялар тартуға бағытталған. Нәтижесінде біз 2029 жылға қарай шамамен он миллиард текше метр газдың қосымша өсімін күтеміз, – деді министр.
Сонымен қатар А. Сәтқалиев бүгінгі таңда QazaqGaz Қашаған кен орнында қуаты жылына бір миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын салып жатқанын, сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласындағы «Қазақ газ өңдеу» зауытының базасында жаңа газ өңдеу зауытын салу туралы шешім қабылданғанын айтты. Зауыттар жоспар бойынша 2025 жылы пайдалануға беріледі.
Отырыс барысында Дүйсенбай Тұрғанов, Самат Мұсабаев, Ажар Сағындықова, Бауыржан Смағұлов, Арман Қалықов, Ерболат Сатыбалдин, Аян Зейнуллин тиісті орган басшыларына газ саласында қордаланған мәселелерге қатысты сұрақтарын қойды.