Қазақша мультфильмдер көбеймек

Қазақша мультфильмдер көбеймек

Қазақша мультфильмдер көбеймек
ашық дереккөзі

Кеше елордада мектеп жасына дейінгі бала­ларға арналған қазақ тілінде әзірленген Phenomenal kids танымдық ойын-сауық жобасының тұсаукесері өтті. Жоба аясында ертегілер, бесік жырлары және балаларды дамытуға бағытталған контенттер жарияланады. Іс-шара Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өткізіліп отыр. Phenomenal kids – бұл мектеп жасына дейінгі балаларға арналған қазақ ті­ліндегі бейнероликтер сериясы. Жобаның мақсаты – өскелең ұрпақты эти­калық, моральдық және мәдени мінез-құлыққа тәрбиелеу. Сондай-ақ ба­лаларды қазіргі қазақ мәдениеті арқылы қоршаған әлеммен таныстыру жә­не өмірінің алғашқы жылдарынан бастап қазақ тілін үйрету. Ал басты ерек­шелігі – балаларға ертегілер, бесік жыры, қысқа оқу бейнелерін жеңіл фор­матта ұсыну. Бүгінгінің баласы ақпаратты басқаша қабылдайды. Тілі шықпаған бала YouTube желісіне оңай кіріп, қалаған мультфильмін көре алады. Алайда мұн­дай видеолардың сапасы төмен, пайдасыз, көп жағдайда тіпті баланың псих­икасын бұзатын зиянды материалдар екені жасырын емес. Орыс, ағылшын тіліндегі мультфильмді көретін баланың қазақ тілін игеруі де баяулайды. Сол себепті балалар көп қарайтын әлеуметтік платформа YouTube желісіндегі ақпараттық алаңды ана тілінде қолдану шараларын жүзеге асыру маңызды. Психология ғылымы бойынша баланың дүниетанымы 1-3 жас аралығында қалыптасады және негізгі білімді осы жаста игереді. Қазақ тіліндегі контент әр алуан, сапалы, қызықты болса, баланың өз ана тіліне назары ауып, жан дүниесінде қызығушылық пайда болады. Phenomenal kids осы олқылықтың орнын толтырып, балалардың жас ерекшеліктеріне орай оларды дамытатын қысқа мультфильмдерді ұсынады. Бүлдіршіндерге қазақ тіліндегі ертегілерді қазақ актерлары оқиды. Қазақша бесік жырларын қазақ әншілері айтады. Ал мультфильмді қазақстандық суретшілер жасайды. Яғни, жаңа жоба таза қазақ тіліндегі отандық өнім. Phenomenal kids YouTube бейне хостингінде тегін көрсетіледі. Жобаны құруға актер Дәурен Серғазин, әнші Луина, тележүргізуші Динара Сатжан сынды танымал отандық әртістер мен блогерлер қатысады. Идея авторы және жобаны жасаушы – қазақстандық продюссер Азат Абыкен. А.Бимендиева